қатысты. Жан-жағынан «Ес-ағалап» қоймаған соң, бұл екі-үш рет тартып жіберген. Арақ жарықтық көпшіліктің алдында баяғы Есіркепті танытып кетті. Осы тойда батырлық, жігіттік жайлы әңгіме өрбіп-ақ кетсін. Сол кезде Есекең: «Бала кезімде екі қасқырмен айқасып, екеуінің де терісін сыпырып алып едім» — деп қойып қалды. Естіген жұрт ауыздарын ашты. «Қалай, мылтығыңыз бар ма еді?» — десті тұс-тұстан. «Неғылған мылтық! Құр қолмен. Міне, мына екі қолымнан басқа түгім де жоқ», — деп ол отырғандарға қолын жағалай көрсетіп шықты. «Сенбеймін, — деді қызыңқырап алған, ши тоқитын қамыстай шілмиген бір жігіт. — Сіз түгіл мына отырған біздің Тәшкенбайдың өзі қолында мылтығы болса да, бір қасқырды аңыратып қуып бара жатып, алдынан екіншісі шыға келгенде аңырап кейін қашқан». Есіркеп шарт ете қалды. «Қашса қашқан шығар. Ол Тәшкенбай, мен Есіркеп», — деді ол пеш жанында отырған ат басты жігітке қарап қойып. Дау басталып кетті. Ат басты жігіт жақ бір бөлек, Есіркеп жақ бір бөлек боп төбелесерменге жетті. — Ал мықты болсаңыз шығыңыз! — деді шілмиген жігіт. — Сіз бала кезіңізде екі қасқырдың терісін сыпырыпсыз. Ал Тәшкең екі қасқырдан қашқан. Қайсыларыңыз мықты екенсіз, күресіп көріңіздер. Тәшеке, дайынсыз ба? — Дайынмын, — деді ат басты жігіт гүж етіп. Есіркепке оның даусы үрей тастап өтті. Сонда да үндемей қалуды ар санап: — Мен де дайынмын — деген сөздің аузынан қалай шығып кеткенін байқамай қалды. Күйеуінің ел алдында масқара болғалы тұрғанын көрген әйелі ебін тауып оның қасына келді де: — Жазған-ау, қойсаңшы. Деректрден ұят қой, — деп намысын оятпақ боп еді, ол өршеленіп кетті. — Неге қоям! Деректр болмақ түгілі құдай болсын, Есіркеп намыстың құлы. Шығыңдар! Күрес ат байлайтын бастырманың астында өтті. Ол жерге лампочка әлі орнатылмаған екен, шілмиген жігіт есік алдындағы «Жигулидің» фарын жақты. Кемпір-шал, келін-кепшік, бала-шаға, бөлімше активтері түгел қарап тұрды. Меңгеруші Тойболды қанша араласса да, ешкімді тоқтата алмады. Есіркепті директордың жақсы көретінін біліп, әрі көп қалмаған алдағы пенсиясын ойлап, оған батырып ештеңе дей алмай дағдарып қалды. Күрес көпке созылған жоқ, қас қағым сәтте бітті. Тіпті мұны күрес деп атаудың өзі артық еді. Өңкиіп тұрған ат басты жігітке Есіркептің кіжініп жете бергені сол еді, ана бәленің қандай әдіс қолданғаны белгісіз, аспандағы жұлдыздарды бір-ақ көрді. Ат басты жігіт онымен тоқтап қоймай, шалқалап жатқан мұның екі қолын кеудесіне әкеп құйрығымен басып отырды да, қалтасынан темекі алып тұтатты. Намысқа шыдай алмаған Кәмәсия баласын жетектеп үйіне қарай безді, меңгеруші Тойболды бір даудың боларын біліп, бәлесінен аулақ дегендей жылыстап шыға берді. Есіркептің жекпе-жекте жеңіліс табуы, жай жеңіліс емес, масқара боп жеңілуі сол сағатта-ақ бүкіл