АЛЫСТАН КЕЛГЕН АНАНАС (Драма)

болсам, мен үшін ешкім отқа күймейді және күйгенімен пайда жоқ, қосақ арасында кетеді. Біреу үшін біреудің отқа түскенін көргенім жоқ, көремін деп үміттенбеймін де!

САПАР. Сіз өмірден тез арада қатты түңіліпсіз ғой.

САФУРА. Бұл өмірден түңілу емес, шындықты сезіну. Төрт құбыласы тең, уайым-қайғысы жоқ, аспанға қарап, аяғын айқастырып жатқан бейуайым жандар ғана өмірді сүйгіш-ақ. Қайғыру мен күрсіну — өмірден түңілгендік емес, өткенге опыну, күйіну. Өмірден түңілу деген — атымды жүргізе алмады деп, қамшыңды отқа өртеу. Одан өмірдің ештеңесі кетпейді, тұзы кеміп, гүлі солмайды. Оның үстіне өмірден түңілетіндей қылмысым жоқ, мен бар болғаны талай жылдан бері іште тұншығып, бас көтерейін десе, ар мен адамгершілікке қарайлап келген сезімімді алғаш рет ар тұтқынынан босатып, еркіндікке шығармақ болдым. Бар кінәм осы…

САПАР. Мен оны жақсы түсінемін, Сафура, айтпасаңыз да түсінемін. Құдай үшін иланыңыз, сізді табаламаймын, кінәңіздің қаншалықты ауыр-жеңіл екенін, шынымды айтайын, өзім де біле бермеймін, әйтеуір, бар білетінім, сізді қаралағым келмейді. Жалған айтты дерсіз, жалтарып айтты дерсіз, мендегі шындық осы ғана. Ал иланбаймын десеңіз, ерік өзіңізде. Бірақ, неге екенін білмеймін, біздің түпкілікті жат жандық болып кетсеңіз де, Құлахмет ағайды алдыңыздан өшіре алмайтыныңызды сезгендей болушы ем. Әулие екенмін деуден аулақпын, сіздің осылай бір келіп-кетуіңізді күтіп те жүрдім. Қойыңыз, Сафура, жасыңыз не бұл? Жүріңіз үйге кірелікші, біз көп тұрып қалдық қой, Құлахмет ағай да қайда кетті деп шыдамсызданып жатқан шығар.

САФУРА (орамалымен көзін сүртіп). Орамалым көз жасымды сүртумен-ақ, шіритін шығар, әсте… Жүр, әдейі келген соң көріп кетейін. Бірақ, келгенімді сездіруші болма. Бірер минуттан кейін қайта шығамын, егер мүмкіндігің болса, бірге шық, тағы да айтар сөздерім бар.

САПАР. Қалауыңыз білсін.

САФУРА Құлахмет жатқан бөлменің есігін ашып, ұзақ қарап тұрады. Үй іші шашылып жатыр, ыдыс-аяқтарды кір басқан. Ол қолындағы жүзігін шешіп, стол үстіне қояды, ыдыс-аяқтарды жууға кіріседі.

САПАР. Мен Құлахмет ағайдың қасына бара тұрайын. Ол кісі мені іздеп, шығып қап жүрер.

САФУРА. Жарайды. Оның да дұрыс шығар. Сапар ішкі бөлмеге өтіп, Құлахметтің қасына келеді.

ҚҰЛАХМЕТ (түрегеп отыр екен). Әлгі келген кім? Сен сонша неге кешіктің?

САПАР. Менімен бірге жұмыс істейтін әйелдер ғой. Іс жайын сөйлесуге кепті.

ҚҰЛАХМЕТ. Осындай жеті түнде ме?! Байқа, беймезгіл уақытта әйелдермен сөйлесе берме. Олар енді менен сені де тартып алғалы жүр ғой. Жо-жоқ, оған мен көне қоймаспын. Осыдан сауыққан соң Атбасар жаққа баралық, онда менің немере ағам тұрады. Оның Балжан деген қызы бар, оны ұмытпаған шығарсың.

САПАР. Жо-жоқ! Оны ұмытуға бола ма… Осы кезде ауызгы үйден Сафураның әлденені еденге түсіріп алғаны естіледі. ҚҰЛАХМЕТ. Сапар-ау, ол кім? Ас үйде біреу жүр ғой. Баршы, көріп келші. Сафура емес пе, ойда жоқта келіп қалған!

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32