АЛЫСТАН КЕЛГЕН АНАНАС (Драма)

өткізген түндерді қалай ұмытасың? Сөйте тұрып. «Аялау керек», — деп шырынын сорған жемістей мені оған қайта лақтырып тастағалы отырсың.

СМАҒҰЛ. Мұның бәріне де өзің кінәлісің, Сафура.

САФУРА. Жоғал! Көрінбе көзіме, көлгірсудің маған қажеті жоқ! (Сафура орнынан тұрып, оның қасына барып көзіне тіктеп қарайды). Әйеліңді таста деп азғырған мен бе? Екі балаңды тірі жетім етіп қаңғыртып жібер деген де мен бе? Қыр соңымнан қалмай, жатсам — жастығым, тұрсам — төсенішім бол деген де мен бе? Енді саған қажетім жоқ, өйткені үш ай бойы менен керегіңді алып тындың, енді бәлеге басыңды байлай бергің келмей. «Аялау керек, қастерлеу керек», — деп шыға келдің. Жүрегің езіліп тұрған мейірімді болсаң, еңіреп қалған әйеліңе, екі балаңа неге жаның ашымады? Кет, көрінбе көзіме!

СМАҒҰЛ. Ендеше, қош бол!.. (Кетеді).

САПАР. Сафура апай, жыламаңыз, басыңызды көтеріңізші.

САФУРА. Ол да менен ақылды боп шықты. Бұл күнде жұрттың бәрі ақылды, бәрі данышпан, ақымақ боп жүрген тек мен ғана. «О, сорлы, аласұрып нең бар еді, қартайғанда жар іздеу не теңің», — деп сен де күліп тұрсың ғой. Мейлі, күле беріңдер. Мен сияқты ақымақтар болмаса, толып жүрген ақылдылар іш құса боп жарылып өлер еді. Бірақ, мен солардың бәрінен де адал, ақ бола алар едім. Қайтемін, осылай боп шықты… САПАР. Қойыңыз, үйге баралық.

САФУРА. Жоқ. Мен төркініме кетемін. Нәзікетім сағынып қалған шығар. Сен мені кешіргейсің. Бір білместік өтті, сайтан азғырған шығар. Қазір соның бәрі есіме түссе, ұяттан жерге кіріп кете жаздаймын. (Сафура чемоданын қолына алады). Бір жағдай болса, хат жазармын. Шығарып салмай-ақ қой, Құлахметке бар, ол жалғыз қалып еді ғой… Қош, қош бол…

САПАР. Осылай біз төрт бөлмеде екеуден-екеу қалдық. Мен бұрынғыша ерте кетемін, кеш келемін. Құлахмет ағай қатты өзгерді. Ол кейде ұзақты күнге бір тіл қатпай, түнеріп жатады да алады, кейде түннің қай мезгіл екенін көңіл де бөлмей, көрпесі өртенгендей орнынан ұшып тұрып, үй ішінде әрлі-берлі жүре бастайды да, тоқтаусыз сөйлей жөнеледі. Оның сырқаты қайта қозып, жиі-жиі төсек тартып жатып қала беретін болды. Мұндай кездерде ол мені қайта-қайта шақырып алып, үзік-үзік әңгімелер бастап кетеді. Ара-арасында қинала әзілдеген боп, өз көңілін өзі көтереді. Бүгін де ол мені қасына шақырып алды. Құлахмет төсекте жатыр, жанында Сапар отыр. Сапардың үстінде түнде киетін пижама.

ҚҰЛАХМЕТ (жөтеледі). Қалай, жұмысың жақсы ма?

САПАР. Рақмет. Құлахмет ағай. Жақсы ғой. Көп ұзамай маған пәтер беретін шығар.

ҚҰЛАХМЕТ (басын көтеріп). Пәтер? Оны саған неге береді? Сен не, пәтер сұрап жүрсің бе?

САПАР. М-м… Құлахмет ағай, қалай енді… Мен сіздермен өмір бойы бірге тұра бермеймін ғой…

ҚҰЛАХМЕТ. Тұра бересің!.. Неге тұра бермейсің? Әлде, біздің үй саған ұнамай ма? Бәлкім, мен сенің әбден мазаңды алып біткен шығармын, солай ма?

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32