ЕСКІ ҮЙДЕГІ ЖАҢА ҚОНЫС

бөлімшені шарлап кетті. Ол топтан шығып, үйіне қарай беттеді. Өн бойын намыс кернеп, аяғы жерге тимей ұшып келе жатқан секілді. Жұрттың «Ес-ағалап» алдан кес-кестегеніне, кешірім сұрағандарына да қарамады. Кенет ол үйіне емес, электростанцияға бұрылды. Құстай ұшып келген бойы кезекші отыратын будканың есігін жұлқи ашты. Май-май темір столға маңдайын қойып Жұмат қалғып отыр екен, ойламаған жерден бастығының кіріп келгенін көргенде орнынан атып тұрып: «Жоқ! Ұйықтаған жоқпын!» деді өршелене дауласып. — Өшір! — деді Есіркеп. — Жоқ, ұйықтаған жоқпын! Кезекте тұрып мен ешқашан ұйықтамаймын! — деді «үніңді өшір» деп тұр екен деп ойлаған ол жан дауысы шыға ақталып. — Не далбасалап тұрсың? Өшір. Моторды өшір! — Мотор-ды? — Н… неге? Қалай? — Солай. Өшір. Көрейін әтәңә нәлеттерді. Тұрған-тұрған жерлерінде қалшисын да қалсын. Ойнаған екен Есіркеппен! — Есаға… Қалай болды?.. Жұрт жалыбы жасайды ғой. — Жасай берсін! Генератор күйді де, цилиндр қатып қалды де. Общем, мотор бұзылды. Бітті! Бол тез! Бес минуттан соң дизельдің үні өшіп, ауыл үстін тастай қараңғылық басты. Жарық өшетін сәтте будканың төбесіне шығып, той өтіп жатқан үйге қарап тұрған Есіркеп, ол жақтағы топырлап жүрген жұрттың шу ете қалғанын еміс-еміс естіп, айызы қанғандай рахаттанып қалды. — Мен үйге кеттім. Сұраған адам болса көрдім-білдім демейсің. Түкке түсіне алмаған Жұмат үнсіз келісіп қала берді. — Мен бәрібір ұйықтамаймын, — деді ол үзілді-кесілді. — Өзің біл. Шағын бөлімшенің шаруашылығы қараң қалды. Аласа клубта өтіп жатқан би тоқтап, ә дегенше жазықсыз кино-механик қыруар боқтық естіді. Магазиндер мен қоймалардың көздеріне қос көрініп, дембіл-дембіл аспанға мылтық атыла бастады. Көп үйлердің терезелерінен сығырайып білтелі шамның әлсіз сәулелері көрінді. Есіркеп үйіне келді де, аузы ашылған бөтелкеден бір стакан арақты сіміріп салып, қорылдап тұрып ұйқыға басты. — Әй, балаларды шошытасың, анау үйге барып жат, — деді Кәмәсия оны оятып. — Адам деген шамасына қараса қайтеді. Елге масқара боп!.. Ана жақта моторыңның өшіп жатысы мынау. Есіркеп әйелінің сөзін естіген жоқ. Әуелгі кезде қорылдағанын аз ғана тоқтатты да, ізінше қайта жаңғырта бастады. Оның қасында жатып береке таппайтынын білген Кәмәсия балаларын көрші бөлмеге біртіндеп көтеріп әкетіп, мұның есігін мықтап жауып тастады. Таң атпай Тойболды келді. Қалай болғанда да станцияны жөндеу керектігін айтты. Одан соң зав. МТМ жетті. Клуб меңгерушісі, моншаның, магазин мен қоймалардың қарауылдары қаптады. Бәріне де: «Дизель сынып қалған. Орталықтан запчасть әкелгенше ток болмайды» деген пышақ кесті жауап қайтарылды. Есіркеп үйінің алды түстен кейін базарға айналып кетті. Бүгін кешке «Қыз Жібектің» екінші сериясы. Электр болмағандықтан, телевизор болмағандықтан бұл фильмді «Ақжар» бөлімшесінің адамдары енді ғана құнығып көріп жатқан. Бәрі жата кеп жалынды.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11