бір ойбайлатты да, Ережеп сыртқа атып шықты. Ешнәрсе сезбегендей Елемес ирелеңдеп тартып барады екен. Әйелінің, екі қыздың жалынғанына қарамай, ол машинасын кері бұрып алды да, «Беларусьтің» соңынан қуып кеп берді. «Жигулиге» сөз боп па, әп-сәтте оны қуып жетті. Қапталдаса беріп Ережеп тағы сигнал берді. «Беларусьтің» кабинасынан түкке түсінбегендей Елемес еңкейіп қарады да, «жай ма?» деді күлімсіреп. Ережеп оған «түс» дегендей белгі берді. Елемес те осыны күтіп келе жатқан болуы керек, жалма-жан тракторын тоқтатты да, секіріп түсіп, оның қасына жетіп кедді. Өз ойының дұрыстығын дәлелдеу үшін қара күшке жүгінетін күн туа қалса қалай ұру керектігін бірнеше жыл бойы ойында дайындап, ойында пісіріп келген Ережеп асықпай, саспай, әрі тез, әрі сабырлы түрде оң қолымен алғашқы соққысын жұмсады. Соққы Елеместің сол жақ шекесінен айна-қатесіз дәл тиді. Ол да бірнеше жыл ойша дайындалған болу керек, мұның да сол жақ құлақ шекесі ысып кетті. Оң жақ, сол жақ, оң жақ, сол жақ… Машинадан әйелдер түсіп ажыратқанша олар бір-біріне бес-алты рет қол жұмсап үлгерді. Сырттай дайындықтары жақсы өткен болуы керек, екеуінің барлық соққылары мүлтіксіз дәл тиіп, әйелдер араға түсе берген сәтте екеуі де нокдаун алып, есеңгіреп лағып кетті. — Пәлеқор, пайдакүнем! — деп күбірледі Ережеп. — Джентельмен нашелся! — деп ентікті Елемес. Жерді жарып шыққандай участковый Сексенбаев мотоциклмен жетіп келді де, іс табан астында насырға шапты. Шаң, төбелес, милиция екі қыздың намысын жасытып, әрі үрейін кетірді. Сексенбаев кеп акт жасай бастағанда, ол екеуі көздеріне жас алды. Тәкаппар да сұлу қыздардың жылағанын, шаңға малынып әбіржігенін көріп, Ережепті олардың алдында бір мұқатқанына Елемес іштей көтеріліп қалды. «Бір емес, он акт жаса, маған десең түрмеге жап, қазір жолымнан қалдырма» деді де, есін әбден жиып болған соң Ережеп үш әйелді шуылдатып машинаға отырғызып, шаңдатып тартып тұрды. — Жақсы төбелесетін боп апты, оңбаған! — деді Елемес оның соңынан қарап тұрып. — Қырғи қабақ боп жүргенше арамызды ашып алғанымыз дұрыс болды… Баяғыда-ақ өстіп бітіре салу керек еді… — Енді сен қол қой, — деді Сексенбаев тракторына мініп алған Елемеске қаламсабын ұсынып. — Неменеге? — Төбелескенім рас деп. Міне, мында. Өзіне ұсынылған қағаз бен қаламға Елемес ұзақ қарап тұрды да: — Немене, төбелес көріп, құдайың беріп қалды ма? — деді оған кекете үн қатып. — Бұл төбелес емес, біле білсең, — татулықтың басы. Сенің міндетің де акт жасау емес, тыныштықты сақтау. Ал сен болсаң… тұмсығының астында төбелес жүріп жатады, ал бұл ажыратудың орнына акт жазып тұрады. — Сонда да қол қой. — Қоймаймын. — Қоясың. — Ей, сен сөзге түсінемісің, біздікі төбелес емес