тимейді ғой, уақытың тығыз болса, жиі келмей-ақ қой», — дейді. Ал, бір қауырт жұмыс киіп кетіп, екі күн көрінбей кетіп, үшінші күні барсаң. «Келдің бе, әйтеуір. Сенен басқа жанашырым болмады-ау», — деп қамығып қалады. Бір күні келсем, ол күндегісінен де әлсіреп қапты. Аурухана төсегі. Ақ халат киген Сапар Құлахметтің қасында отыр.
ҚҰЛАХМЕТ. Сапар, сен хат жазшы.
САПАР. Қайда?
ҚҰЛАХМЕТ. Атбасарға. Өзім айтып отырамын ғой.
САПАР. Сіз әлсізсіз ғой, басқа бір кезде жазсақ қайтеді?
ҚҰЛАХМЕТ. Жоқ, қазір. Өзім жазбасам, олардың хабарласатын түрі жоқ.
САПАР. Жарайды, айтыңыз (Қағаз-қаламын дайындайды. Құлахмет біраз ойланып жатып).
ҚҰЛАХМЕТ. «Құрметті Әбсамат! Аман-есенсің бе? Бала-шағаң аман ба? Қызметің бұрынғыша ма? Әбсамат-ау, неге хат жазбай кеттің? Көріспегенімізге тоғыз жыл болыпты. Содан бері екі-үш-ақ рет хат жазысыппыз. Есіміз кіріп, азамат болғанымыз-ау бұл да болса! Балапан басымен, тұрымтай тұсымен, әркім өз бетінше жанталасып жатыр… «Ағайынды құдай алыстан сыйластырсын», — деп қазақ бекер айтпаған шығар, сол мақалды екеуміздің бұзып алмай жүргенімізге шүкір. Иә, денсаулық қалай? Баяғы терезе сындырып, мысықтың мұртын өртеп жүретін Әнәпия сырықтай жігіт боп кеткен шығар? Ол мені ұмытқан жоқ па? Соңғы кішкентайлар нешеу, олардың аттары кім — оны да білмеймін. Мен, тіпті, сенің әдірісіңді де ұмыта жаздаппын. Бәлкім, осы уақытқа дейін басқа үй алып кеткен шығарсың да, бұл хатым сенің қолыңа тимес. Жарағаным болар. Қош, амандықпен жолығайық. Өзіңді асыға күтуші бауырың — Құлахмет. 1960 жыл, 17 январь». (Пауза). Айтпақшы, Сапар-ау, ұмытып барады екенмін. Балжан… Балжан туралы сұрауды ұмытып кетіппін ғой. Соңғы жағына қоса салшы. «Жолың түсе қалса, Балжанды да ерте кел. Қандай қыз болды екен, көрейін». (Сапарға). Болды. Кешіктірмей почтаға салып жібер. С
АПАР. Жарайды. Өзім үшін кешіктірмеймін ғой. (Күліп). Қалыңдығын көруге кім асықпайды дейсің.
ҚҰЛАХМЕТ (ол да күліп). Ә-ә, солай ма? Ақырында, өзің ынтыға бастадың ба?
САПАР. Амал қанша! Сізге ұнаған адам маған да ұнауы тиіс қой.
ҚҰЛАХМЕТ. Рақмет.
САПАР. Жаңа дәрігерлермен сөйлестім. Жақында жазылып шығасыз.
ҚҰЛАХМЕТ. Ә-ә… Тәуір боп қайтемін. Кім үшін, не үшін тәуір боламын. Біреуге зияннан басқа тигізерім жоқ. Егер мен болмасам, сенің де мазаң кетпес еді, өз шаруаңды істер ең, міне, саған да кесірім тиіп жатыр. Өліп кетсем — құда да тыныш, құдағи да тыныш. Айтшы, о дүние деген бар ма осы?
САПАР. Құлеке, бұлай дей көрмеңізші, өтінемін сізден.
ҚҰЛАХМЕТ. Ә-ә… жоқ қой. О дүние дегенді жоққа шығарды емес пе? Сонымен бекер болған екен. Адам сонда өлімнен мұншалықты шошынбас еді. Сапар, айтшы, шынымен бәрінің біткені ме?
САПАР. Ненің?
ҚҰЛАХМЕТ. Бар болғаны осы-ақ па? Бір бұрауға келмейтін қандай қысқа өмір? Не тындырдым?
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32