САПАР. Құлахмет ағай, мен ол жақтан жаңа ғана келдім ғой. Онда ешкім де жоқ. Тек, сізге солай боп көрінген шығар.
ҚҰЛАХМЕТ. Солай көрінген шығар дейсің бе? Ап-анық естілген секілді еді-ау. Тәйірі, тағы да елес боп шыққаны ма сонда?.. Байғұс Сафура… Анау Смағұл Толыбаевич дегеніңіз… жаман адам боп шықты ғой. Ол Сафураны қорлап кетті ғой… (Кенет жұдырығын түйіп, кіжіне). Мен… мен оған көрсетемін! Мен оған көрсетемін жаны нәзік әйел баласын қорлаған қалай боларын!
САПАР. Сабыр етіңіз, сабыр етіңіз, Құлахмет ағай. Жастыққа қисайыңызшы (Жатқызады). Сізге ашулануға болмайды. Жақсылап демалыңыз. Мен де шаршадым.
ҚҰЛАХМЕТ. Иә-иә… Сен де шаршадың. Бар, демала ғой. Жарықты сөндіріп кет. Сапар жарықты сөндіріп, ас үйге шығады. Сафура ыдыс-аяқтарды жуып болып, айнаға қарап ернін бояп жатыр екен. Сапар одан көз алмай қарап тұрады. Сафураның әдемілігіне, тәккаппарлығына сүйсіну, қызығу бар.
САФУРА. Байғұс Құлахметтің халі ауыр екен-ау…
САПАР. Иә, нашар. Көп сөйлейді, көп сандырақтайды.
САФУРА. Бәрін де естідім… (Пауза). Қой, мен кетейін Ерінбесең аэропортқа дейін бірге жүр. Саған айтар сөзім көп. (Шашын жөндеп болып). Ал, жүреміз бе?
САПАР. Солай деп шешсеңіз, амал бар ма!.. Аэропорт, абыр-сабыр адамдар. Ұшып, қонып жатқан самолет дауыстары естіледі. Сапар регистрация кезегінде тұр. Беріректегі кресло маңында Сафура жүр. Ол әлденеге қатты мазасызданып бір отырып, бір тұрады. Билет пен қол жүгін регистрациядан өткізіп, оның қасына Сапар келеді.
САПАР. Міне, билетіңіз, міне, паспортыңыз. Сізбен ойда жоқта кездесуіміз осылайша күтпеген жерден үзілмекші. Шынымды айтсам, сізді ешқайда да жібергім кеп тұрған жоқ.
САФУРА. Бәлкім, ғашық боп қалған шығарсың (Күледі).
САПАР (сәл үнсіздіктен соң). Ол да ғажап емес.
САФУРА. Тоқтатшы ертегіңді! Өмірлік серік болатын қыз таптың ба, әлде жұмысқа барып-келіп текке жүрсің бе? Соны айтшы!
САПАР. Мен ол туралы әлі ойланған жоқпын. Қыздар қарамайды. Бірақ, сіздің айтпағыңыз бұл емес сияқты еді ғой.
САФУРА. Оның рас. Дегенмен, сен өзгеріпсің. «Осында қалыңыз, Құлахметті аяңыз, ол періште ғой, сізді өлердей жақсы көреді, кетпеңіз», — деп барын салып, үгіт айтар деп ойлап ем, ол жөнінде ләм демедің, соған риза боп келемін.
САПАР. Әйтсе де, қалғаныңыз жөн болар еді-ау.
САФУРА. Бірақ, бұл жолы емес.
САПАР. Сонда… сіз, әйтеуір, бір қайтып келесіз бе?
САФУРА. Өзім де анық білмеймін, әйтеуір келетін сияқтымын. Өзің айтқандай, тым болмаса, ақыретте пайдасы тиер. Кеше ғана «арғы бетке» талпыным ем, енді ақыретті ойлап келемін. Ох, жаратқан-ай, енді не болар екен!
САПАР. Сізге не болған, Сафура, жылағаныңыз не?
САФУРА. Мен… мен екі қабатпын, Сапар…
САПАР. Неғыл дейсіз?!
САФУРА. Иә, солай! Міне, талпынған, «арғы бетім». Өттім. Одан да орта жолда суға кетіп, тұншығып өлсемші…
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32