Маңғаз қалыппен ат басты жігіттің ауласына кірді. Жұртпен маңғаз амандасты. Маңғаз қимылмен дастарқаннан дәм ауыз тиіп отырды. «Қыз Жібек» басталғанша куырдақ желінді, арақ ішілді. Етті кинодан соң жеуді дұрыс көріп, кейінге қалдырған. Үй иесі — ат басты жігіт көрінетін емес. Соның келіп кешірім сұрауын күтіп Есіркеп есік жаққа қайта-қайта қарап отырған. Ол әлі жоқ. Шілмиген Тарақбай жиі-жиі далаға шығып, әлдекімдерге әлденені мұқият тапсырып жүр. Кино басталуға он минуттай қалған кез. Жұрттың бәрі телевизор алдынан орын алып, бір-біріне «тыныш» дей бастағанда сырттан оқыс айғай естілді. Есіркеп анық таныды— ат басты Тәшкенбайдың айғайы. «Өй нәлетілер! Төле, қойымды төлеңдер!» деген сөзден оның мас екенін, бір келеңсіз жағдай болғанын сезді. Оқиға былай болған-ды. Есіркеп кешегі ашудан соң бүгін моторды жүргізбесін білген адамдар өзара ақылдаса келіп, «Тәшкенбай қой сойып кешірім сұрап жатыр» деп Есіркепті алдап шақырған. Жабылып жүріп бір Тәшкенбайды көндірерміз деп ұйғарған-ды. Есіркеппен келісіп алып Тәшкенбайды іздегенде ол үйінде жоқ болып шықты. Ертең келетін боп Сарыағашқа «Жигулидің» запас бөлшектерін іздеп кетіп қалыпты. «Осылай да осылай. Айтып қойып едік, масқара болғалы тұр. Келгесін өзіне түсіндіреміз» деп Тарақбай Тәшкенбайдың «әйелін бері қаратады. Келмесе келмей-ақ қойса екен деп отырғанда Тәшкенбай «Қыз Жібек» басталуға он минут қалғанда жетіп келді. Өлердей қызу. Суға түсіп, шаңға аунаған ба, қызыл «Жигулиі» сатал-сатал. Үйіне келіп, күтпеген тойға тап болғанына таңданып, мән-жайды сұрағанда Тарақбай майын тамызып түсіндіреді ғой. Бірақ ат басты жігіт түсінер болмады. «Кетіңдер, тараңдар! Бәрін қырам да жоям. Қайда әлгі екі қасқыр соғатын өтірікші? Той үстінде светті өшіргеннің қалай екенін көрсетейін!» — деп қайта делебесі қозып, үлкен сұмдықтың басын шығарды. Жұрт Тәшкенбайға жабылды да кетті. «Ойбай, әке-көке, бір ашуыңды бер. Біз саған еркелеп едік. Есіркепке несіне кіжінесің, кеше үстіне шығып темекі шектің ғой, со да жетпей ме? Ертең бір қойыңды екі қой ғып қайтарамыз. Арақ-шараптың бәрін өзіміз сатып алдық. Сенікі тек аты ғана. Соқыр тиын да зиян шекпейсің. Одан да Есіркеппен барып амандаса сал. Үш минуттан соң «Қыз Жібек» басталады. Ел қатарлы сен де көр, — деп тұс-тұстан анталағанда Тәшкенбай амалсыз илікті. «Қыз Жібек» басталғанда ол үш-төрт жігіттің сүйемелдеуімен басы қалтақтап кино көріп отырды. Тек Бекежан боп жүрген Асанәлі Әшімовты көрген сайын «Өй әкең!» деп Есіркепке алара қарап қойып отырғаны болмаса, бөтен мінез танытқан жоқ. Дегенмен, бұл оқиға Есіркептің ел ішінде дүрілдеп тұрған беделіне нұқсан келтіріп, оның да өзгелердей пенде екенін, тіпті, осал жақтары мол екенін, танытып кетті. Бұл жақтан да құрдастар табылып, ашуланбақ түгілі жарылып кетсең де орталықтағыдай әзілдейтінді, әрі-беріден соң келемеж қылатынды шығарды. Оның қайсыбіріне бола станцияны тоқтата бересің!