ҚАТЫСУШЫЛАР:
Құлахмет
Сафура
Сапар
Нәзікет
Смағүл
Дәрігер
Оқиға 60 жылдары өтеді.
БІРІНШІ БӨЛІМ
Сахна жасаулары қарапайым да жеңіл. Онда бас кейіпкер Құлахметтің үйінің жиһаздарына сәйкес орындық, стол, төсек, басқа да қажетті заттар ғана көрінеді. Сахнаға асықпай, жайымен ғана шығатын баяндаушы Сапар да қарапайым, ықшам киінген. Мұндай ықшамдылық кейіпкерлердің жүріп-тұруына ыңғайлы болса, екінші жағынан, олардың еркін ойнауына да әсерін тигізуі керек.
САПАР. Құлахмет ағайдың сіздер көріп отырған үйі қаланың оңтүстік жағына таман, шеткері орналасқан. Есігінің алдындағы бау-бақша жаз айларында құлпырып кетеді. Құлахметке әкеден қалған бар байлық та осы шағын ғана төрт бөлмелі үй. Ол үйленген жылы соғыс басталды. Құлахмет алғашқылардың бірі болып майданға аттанды. Арада екі жыл өткен соң ол бір қолынан айрылып, туған елге қайтып оралды. Ол өз үйінің табалдырығын аман аттағанына қуанғанмен, көп ұзамай Құлахмет ағайдың көңілін қайғы басты — ол өзінің бұрынғы жұмысына жарамады. Сонан соң бір кіші-гірім мекеменің вахтерлігіне орналасты. Адам өмірі күнделікті ұсақ тұрмыстан тұрады ғой. Сол күнделікті тұрмыс қиыншылығы үй ішіндегі кикілжіңді көбейтіп, Құлахмет пен Сафураның арасын мысқалдап алыстата берді. Көп Ұзамай Сафура қалалық жарнама бюросына орналасты да, Құлахмет ағай он екі жасар Нәзікетпен үйде қала берді. Құлахмет әйелінің күн өткен сайын өзінен алыстап, жат боп бара жатқанын сезіп жүрді. Ендігі оның бар үміті де, алданышы мен қуанышы да тек Нәзікетте ғана қалған еді.
* * *
Әсем бақ іші. Нәзікет тал тасасына жасырынып тұр. Құлахмет іздеп жүр.
ҚҰЛАХМЕТ. Қазір… Қазір мен сені тауып аламын. Қайда жүр-ей! Нәзікет, Нәзікет!
НӘЗІКЕТ. Ку-ку…
ҚҰЛАХМЕТ. Ә-ә, мұнда екенсің ғой (Дыбыс шыққан жерге келеді. Нәзікет талды айналады, ол таба алмай тағы бұрылып кетеді). Япырым-ау, пері боп кетті ме? Қайда тығылып тұр-ей? Бір бұтақтың басында қонақтап отырмаса, бұл жерде ол жасырынатын да орын жоқ қой (Нәзікет ақырын басып келіп, Құлахметтің мойнынан құшақтай кетеді). Ә, таптым ба, ақыры!
НӘЗІКЕТ. Таба алмадың, таба алмадың! Мен саған ұстатпаймын (Ол әкесінің құшағынан сытылып шығьт, жүгіре жөнеледі).
ҚҰЛАХМЕТ. Нәзікет, Нәзікет, тоқта деймін!
НӘЗІКЕТ. Тоқтамаймын! Жүйрік болсаң, қуып жет!
ҚҰЛАХМЕТ. Құлыным-ау, көп жүгіре бермесеңші, өкпең өшіп қалады ғой. Түнімен жөтеліп шыққаныңды білесің бе өзің? Аздап деміңді алсаңшы. Құлап қаласың, жүгірме (Нәзікет жығылып қалады). Әне, айттым ғой, аузымды жиғанша болған жоқ.
НӘЗІКЕТ. Ой, ой, тобығым… Тобығым ауырып барады…
ҚҰЛАХМЕТ. Құдайым-ау, жүгірме деп зар қақсадым ғой саған. Бір жерің майып болмаса болғаны. Кәне, аяғың ба?
НӘЗІКЕТ. Тобығым дедім ғой. Сен жүгіргенде дәнеңе де болмас еді. Жүгірмей тұрып алдың кеп… сонан соң мен жығылдым… Ой…
ҚҰЛАХМЕТ. Қайдан білейін, қайдан білейін, көкешім. Құлайтыныңды білсем, өлсем де жүгірер едім ғой мен.
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32