Бірте-бірте көндікті. Жанға бататын қалжың естіген кезде үндемей отыра беретін баяғы көне мінезіне қайта көшті. Ешкім көрмеді десе де, бүгінгі жер қимылдаған кездегі қылығы ауылға түгел тарап кетіпті. Кешке үйіне қантүленіп келді де, әйеліне тарпа бас салды. — Ажырасамын! Азар болса Есіркеп әйелсіз өтер. Қазір кет, қазір кет төркініңе! — деп шеке тамырлары адырайып көзі ақиланып шыға келді! Әйелі сасқан жоқ. — Тағы не болды-өй саған? — деді жайбарақат қазанға кеспе салып жатып. — Немене, жынның қасына түнеп шықтың ба? — Өй, аяр! — деді Есіркеп. — Бәрін бүлдіріп алып түк білмегендей бола қалуын қарашы! Сен ғой жұртқа жайған. Әйтпесе… баламды ұрғанымды кім көріп тұрыпты? «Қыз жау» деп Көбікті бекер айтпаған. Қыз деген де сен сияқты қатын болады. Жаусың сен, жаусың! –Өй, сандалмашы әрі, — деді Кәмәсия екіленіп тұрған күйеуіне көңіл де аудармай. — Сен сорлыға кітап оқу да жақпайды. Былтыр «Мың бір түнді» оқып жүргеніңде «әйел деген мекер болады» деп құлағымның құрт етін жеп ең. Қолыңа кітап ұстамай-ақ қойшы, жұмысыңа тура барып, тура кеп жүрсең жетер. Дәл сенен ешкім ештеңе сұрамайды. — Сипақтатпа, сипақтатпа өйтіп! Баламды ұрғанымды, үйден қашып шыққанымды сен айтпасаң, кім айтады? — Кім айтушы еді, балаң айтқан шығар. Күні бойы далада ойнап жүр ғой. Есіркеп бұдан әрі ашулана берудің ретін таппай, ашуланбайын десе бірден райдан қайта салуды бойына ар санап, сол орнынан тапжылмаған күйі баласын бірнеше дүркін боқтап алды. Өзін мүлде жазықсыз сезініп қалмасын деп, әйелін қосақ арасында екі-үш рет боқтай салды. Күйеуінің қазіргі халін түсініп тұрған Кәмәсия үндеген жоқ. Тек Есіркеп сабасына түскен боп жуыну үшін сыртқа беттей бергенде: — Бәсе — деді мырс етіп. — Немене «бәсе?» — деп күйеуі қайыра сұрады. — Бәсе деймін-ау, — деді әйелі қасықпен көженің тұзын көріп жатып, күлімсіреп, — біздің Есекең не жолы осы бойы асқақтап қалар екен деп жүр едім, бірте-бірте келе жатсың ғой таз қалпыңа. Боқтауды ұмытып қалған шығар деп ем, бұрынғыңнан да машықтанып апсың. — Әйелі тағы күлді. — Бұрын бір-екі рет қана боқтаушы ең, байғұс, ішіңде дем жетпей тұншығып бара жатыр-ау, аузыңды ашқанда арба-арбасымен түсті ғой. Есіркептің көзі ит көрген ешкідей едірейіп, өкпесі ауа сормай қалды. Әйеліне ұзақ қарап тұрып, үйді басына көтерердей: — Ой, ә-ә-кең… — деп айғайлап тұрып боқтады. Әйелі қорықпақ түгілі айылын да жиятын емес, қайта күйеуі боқтап бітісімен ішін басып тұрып, көзінен су аққанша қарқылдап күлді. Енді Есіркеп өзі қорқайын деді. — Әй-әй, болды, болды! Балалар естіп қояды, — деді сасқанынан сыбырлай сөйлеп. Сөйтті де, далаға шығып кетті. Қазақ мойынға