мен балаларына «мені орталыққа кетті» деңдер деп тапсырып қояды да, өзі «Қобыланды батырды» оқуға кіріседі. Бөлімшенің қыруар фермалары бар МТМ-сы бар, магазин, монша, клуб, байланыс бөлімшесі, тағы басқа толып жатқан әкімшілік-шаруашылық орындары бар, жүз елуге жуық түтіні бар. Бәріне электр керек. Бөлімше болса жоғары вольтті жүйеге әлі жалғаспаған. Совхоз іріленген соң ауданның бұйрығымен бұл жерге электр тоғын беретін екі дизель орнатылды. Ауыл адамдары үшін бұл Москва метросын салумен бірдей еді. Енді оның тікелей қожасы — моторист болу әрбір механизатордың арманына айналды. Көпшілігі бөлімше меңгерушісі Тойболдыны кезек-кезек жасырып үйлеріне шақырып, ниеттерін жұқалап білдіріп жатты. Болашақ екі дизель Тойболдының да ауыл арасындағы беделін өсіріп, кісілігін арттырып кетті. Бөлімше тұрғындарының арасында «анау моторист болады екен, ол емес, анау болады екен» деген лақап қаулап тұрды. Бір күні совхоз директоры Тойболдыны шақырып ап: «Сен айтқан адамдардың бәрін білемін, кандидатуралары келмей тұр. Әзірге осы жігіттен лайығы жоқ», — деп Есіркепті ұсынды. Екі-үш күннен соң екі тележкамен Есіркептің семьясы «Ақжарға» көшіп келді. Гулеген лақап сап тыйылып үміткерлер әлдекімді айыздары қанып бір боқтады. Бұл оқиға Тойболдының дүрілдеп тұрған беделі мен кісілігін кішірейтіп кетті. Бөлімше де жаңа өмірге шұғыл бет бұрды. Керолин сасыған бағаналар кір көшелерді қаздаң қағып аралап кетті, тартылған сымдар әр үйдің бұғатынан кіріп, төрінен шықты. Бас-аяғы бір жылдың ішінде жұмыс бітіп, бөлімше кеңсесінің алдындағы алғашқы шам жарқ етті. Бұған дейін Есіркепке екі көмекші моторист, екі монтер бекітіліп берілді. Сөйтіп, бұл автоматты түрде электр станциясының бастығы боп шыға келді. Есіркеп бөлімшедегі ең беделді адамдардың біріне айналды. Тіпті, совхоз директоры келген кезде көбінесе қасына Есіркепті ертіп жүретін болды. Бұл оқиға Тойболдыға рухани соққы боп тиіп, ол келе-келе қан қысымы жоғарылайтын ауруға душар етті. Сол жылы бөлімше тұрғындары магазиндегі телевизор атаулыға қырғындай тиіп, бас-аяғы төрт-бес айдың ішінде әр үйдің төбесіне қалқиып мұнаралар өсіп шықты. Кедеймін дегенде кеңірдегі кеуіп, үйіне барғанда «қара шыбын қағып жеп» отыратын ағайынды Омбай, Домбайлар да ең алғашқылардың бірі боп түрлі-түсті телевизор алды. Сөйтіп, совхоз бөлімшесінің мәдени жұмысы ғана емес, сауда айналымы да ерекше жанданып жүре берді. Есіркеп әр үйде электросчетчиктің болуын қатал талап етіп, әр үйге абонент кітапшасын тапсырды. Дер кезінде ақшасы төленбесе, ол үйдің жарығы кесілетінін және бір айға шейін электр энергиясын пайдалану правосынан айрылатынын ескертті. Орталықта жүрген кездегі соңынан қалмайтын қаңқу сөздерден, құрдастардың қажауынан құтылып, Есіркептің көңілі өсіп, дүрілдеп-ақ келе жатыр еді. Сыр алдырмас үшін шақырған жерге сирек баратын, бара қалса көп отырмай кетіп қалатын-ды. Қырсық қылғандай МТМ меңгерушісінің кенже қызы қырман басының үлкен баласына аяқ асты күйеуге шыға қалды да, амалсыз тойға