АЛЫСТАН КЕЛГЕН АНАНАС (Драма)

О, сорлы басым-ай, ақыры келіп жеңілтек әйел болып шыққаным ба? Мен Құлахметтің көзіне осы үшін шөп салып па едім, осы үшін оны тірідей көміп пе ем?! Енді жұрт не дейді! Сұмдық-ай… Некесіз туылған бала!.. Күлу үшін талпыным ем, алдымнан жылау шықты. Енді… осы бойы кеткенім ғой. Ол жара жазылмайтын мерезге айналып, жауырыным сызға тигенше маза бермес…

САПАР. Жыламаңыз, Сафура, жұрттың бәрі бізге қарап бара жатыр. Қойыңыз.

САФУРА. Қоя алмаймын, қоя алмаймын!.. Сенің… сенің алдыңда жылап қалайыншы, шерім тарқасын. Өзге жанға көз жасымды көрсетпей, кеудемде қайғы мен күйініш лапылдап жатса да, дүниедегі ең бақытты әйелдей күліп жүруім керек. Жылағанмен бәрібір көп адам түсінбейді, түсінсе табалайды… Айтпақшы… (Қол сумкасын ашып). Мына суретті ала кетші. Құлахметке берерсің. Өткен жолы алып кетіп едім. Қызын сағынып жүрген шығар.

САПАР (суретті қолына алып). Тым болмаса, осы мейірбандығыңыз үшін рақмет (Оның қолынан сүйеді). Қош болыңыз!

ДИКТОР ДАУЫСЫ. Отыз жеті де қырық сегізінші рейспен ұшатын Алматы-Астрахань самолетіне отырғызу аяқталып келеді. Қайталаймын. отыз жеті де қырық сегізінші рейспен ұшатын Алматы-Астрахань самолетіне отырғызу аяқталып келеді.

САФУРА. Ал, сау бол, жат та болса, арқа сүйер жарқыным! (Қол береді. Сапар оның қолынан сүйеді. Бұл сүйісте тек қоштасу ғана емес, өзгеше бір қимастық жатқанын сезіп, Сафура оған назар тоқтата қарайды да, қолын жайымен тартып алады). Ерекше бір жағдай болса, хат жазарсың.

ЕКІНШІ БӨЛІМ

Құлахметтің үйі. Далада боран соғып тұр. Түн. Стол шамының жарығымен Сапар чертеж сызып отыр. Құлахмет креслода ұлыған боранның үніне құлақ тігіп, қимылсыз отыр.

ҚҰЛАХМЕТ. Тыңдашы! Боран аш қасқыр сияқты ішін тартып ұлып тұр. Әне, естідің бе? Менің бала кезімде де осылай ұлушы еді. Әлі солай. Бір мысқал да өзгермеген! Адам жанына жалғыздық пен жапа себетін жадау үн. (Киімін қымтанады). Даланың бәрін жалаңдап суық жел кезіп жүр. Ал, біз сол кең даладан мына сияқты аядай ғана жерді (үйді көрсетіп) бөліп алып, сол қуысты жылытып жан сақтаймыз. Әйтпесе, өліп қаламыз. Тоңып өлеміз… Ал, екінші бір жерде қазір аптап ыстық. Ол жақта кейбіреулерге күн өтіп, ыстықтан өліп жатыр. Адам баласы қандай әлсіз боп жаралған! Әне, боран әлі ұлып тұр!.. Айтпақшы, менің бастығым көктемде Африкаға жүргелі жатыр. Ол сол жақтан ананас ала келуге уәде етті. Оған шейін менің Сафурам да келіп қалар…

САПАР (бұндай сөзге әбден үйренген). Әлбетте. Оған дейін біздің заводтың да салып жатқан тұрғын үйі бітеді. ҚҰЛАХМЕТ (сыртқа құлақ түріп). Кеше түнде де боран осылай ұлып шықты (Тағы қымтанады). Ах, қандай суық!.. Қорқынышты!.. Түнде мен түс көрдім. Сафура келген екен ғой деймін.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32