Оңтүстік Қырым жағалауының ең бір көрікті қойнауына орналасқан санаторийде Жамалдың емделіп жатқанына бір айдың жүзі болды. Оның бұл санаторийге кеп емделіп жүргені бірінші рет емес, бұдан бұрын екі-үш мәрте болған. Неге екені белгісіз, осы жерге келмесе оған басқа жердің емі қонбайтындай көрінеді де тұрады, әрі араға екі-үш жыл салып келіп тұрғандықтан ба, бұл санаторийдің бүкіл дәрігерлер қауымы мен өзге де әкімшілік қызметкерлері оның ежелгі таныстарындай, кейбіреулері тіпті өз ағайындарындай жақын боп кетті. «Мен Жамал Айдаровамын ғой» дегеннен-ақ ана жақтан трубканы кім көтерсе де қалбалақтап қуанып жатқаны. Симферопольден самолеттен түскенде оны кейде бас дәрігер өзі, не көмекшісі қарсы алады. Аппақ «Волга» көкпеңбек кипаристермен көмкерілген қара жолға түсіп алып, жүргені сезілмей, санаторийге қарай бет түзейді. Бұл жолы келгенде оны бас дәрігердің өзі қарсы алып, күні бұрын әзірлеп қойған бөлмеге орналастырды. Әсте бұл әу баста емделушілер жататын палата емес, әкімшілік бөлмелерінің бірі болуы керек. Өйткені мұндағы қабырғаларда ұзақ уақыт тұрған медициналық жабдықтардың сарғыш іздері, терезе пердесін ілу үшін қағылған шегелер, кірген беттен мұрынға ұратын дәрі-дәрмектің өткір иісі, бәрі-бәрі де бұл бөлменің Жамал келердің аз-ақ алдында палатаға айналғанын айқындап тұр. Бөлме іші кең, кіре берісте киім шешетін кішірек дәлізі бар, кеңдігі жағынан адамы құрттай құжынап жатқан Қырым жағдайымен қарағанда бір кісіге молынан жететін, түрлі түсті телевизор, телефон және тоңазытқыш орнатылған «жасаулы» бөлме екен. Жамал бас дәрігердің мейірбандығы мен кішіпейілділігіне қатты риза боп, өзінің, күйеуінің атынан алғыс айтты. Бүгін күн сенбі. Санаторийде бір ғана кезекші дәрігерден басқа ешкім жоқ, оның өзі де ординаторскийге кіріп алса болды, ол жақтан сирек шығады. Емделушілердің бәрі көңілді, кейбіреулері теңіз жағалап, кейбіреулері ауладағы алаңда серуендеп, әркім көңілі қалағанша уақыт өткізіп жүр. Жамал сағатына қарады. Онға бес минут қапты. Ол тез-тез олимпикасын, кроссовкасын киіп, өзін-өзі соңғы рет бір тексеру үшін айна алдына кеп тоқтағанда, теңіз жақтан теплоходтың гуілдеген үні де естілді. Жамал помадасын асығыс-үсігіс қол сумкасына салды да, есік алдында ілулі тұрған фотоаппаратын жол-жөнекей иығына іле сап сыртқа шықты. Аспан бұлыңғыр, ауа дымқыл. Батыс жақтан есіп тұрған қоңыр желде қарағай мен көктемнің, балық пен теңіздің иісі бар. — «Челлюскиншілерге» және оның капитаны Евгений Степанович Назаровқа жалынды сәлем! — деді Жамал теплоход бортына көтеріле беріп, әзілдей күліп. Назаров оны қолымен тартып, бортқа мінгізіп алды. — Жамал Сағатовна, Челлюскиншілер сізді өз бортында көргенге өте қуанышты, — деді Назаров ірі тістерін көрсете, шын ықыласпен күлімсірей сөйлеп. — Қалай, бізді көп күтіп қалған жоқсыз ба? — О не дегеніңіз, Евгений Степанович. Мен сіздің уәдеге соншалықты айна-қатесіз дәл екеніңізге мейлінше тәнті боп келе жатырмын. Сіз тұп-тура