САПАР. О не дегеніңіз, Құлахмет ағай! Ауылда менің анам бар. Ол да менің жолымды тосып күтіп отыр. Үй алсам, оны да, өзімнен кейінгі іні-қарындастарымды да көшіріп келемін.
ҚҰЛАХМЕТ. Сапар, шынымды айтсам бар ғой, мен саған бауыр басып кетіппін. Сен болмасаң, мынау үй–үй емес, бос үңгір боп қалатын секілді. Сен кетпесеңші. Анаң мен іні-қарындастарыңды осында алып кел. Бәріміз бірге тұрамыз. Атбасар жақта немере ағам тұрады. Олар жақсы адамдар. Сол ағайымның Балжан деген қызы бар. Ол өте ақылды, өте ажарлы қыз. Осыдан сауықсам, сол жаққа барып қайтам. Сені де ала барам, Балжанмен таныстырам. Сен оған үйленесің.
САПАР. Ол мені ұнатпаса қайтем?
ҚҰЛАХМЕТ. Сен сияқты жігітті ұнатпай көрсін! Саған ол салған жерден ғашық болады. Өйткені — ол ақылды. Ал, ақылды адам жақсыны топ ішінен тани біледі.
САПАР (күліп). Жарайды. Кетпеймін. Оған ғашық болуға өз тарапымнан мен де уәде беремін!.. (Сағатына қарап). Ал, жататын мезгіл боп қапты. Не дейміз. Таңға дейін сау болыңыз.
ҚҰЛАХМЕТ (өзімен-өзі сөйлескендей). Олардан хабар келмеді, ә?.. Менің Нәзікетім қандай болды екен. Ол мені сағынып жүрген шығар? (Кенет сергіп). Сапар! Сен сол жаққа барып қайтсаңшы! Менің Нәзікетімнің халін бір біліп, бетінен сүйіп келсеңші. Оған менің ауырып қалғанымды айтпа. Онда ол қатты қайғырады. Ал, мен оның қайғырғанын, атай көрме, көрмек түгілі естігім де келмейді. Білесің бе, естігім де келмейді! Сен баршы, барып келші!
САПАР. Құлахмет ағай… алдымен сіз айығып алыңыз. Сонан соң, сөз жоқ, барып қайтамын. Дәл қазір сізді жалғыз тастап кете алмаймын ғой. Сіз жақын арада аяғыңыздан тік тұрасыз, солай еткеніміз жөн шығар?
ҚҰЛАХМЕТ (өзінің артық талап койғанын, бұл ол жаққа барғанмен, оны сағынып тұрған ешкім жоғын сезетін секілді). Ә-ә… Иә… иә… Сен… сен дұрыс айтасың, Сапар. Сен алдағыны алақандағыдай көре білетін адамсың. Мен саған сенемін! Дұрыс айтасың, мен ұзақ жатпаймын. Мен жақында сауығамын. Керек десең, бүгін-ақ сауығамын. Міне, мен тұрдым ғой. Иә-иә, енді жатпаймын! Көгершіндерім мені сағынып жүргенде, мен қалай қаннен-қаперсіз сырқатты сылтауратып шалқамнан түсіп жатуым керек. Жоқ, енді жатпаймын.
САПАР (сәл шошынайын деп). Құлахмет ағай… Тез сауығу үшін азғантай жата тұрыңызшы. Түнгі ауа салқын. Кәне, сәл ғана қисайыңыз (Сапар оны жатқызады. Құлахмет ұйықтап кеткен секілді). Осы кезде ақырын ғана терезенің тықылдағаны естіледі.
ҚҰЛАХМЕТ. Сапар, терезені біреу тақылдатты ма?
САПАР. Иә. Солай секілді.
ҚҰЛАХМЕТ. Кім екен, сыртқа шықшы. Сапар ауызғы үйге шығады.
САПАР. Кім бұл? (Үн жоқ). Кім деймін келген? (Жауап орнына ақырын ғана жөтелген әйел даусы естіледі. Сапар есікті жұлқи ашады). Сәлеметсіз бе, Сафура?!
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32