«КОНФРОНТАЦИЯ»

келесі жылда да Ережеп Елеместің төрт жүз сомын қайтара алмады. Арада екі жыл өткен соң барып Ережеп ақшаны конвертке салып, бұртиып жүрген Елеместің ашуын тарқатпақ боп, оны әйелімен қосып үйіне шақырды. Конверттің сыртына: «Шымкент облысы, Бөген ауданы, Қараспан совхозы, Байжансай бөлімшесі, Нұралиев Елемес Естаевичке» деп адресі мен аты-жөнін ресми түрде толтырып, ас үстінде оның алдына қойды. Ол маналы бері көңілсіз отырған, сол көңілсіз күйі конвертті ашып, жұртты таң қалдырып, ақшаны мұқият санап шықты. Санап болды да: «Алмайм» деді. — Неге? — деді Ережеп түкке түсіне алмай. — Аз. — Неге? — Сол. Аз. — Азың қалай? Төрт жүз сомың түгел. — Ол конвертті қолына алып, ақшаны көзбе-көз санауға беріп еді, анау оны тоқтатып тастады. — Әуре болма, — деді ол дүңк етіп. — Сен менен ақша алған кезде бір тіс елу сом болатын, қазір жүз сом. Ережеп пен әйелі ауыздарын ашып, бір-біріне қарады. Сонан соң көмек сұрағандай Елеместің әйеліне бұрылып еді, «Не естіп отырсындар, сол» дегендей ол да мелшиіп қапты. — С… сонда… мен сс-саған… — Сонда сен маған сегіз жүз сом бересің. Былтырдан бері алтынның екі есе қымбаттағанын білмейсің бе? — Қымбаттаса қайтейін, мен сенен төрт жүз сом алып едім ғой. — Алған жоқсың, саған алып берді. Дедектетіп отырып деректірдің кабинетіне алып барғандарыңды әлі ұмытқан жоқпын. Сонда сен ғой мені көрсеткен, солай ма? — Қой, ойбай, сені көрсетіп нем бар? Рабочком ғой тауып келген. — Алдама, білем… Ал мына ақшаны бәрібір алмаймын. Тісті менің ақшама салдырдың ба, менің ақшама салдырдың, енді сол тіс екі есе қымбаттады ма, қымбаттады. Ендеше мен сенен неге сегіз жүз сом алмаймын? — Ал мен тіс салдырмасам қайтер едің? — Онда жайыма жүрген болар едім. Қысқасы, тамыр, ренжімесең одан әрмен, маған не сегіз жүз сом бересің, не сол ақшаға салдырған тісіңді өзіме қайтар. — Қайтарғаны қалай? — Сол, сегіз тіс қайтарасың — Мен сегіз тіс емес, алты тіс салдырғам. Міне, — деп ол аузын ашып, тісін көрсетті. — Жүз сомын дәрігерге бергенбіз. — Онда менің шаруам жоқ. Не сегіз жүз сом, не сегіз тіс. Болды. — Ол орнынан тұра бастап еді, Ережеп те шарт кетті. — Әй, сен шын айтып отырсың ба? Маналы бері қалжыңдап отырған шығар десем, есің дұрыс па өзіңнің? Сегіз тіс қайтар дегенің қай сасқаның ол? Міне ақшаң, алсаң ал, анау оны бері лақтырып жіберді. Шашылып он сомдықтардың біреуі суып қалған шайға түсті. Ережеп оны жалма-жан конвертке тықты да, бүкіл ақшаны мұқият қалтасына салып алды. — Алдыңнан өттім — міндетім өтелді. Енді

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10