Айналды, толғанды, өзіне кеп тірелгенге дейінгі ата-тегіне, өзінен тарайтын бұдан кейінгі ұрпағына нұр жаусын айтты. Есіркеп селт етпеді. Фильмді орталықта жүргенде көріп алған. Әйтсе де, жұрттың жалына түскенін іші қалап отыр. Кешегідей емес, сәл жібиін деді. — Сенің қолыңнан келмейтін нәрсе бар ма? Цилиндр қатып қалды деген не ол? Сен сияқты шеберге маңдайдың бір терлегенінен қалмайтын жұмыс қой, — деген кешегі шілмиген жігіттің сөзі Есіркепті біршама бері қаратып кетті. Бірақ көне кетуте болмайды, күте тұру керек. — Кешегі ат басты ноқайдың сазайын бердік, — деді ол тағы да жанды жерге тиіп. — Өзі де ұяттан жерге кіре жаздап маңдайын соғып отыр. «Кешіре алатын болса кешірсін, ат-шапан айып тартуға дайынмын», — деп сәлем айтты. Өзіңнің «кешірдім» деген сөзіңді есту үшін қойын сойып, қолын қусырып, бүгін үйінде күтіп отыр. Кешке дейін бір бәле ғып светті жақ. Ұзақ үнсіздіктен соң Есіркеп басын сипап: — Цилиндр дегенді жөндеу… — деп салмағын арттырып барып көнгелі сөз бастап келе жатыр еді, топ ішінен бір шыдамсыз: — «Өзің сенсең МТМ-дағы мотористер жөндесін» деп бүлдіргі сөз айта қалсын. Есіркеп қайта тырсиды. Жалма-жан шілмиген жігіт әлгі шыдамсызға тарпа бас салды. — МТМ-да қай оңған бар еді?! Цилиндр жөндейтін бұл маңда бір жан жоқ. Отыр көкімей, — деп ары кетіп бара жатқан Есіркепті бері тартып ала қойды. — Жарайды, — деді Есіркеп күрсініп. — Халық тілеген соң аянбайын. Кешке свет болады! — Бәрекелді! Міне, жігіт, міне азамат! — Жұрт тарай бастады. — Есаға, кешке қайда келейін, станцияға ма, үйге ме? — деді шілмиген Тарақбай. — Үйден алып кетсейші, — деді Есіркеп шіреніп. Ол кезекші моторист Жұматты шақырып алды да, электростанцияға тартты. — Ешкімге ештеңе деген жоқсың ба? — деді Есіркеп жол-жөнекей. — Жоқ. Бұзылды дедім. Болды. — Әйеліңе де? — Оған айтып не жыным бар —Жарайсың. Сені осындай сырға беріктігің үшін ұнатам. Соның үшін келесі жолы бір ұйықтағаныңды кешірермін. — Мен ұйықтамаймын! — деп Жұмат еліріп шыға келді. — Болды, болды. Түбі бір ұйықтайсың ғой. Екеуі электр станциясына кеп, жұртқа көз қылу үшін жазықсыз генератор мен сап-сау мотордың айра-жайрасын шығарып шашып тастады. Кешке жақын дизельді «жөндеп бітірмек» болған Есіркеп шашып тастағандарын қайтып орындарына сала алмай әбден састы. Содан ымырт үйірілгенде барып дизельдің дауысы гүр ете түскенде, екеуінің жүректері жарыла қуанды. Есіркеп барып рубилникті қосып қалғанда, ауыл үстінде электр шамы жарқ ете түсті. Көп ұзамай Тарақбай машинамен кеп Есіркепті үйінен алып кетті Осылай боларын біліп, мотор от алған соң-ақ ол асығыс басып үйіне кеп отырған. Әйелін ертіп, маңғаз қалыппен машинаға отырды.