жылым екеумізге бақыт әкеле ала ма? Жоқ, ол да, мен де күлкісіз, жылусыз ғұмыр кешеміз. Екеуміз де бірдей бақытсыз болғанша, біріміз неге бақытты болмаймыз.
САПАР. Сіз, Құлахмет ағаймен ажырасып, бақытты бола алатыныңызға кәміл сенесіз бе?
САФУРА. Мен өмірден көпті талап етпеймін, өз үлесімді ғана талап етемін. Басқасының маған қажеті жоқ.
САПАР. Сонда, сіздің даулап отырған өмірдегі үлесіңіз Құлахмет ағаймен ажырасу ма? Және онымен арқан кесіскеннен кейін ұстайтын жібіңіздің «өз үлесіңізге» жеткенше үзіліп кетпей жетектей беретініне көзіңіз жете ме?
САФУРА. Жетеді.
САПАР. Дұрыс-ақ, солай болсын делік. Сіз бас қамыңызды ойлап, жасыңыз қырыққа жетпей тұрған сәтте аман-есен өзіңіз туылғаннан бері сарғайып күтіп жатқан «үлесіңізге» жеттіңіз. Сонда, Құлахмет ағайдың кісі аярлық халіне инедей де қабырғаңыз қайыспай ма? Адам баласы елу-алпыс қана жасайды екен деп әлгінде өзіңіз айттыңыз. Қазір отыз жетідесіз. Енді жиырма шақты жыл ғана уақыт қалыпты. Сол қалған санаулы жылда мына өмірдегі бір адамды қара жерге тірідей көмбеудің амалын қарастырсаңыз қайтеді? Бұл сіз үшін ақыретте де жаман болмас еді. Қате айтсам, кешіріңіз, сіздің Смағұлыңыз да өмірден «өз үлесін» талап етіп жүрген жанның бірі ғой, шамасы. Ол «Бақыт тауына» жеткенше ентігіп қалмай ма?
САФУРА. Сен өйтіп келеке етпей сөйле! Мұндай келекең үшін мен сені пәтерден бүгін-ақ шығарып жіберемін.
САПАР. Оһо, сіз мені қатты қорқыттыңыз ғой. Онда бұл әлсіздігіңіз, жеңілтектігіңіз болар еді және мен сіздерге соншалықты таңылып қалған жан емеспін ғой, басқа жерден де тауып алуыма болады. Оның үстіне, пәтерден шығарып жіберуіңізге хақыңыз жоқ. Сіз Құлахмет ағайдың үйінде билік айтудан қалғансыз.
САФУРА. Жетті, доғар! Басынған екенсіңдер, әбден. Әлі де болса, үй менікі, керек десеңдер, сабақты жіп қалдырмай бәрін алып кетемін!..
САПАР. О-о, мұныңызға сенуге болады! Олар шығып кетеді. Бұдан бұрынғы көрініс. Есік алдындағы шайла астында Құлахмет пен Смағұл сөйлесіп отыр. Смағұлдың көңілінде үлкен түйткіл бар. Құлахмет сөз арасында пауза жасаған сайын, ол әлдене айтпақ болып оқтала береді де, кейде ретін таба алмай, кейде батылы жетпей, тоқтап қала береді.
ҚҰЛАХМЕТ. Япыр-ай, сіздің осы кезге шейін үйленбей жүргеніңіз қызық екен! Мен сіздің мұныңызды қоштамаймын, Смағұл Толыбаевич! Ешқашан құптамаймын.
СМАҒҰЛ. Мен сізбен ашық түрде…
ҚҰЛАХМЕТ. Адам мен табиғат егіз. Табиғат заңынан біз алшақтамауымыз керек. Табиғаттан бөлектену, оның дегенімен жүрмеймін деу барып тұрған ақымақтық. Сондықтан тез арада үйленіп, бала сүюіңіз керек, Смағұл Толыбаевич.
СМАҒҰЛ. Сафура келіп қалмай тұрғанда мен сізбен…
ҚҰЛАХМЕТ. Әне, анау темір шатырдың үстінде өсіп тұрған қара ағашты көрдіңіз бе? Түн болған соң жақсы көрінбей тұр-ау. Жоқ, сонда қараңыз. Біздің үйдің төбесіне қараңыз. Шеткі терезенің дәл үстінде қылтиып тұр. Көрдіңіз ғой. Әй, бәрекелді! Әне, өмір деген сол! Табиғат саған мүмкіндік берді ме, тіршілік ет, өмір сүр!
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32