Анау қылтиған қара ағаш қиналса қиналып, тіршіліктен тапшылық көріп тұрған шығар, бірақ өмір сүруін тоқтатуды ойламайды. Менің тұрған жерім құнарсыз, болашағым жоқ, басқа жерге ауыстыр деп те мұң шақпайды, наразылық та білдірмейді. Шамасының келгенінше басқа түскен қиындықтармен арпалысып жапырақ жайып тұр. Ең соңғы сәтке дейін осылай көгеріп тұра бермек. Сіз де сол қылтиған қара ағаштан үйреніңіз, Смағұл Толыбаевич! Өмірден жоқты тосып елікпей, асқақтай бермей, табиғат заңына бағыныңыз.
СМАҒҰЛ (оған ұзақ қарап). Сіз… сіз бар ғой… Не әулиесіз, не… әумесерсіз…
ҚҰЛАХМЕТ. Адамға әулиелік қайдан келсін. Әумесер болсам, әумесер шығармын…
СМАҒҰЛ. Кешіріңіз, менің сізбен оңаша қалған себебім…
ҚҰЛАХМЕТ. Оһ, есіме жаңа түсті! Әлгі қылтиған ағашты бар ғой, қыс кезінде түбімен қопарып алып, анау бақтың ішіне отырғызамын. Ол маған қалай риза болады десеңші сонан соң!.. (Сафура мен Сапар кіреді). Міне, серуендеп кеткендер де оралды (Оларға қарсы жүріп). Туу, көгершіндерім-ау, тым кешіктіңдер ғой. Таң болса, атайын деп келе жатыр. Суық тиіп қалады ғой саған. Не болған өзіңе, өңің қашып кетіпті ғой. Сапар, жайшылық па, әйтеуір? Сапар үнсіз иығын қозғайды.
САФУРА. Смағұл, бол, жинал!
СМАҒҰЛ. Мен… ештеңе де айта алмадым… ретін таппадым!..
САФУРА (оған көз тоқтатып). Солай де. Айтса өзі айтсын деп, ауыртпалықты маған қалдырған екенсің ғой. Жинал, жүрейік!
ҚҰЛАХМЕТ. А? Немене? (Бәріне кезек-кезек қарап). Жүреміз? Сафура, ол не дегенің? Сен сырқаттанып тұрсың ба? Жүрейік дегенің қалай, қайда жүрмексің? Отырсаңшы, демалсаңшы сәл ғана. Мен сендерге арнап балдай тәтті қызыл алмалардан жұлып қойып едім.
САФУРА. Алманың бізге қажеті жоқ!..
ҚҰЛАХМЕТ. Сенің… Сенің денің сау емес шығар, Сафура. Үйге келген қонақты сыйласаң етті…
САФУРА. Ол қонақ емес.
ҚҰЛАХМЕТ. Мәссаған, сөзіңе болайын сенің. Сонау жер түбінен келіп отыр, ол қонақ емей мен қонақ боламын ба? Айтыңызшы, Смағұл Толыбаевич, солай емес пе?
САФУРА. Айттым ғой мен саған ол қонақ емес деп! О, сорлы, ол… ол менің болашақ күйеуім! Естідің бе, жетті ме енді! Ол менің күйеуім!.. Сафура бетін басып теріс айналады. Ұзақ үнсіздік.
ҚҰЛАХМЕТ. А-а, сен бірдеңе дедің бе? Сен, Сафура-ау, әлгінде не дедің? Иә, күйеуім деген екенсің ғой. Жөн-жөн… Смағұл Толыбаевич, кешірерсіз, қайдан білейін мен… Сізді жай қонақ екен деп… Айтпақшы, қазір жүресіздер ғой… Әрине, кететін болған соң, ертерек кеткен дұрыс… Апырым-ай, тым құрыса, бір күн қонып кетпей. Асығыссыздар ғой. Әлбетте, бұл күндегі адамның бір минут артық уақыты бар дейсің бе? Ал, жиналыңдар. Сафура-ау, сен неге тұрсың селтиіп, Сапар, Смағұл Толыбаевич! Сіздерге не болған, түге, маймыл көргендей маған қадалып қалғандарың не? Жиналыңдар ертерек. Апырым-ау десеңші, «тіл мен жағыңа сүйеніп, өзің неғып тұрсың» демейді-ау, маған ешкім. Ол тез-тез басып, үйден үлкен қара чемодан әкеледі.
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32