АЛЫСТАН КЕЛГЕН АНАНАС (Драма)

Қатты ауырып бара ма? Кәне?

НӘЗІКЕТ. Өй, ұстама!

ҚҰЛАХМЕТ. Шыдашы, кәне, шыдашы. Қазір мен оны байлап берейін, сонан соң таппа тыйылады (Орамалды алып жырта бастайды).

НӘЗІКЕТ. Папа.

ҚҰЛАХМЕТ. Әу, жаным.

НӘЗІКЕТ. Сынған қатты ауыра ма, шыққан қатты ауыра ма?

ҚҰЛАХМЕТ. Екеуінің де жеңілі жоқ, күнім.

НӘЗІКЕТ. Немесе, менікі екеуі де ғой деймін.

ҚҰЛАХМЕТ. Қой, қайдағыны айтпа. Кәне, енді тұрып көрші. Маған сүйеніп тұр, абайла, ім-ім, әуп, кәнеки! Нәзікет тұрады. Ақсаңдап бір-екі аттайды.

НӘЗІКЕТ. Сен байлаған соң, тобығым орнынан түсті ғой деймін. Ауырмайтын сияқты.

ҚҰЛАХМЕТ. Міне, тамаша! Келші, мына сәкіге отырып, деміңді алшы. Екеуі отырады. Жоғарыдан самолет ұшып өтеді.

НӘЗІКЕТ. Папа, сен соғыста болдың ғой, ә?

ҚҰЛАХМЕТ. Болдым, болдым.

НӘЗІКЕТ. Қызық па?

ҚҰЛАХМЕТ. Соғыс деген қызық болмайды, күнім.

НӘЗІКЕТ. Неге? Тарс-тарс, гүрс-гүрс мылтық атылып, бомба жарылып жатады. Қызық емес пе?

ҚҰЛАХМЕТ. Ал, сол бомбаның біреуі сенің папаңның дәл алдына кеп жарылса ше?

НӘЗІКЕТ. Ал, сен бұғып қаласың да, басыңды көтеріп алып «уралап» жүгіре жөнелесің.

ҚҰЛАХМЕТ. Әрине, әрине! Дәл кинодағыдай!..

НӘЗІКЕТ. Папа, сен батыр болдың ба?

ҚҰЛАХМЕТ. …Жоқ.

НӘЗІКЕТ. Неге? Қалай?

ҚҰЛАХМЕТ. Негесі қалай, жұрт қатарлы соғыстым.

НӘЗІКЕТ. Неге сен жұрт қатарлы соғыстың?

ҚҰЛАХМЕТ (сәл үнсіздік). Мұны сен кейін, өскен соң түсінесің. Ал, қазір көлге барып қайыққа мінейік.

НӘЗІКЕТ. Жоқ, қайыққа мінгім келмейді. Одан да маған қолыңа қалай оқ тигенін айтып берші.

ҚҰЛАХМЕТ. Оның саған керегі не, құлыным-ау. Сен оны естімей-ақ қойсаңшы.

НӘЗІКЕТ. Онда сен мені жақсы көрмейді екенсің. Өзге қыздар папаларының қалай соғысқанын, қанша фашисті өлтіргенін, қалай жараланғанын, бәрін де біледі. Ал, мен түк те білмеймін.

ҚҰЛАХМЕТ. Ал, жарайды, тыңдай ғой әйтпесе (Атыс, бомба үні, жарылған снаряд үні естіледі). Міне, мен қолымды сонда жоғалттым, қызым. Ал, сен қызық дейсің. Сен секілді көп балалар әкесіз қалды, көбісі қаза тапты.

НӘЗІКЕТ. Ал, сен ше?

ҚҰЛАХМЕТ. Көріп отырсың ғой, тірі қалдым.

НӘЗІКЕТ (мойнынан құшақтай алады). Папа, папатайым менің! Тірі қалғаның қандай жақсы болған! Папатайым!

ҚҰЛАХМЕТ. Мен сен үшін тірі қалдым, сен үшін!

НӘЗІКЕТ (әкесінің құшағынан босанып). Папа, айтшы, сен мамам екеуің неге сөйлеспейсіңдер? Не, ол сені ұнатпай ма?

ҚҰЛАХМЕТ. О не дегенің, ботам! Олай деуге қалай аузың барады? Біз бір-бірімізді… жақсы көреміз. Жақсы көргенде қандай!.. Сен мамаңды білесің ғой, қазір оның жұмысы ауыр, уақыты жоқ…

НӘЗІКЕТ. Екеуіміздің көңілді жүргенімізді көргенде, ол неге ашуланады?

ҚҰЛАХМЕТ. Бәлкім, екеуіміз шектен тыс қатты күлетін шығармыз. Ал, ол болса, бала кезінен айғай-шуды жақтырмайды. Өзің көріп жүрсің ғой, түнгі трамвайлардың алыстағы шуылынан құдайдың құтты күні шала ұйқы боп оянып жүр ғой.

НӘЗІКЕТ. Әне, мамам да келе жатыр. Екеуіміз енді қатты

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32