(Сапар оған ұмтыла береді де, Сафураның қимылсыз тұрғанын көріп бір орнында қатып калады. Олар бір-біріне карап, осылай бірнеше секунд тұрады). Сафура апай, бұл не тұрыс, үйге кіріңіз, тоңып қаласыз ғой.
САФУРА. Құлахмет қайда? (Іштен Құлахметтің жөтелгені естіледі). Әлі айықпаған екен ғой.
САПАР. Солай…
САФУРА. Өзім де ойлап ем… Мен қайтайын, бүрсігүні жұмыста болуым керек.
САПАР. Мұныңыз қалай? Келмей жатып па?
САФУРА. Иә. Басқа амалым жоқ. Тек, оның халін біліп кеткім келді. Осы төңірекке жұмыс бабымен келіп едім.
САПАР. Сонда, сіз оны көрмей-ақ, осы ауызғы үйден қайтпақшысыз ба?
САФУРА. Көргім де келеді, қайтейін, оның жарасын ұлғайта түсемін бе деп қорқамын. Сен менің келгенім жайлы оған айта көрме.
САПАР. Жо-жоқ, мұныңызға мен көне алмаймын. Сафура! Әдейі келіп тұрып жолықпай кеткеніңіз мүлде мейірімсіздік және үйіңізге барған соң да. «Тым болмаса, өз көзіммен бір көрмедім-ау», – деген ой бәрібір маза бермейді. Әрине, көрмесеңіз тұра алмайтындай оған ғашық емес екеніңізді білемін, әйтсе де сонау жақтан арнайы келген соң онымен бір сәтке болса да, жүздесіп кеткеніңіз жақсы болар еді. Құдай үшін, бір тілдесіп кетіңіз, сағынып-сарғайып жүрген жалғыз қызының жағдайын айтып, қуантып кетіңіз.
САФУРА. Оны қуанту қолымнан келе қоймас. Өзің кетіп ең, өзің қайта келдің деп ойлап тұрған шығарсың, мейлі, еркің білсін, мен онымды өзім де мойындаймын… Бұл жаққа неге келдім, не үшін келдім, сонау жақтан осында жетектеген не мақсат, қандай қиял екені де белгісіз. Әйтеуір, бір келіп кетсем деген ой мазамды алып бітті. Осында қимас нәрсем қалған секілді. Кімді қимаймын, неге алаңдаймын — ол да белгісіз. Әлде, байғұс Құлахметке жаным аши ма? Жаным ашығанда енді қолымнан не келеді?.. Әсте, жынданып кететін шығармын…
САПАР. Қойыңыз, қайдағыны айтпаңыз, Сафура. Сіз өжет әйел едіңіз ғой, мұндай күйректік сізге жараспайды. Мен сізді ешқашан да кінәламаймын, ешқашан да! Сіз таза жансыз, адал жансыз!
САФУРА (күледі). Таза жансыз, адал жансыз! (Күледі). Қаншалықты жалған, қаншалықты кекесін! Менің жағдайымды білетін жандардың бәрі де осылай дейді, бірде-бірінің жүз жыртқысы келмейді. Олардың сөзіне сенетін болсам, егер олардың бәрі тек шындықты айтқан болса, құдайым-ау, мен періште боп кеткен шығармын, сірә! Адал жансыз!.. Ащы шындықты бетіңе басып, көзіңе тура қарап отырған адамның қалмағаны ма сонда? Барды бардай неге айтпайды, ардан да, Алладан да безген күнәкар екенімді неге көзімше жасырады? Неге. «Сен ақсың, сен пәксің», – деп мені алдаусыратасыңдар да, өздерің іштей. «Байғұс-ау, қиын болған екен, бірақ өзіңе де обал жоқ», – деп табалап қала бересіңдер. Өзім білетін шындықты өзімнен неге жасырасыңдар, неге, неге? Айтпаңдар маған ондай сөзді! Егер, шынымен адал екенмін — ешкімнің төрелігінің қажеті жоқ, ал күнәкар
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32