«КОНФРОНТАЦИЯ»

қолың жеткен кезде аласың, — деді ол түтігіп. — Мен бір еріккеннен салдырғандай. Ол кезде сөз сөйлеуім керек болатынын өз құлағыңмен естімеп пе едің? Өй, саяси сауатсыз! — Сен тісің мен саясатты шатастырма, білдің бе? — деді Елемес намыстанып. — Сен аварияны қалай жасағаныңды білесің бе? Машинаны ішіп алып айдаған болатынсың. Керек жерінде мен сол құпияңды ашып беремін. Қарашы-ей, мұның табан астынан сауатты бола қалуын. Ал қош бол! Бірақ есіңде болсын, аузыңда жалт-жұлт еткен анау алты тіс — менің тісім. Мен оны қалаған кезімде қайта алуға қақым бар. Ол әйелін қолынан жетектеп үйден шығып жүре берді. — Құнамақор! Бәлеқор! — деп кіжінді Ережеп олардың соңынан қудыра сөйлеп. — Оларға арнап асқан етті итке таста, итке! Қанша ашу қысқанмен еттің бәрібір итке тасталмайтынын сездіріп, әйелі оның қасына жайбарақат жақындады. — Әй, байғұс-ау, өтірігің шығып қалды. Авария жасаған кезде ішіп алған екенсің ғой. Бәсе, мен де сезіп ем-ау… Ал тауып бер енді сегіз жүз сомын. — Онда ісің болмасын, тауып беретін мен ғой! — деді Ережеп ескі құпияның ойда жоқта ашылғанына іштей қысылып. Бұл ерекше оқиға жұртқа тез тарап, бүкіл совхоз күлкіге батты. Олардың күлкілері көпке созылған сайын Ережеп пен Елеместің арасы ушыға түсті. Бұлардың өздері түгілі былайғы жұрт та төбелес әні-міні шығады деп күтулі жүрді. Бірақ бәрі бейбіт аяқталды. Совхоз директоры участковый милиция Сексенбаевты Елемеске екі рет жіберіп алған соң, ол төрт жүз сомын алуға келісті де, Ережеп тісін сақтап қалды. Ақшаны қарыз бергізгенде де, қарызды қайтып алғызғанда да, әкімшілік қысым көрсетілді деп Елемес Ережепті жек көрсе, не сегіз жүз сом, не сегіз тіс даулады, одан қала берді, бір кездегі аварияның құпиясын ашып қойды деп Ережеп Елеместі кінәлады. Сөйтіп екеуінің арасындағы араздық татуласудың барлық перспективаларын аттап өтіп, антогонистік қайшылыққа қарай бағыт ала берді. Өзге де ұсақ-түйек қақтығыстарды есептемегенде, өткен жолы, тағы бір ірі конфликт болды. Совхозда жиі болып жататын үйлену тойының бірі еді. Әдетте, мұндай жерлерде бедел деген аса қатты сақталып, жұрт сол субардинация бойынша жоғары-төмен жайғасады. Қазақстанды қатты қинайтын мәселелердің бірі — осы стол басына орналасу. Кім қалай отырады, кім кімнен кейін орын алады, кімнің алдына не қойылып, кімдерге көбірек көңіл бөлінеді, кімнің аты көбірек аталады — мұның бәрі ұлттық беделдің атрибуттары боп есептеледі де, сол сәттегі мәні жағынан бұл мәселе Таяу Шығыс проблемасынан кейінгі екінші күрделі мәселе боп шешімін әрең табады. Осындай жиындардың бірінде Елемес Ережептен төмен отырып қалады, демек, Ережеп автоматты түрде Елеместен бір мысқал қадірлілеу болып есептелінеді, демек, бұл одан бұрын ас жейді, одан бұрын шай ішеді,

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10