ЕСКІ ҮЙДЕГІ ЖАҢА ҚОНЫС

…Есіркеп күн шығар-шықпаста екі тележкамен кеп, үй ішін, шуылдатып, жүктерін тиеп жатты. — Қайда көшпексің, сорлы-ау? — деп әйелі жылап жүр. — Бас ауған жаққа?.. Жыламаңдар! Өшір үндеріңді! — деп ол әйелі мен балаларына айғайлап қояды. Жүк тиеліп бола бергенде Тойболды бастаған бір топ адам Есіркептің үйіне сау етіп жетіп келді. Ішінде шала мас кешегі төртеуі де бар. Қақпадан кірген бетте төртеуінің көздері шарасынан шығып, рас па, өтірік пе дегендей аңқиып-аңқиып тұрып қалды. Жылап жүрген қатын-бала мен қатулы Есіркепті көріп, Тәшкенбай бастап оларға лап қойды… — Кешір біздей дорақтарды! Кешір біздей иттерді! Қайдан білейік, ауыл тағы бір күлсін деп едік! — деп зар илегенде төртеуінің де мастығы тарқап кетті. …Сәскеде жүк түсіріліп, жайғастырылып болды. Тарақбай үлкен қисар қойын сойып, қалған үшеуі арақ шарапқа шабылды. Кешке Есіркептің үйінде үлкен той болды. Төртеуі қайта-қайта кешірім сұрады. Енді әзілдесек тілімізге қотыр шықсын десті. Көздеріне жас алды. Теріс қарап Есіркеп те орамалмен жасын сүртті. Арақ құйылды. Ат басты Тәшкенбай стаканды қолына алып: — Қоныс құтты болсын! — деді ыржиып. — Иттер, — деді Есіркеп еріксіз езу тартып.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11