бе? — Әрине. Бірақ сен жақсы қызсың ғой, айт. — Ол ана жаққа кетті, — деп қыз қырман жақты нұсқады. — Немен? — Албамен. — Жарайсың, мә, ала ғой. Бірақ мен берді деп ешкімге айтпа, жарай ма? — Жалайды. Қырманға баратын жол ескі қорым арқылы өтетін. Ережеп оны осы маңнан тосты. Бір сағаттан соң Оқастың арбасының тықыры естілді. Түн ішінде моладан да, кездейсоқ адамдардан да қорқып келе жатқан болуы керек, оның үні шықпайды. Арба Ережептің тұсынан өте бергенде, ол шеңгел арасынан атып шығып еді. Оқастың есегі үркіп, арбасын аударып жібере жаздады. Өзі болса кеудесінен жан кеткендей сілейіп қапты. — Кім фамилияң? — деді Ережеп дауысын өзгертіп. — Секс… Секс… — Ол неғылған секс! Жөндеп айт! — Секс… Сексенбаев. — Ә-ә, Сексенбаев де. Қанша қап жем апара жатсың? — Он бір… — Онда былай болсын, жолдас Сексенбаев! — деді Ережеп оған жақындамаған бойы ресми тіл қатып. — Менің қылмысымнан сенің қылмысың жеңіл емес. Авария туралы қолыңдағы қағазды жыртқың келсе жырт, жыртқың келмесе өзің біл. Қайырлы түн, Сек-сен-баев жолдас! Ережеп ұзап кеткен соң ғана ол тілге келіп: — Қап, иттің баласы-ай! — деп жерге бір түкірді. Сол Сексенбаев, әні, түк болмағандай айттырған қыз секілді сызылып отыр. Ал анау қоймашы болса… Әй қойшы, оның қайсыбірін айта бересің. «Қарапайым адам жоқ, — депті ғой бір жазушы. — Сол рас болар». Сонымен, сексен алтыншы жылдың жетінші сентябрі де келіп жетті. Соңғы бір апта бойы Ережептің үйі лирикалық қуанышқа толы болатын. Москвада Шепкин атындағы театр училищесінің соңғы курсында оқитын әйелінің сіңлісі жолдас қызымен келіп жатқан. Екеуі де сұңғақ, екеуі де әдемі. Ауылдың беймаза шаңы басылған соң кешкі салқынмен екеуі көшеге серуендеуге шығар еді, сол кезде екеуінің оқтаудай түзу аяқтарына, кез келген киім жараса кететін мүсіндей денелері мен әдемі баяу жүрістеріне қызықпайтын адам қалмайтын-ды. Әсіресе, бойдақ жігіттердің есі кетіп, баратын жерлері ауылдың мүлде қарсы жақ беті болса да, осы жақпен айналып өтетінді шығарды. Ережептің үйі — жас жігіттер (тек қана жас жігіттер емес) төңіректеп шықпайтын, беделді, сүйкімді үйге айналды. Бұл болса жұмыстан ерте келеді, жақсылап тұрып душ қабылдайды, шашына бриолин жағып, әтір сеуіп, бір сөзбен айтқанда, «қалалық» кейіпке түседі де, екі қызды екі жағына алып, кешке клубқа барады. «Менмін» деген талай жігіт екі қызға бір метр жақын келіп сөйлесуді арман етсе, бар болғаны совхоздың ескі самосвалын айдайтын, шашының арасынан шаң кетпейтін Ережеп екі қыздың ортасында кетіп бара жатады. Ол ол ма, кейде екеуінің біреуі әлденеге қатты разы боп ықыластана күлгенде, Ережептің түкке тұрмайтын сексеуілдей кедір-бұдыр иығына басын