Сапар хат жазуға отырады. Ол жаза бастаған сәтте Сафураның хатты оқып тұрғанын көреміз.
САПАРДЫҢ ДАУЬІСЫ. «Сүйікті Сафура! «Сүйікті», — деп жазғаныма ренжи көрмеңіз. Мен сізді жақсы көремін. Мен соңғы кезде тек сіз жайлы ғана ойлайтын болдым. Иә, иә, сіз сияқты адамды жақсы көрмеу де мүмкін емес қой. «Мына пәтерші есінен ауысқан шығар, амандық-саулық, ұят-аят жоқ, төбеден ұрғандай, «сізді жақсы көремін» дегені несі деп таңданып та отырған шығарсыз. Сіз әрі көрікті, әрі мейлінше ақылды жаралған жансыз. Ой, тәңірім-ай, мең сізге мүлде басқа жайлы жазбақ едім, не боп барамын осы! Адам деген неткен сабырсыз жаралған, мен өзімді-өзім мүлде ұстай алатын емеспін. Мен не жайлы жазбақ едім? Құдай атсын, мені кешіре көріңіз, Сафура! Қолыма қалам алғанда Құлахметтің жайын айтпақ болып едім, тіпті, айдалаға лағып, қайдағы бір сезімімді күйттеп кетіппін ғой. Сафура! Ақыры мен жалғыз қалдым. Құлахмет ағай ауруханада жатыр. «Ә, бәлем, ойың түсінікті болды, жақсы көрем деп отырғаның сондықтан екен ғой», — деп ойлай көрмеңіз! Ол, ол сізді қандай сүйетін еді, Сафура! Ол жер бетінде сирек кездесетін жан. Ал, мен ше? Мен де оған ғашықпын. Шіркін, құдай осындай жүректерді молырақ жаратса ғой! Сіз де оны сүйесіз бе? Әрине, сүйесіз. Оны сүймесеңіз, сіз жер бетінде сирек жаралған мейірімсіз жан болар едіңіз. Құдай үшін, сүйіңіз, сыйлаңыз оны. «Сізді жақсы көрем», — дегенімді басқаша түсініп қалмаңыз. Мен сізге өмір бойы ғашық боп өтуге дайынмын, солай боларына да көзім жетеді. Егер адамдар бір-біріне ғашық болып қана өтсе ғой!.. Мен сізге ақыл айтудан аулақпын, өйткені өзіңіз де ақылдан құр алақан емессіз. Бәлкім, өтіп кеткен көмескі тіршілікті еске алып, өмір шырқын бұзғыңыз келмес, алайда оңаша қалған кейбір сәттеріңізде сізді ғана сүйіп өтетін адам жайлы бір рет те болса, ойлаңызшы. Бұл соншалықты қиын емес қой және ой деген сіздің бақытыңызды тартып ала алмайды. Менің сізге айтарым тым көп сияқты еді, хатқа жазып сыйдыра алмаспын деп ойлап ем. Енді не айтарымды білмей, бірді айтып, бірге көшіп отырмын. Айтпақшы, өзіңіздің хал-жағдайыңыз қалай? Смағұл сол бойы хабарласпай кетті ме? Нәзікеттің дені сау ма? Ол мектепке барып жүр ме? Тез хат жазыңыз, Сафура, мүмкіндігінше тезірек. Сізден не күтетінімді өзім де білмеймін, әйтеуір, бір лебізіңізді естуге ынтықпын. Жағдайыңызды айтып хат жазыңыз. Сау болыңыз, сіздің бұрынғы пәтершіңіз». Көрініс ауысқан, ақшыл перденің ар жағындағы Сафура жазуға отырады да, бер жақтағы Сапар хатты оқиды.
САФУРАНЫҢ ДАУЫСЫ. «Өмір деген не деген қызық! Иә-иә, неткен қызық! Сен таңданып жүрген шығарсың. – Егер бұл сөзді басқа біреу айтса жарар еді, саған сиырға ер салғандай ерсі емес пе», — деп те ойлап
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32