АЛЫСТАН КЕЛГЕН АНАНАС (Драма)

секілді көзіне жас алып, егіліп жылап жіберді. Әсте, жылай білу де жаны таңғы шықтай таза әрі мейірбан адамға бітетін қасиет қой деймін. Өйткені, олар адам тіршіліктері мен қарым-қатынастарынан әу баста адалдықты, бейкүнәлықты, мейірімділікті көбірек іздейді. Соны таба қалса, баладай қуанып, жылайды, таба алмаса, тағы да баладай налиды. Адам баласының бойынан өзімшіл қасиет әсте қалмайтын шығар. Мен Құлахмет ағайды қанша жақсы көрсем де, ол кісіні өзгенің, әсіресе, сіздің зәбірлегеніңізді көргім келмей тұрса да, өзіңізді ойласам, жүрегімді жылылық жайлап алады. Білесіз бе, қазір сіз менің ойымнан шықпайсыз, тіпті, төсекке жатқанда да сіз туралы ойлау үшін жататын секілдімін, ал таңертең тағы да сізді көз алдыма елестетіп, сол елестен жаным рақат тауып, ұзақ жатам. Мен таңның атқанын жек көретін болдым. Өйткені, орнымнан тұрсам, сіз туралы тәтті ойларым күйбең тіршіліктің жолында шашылып қалатын секілді боп корінеді. Біздің жақта көктем басталды. Көзді ашып-жұмғанша қыс та өте шықты. Бір қызық жай, осыдан үш-төрт күн бұрын Құлахмет ағайға әскери комиссариаттан шақыру қағаз келген. «Сапар-ау, мыналар мені әскерге қайтадан алғалы жүр ме?» — деп ол кісі кеңкілдеп күліп алды. Таңертең ол военкоматқа кеткен, әлі келген жоқ. Біздегі жаңалық осы. Хатыңызды асыға күтем. Ендігі хатты орталық почтаға жазыңыз. Сапар». Ол хатты жазып орнынан тұрғанда, Сафура да ғайып болады. Есіктен әлденеге қуанышты Құлахмет кіреді.

ҚҰЛАХМЕТ. Сапар!.. Сапар… Мен… әлі керек екенмін ғой! Ұмытылмаппын ғой.

САПАР. Түсінсем бұйырмасын! Не болды, жөндеп айтыңызшы!

ҚҰЛАХМЕТ. Мені ұмытпапты, Сапар! Елеусіз болса да, менің өмірімнен із қапты. Міне! Көр! (Сапар оған жақындап, оның омырауындағы медальді көреді. Осы бір кішкентай қуаныштыц өзіне Құлахметтің төбесі көкке жетіп тұр. Кәдімғі жас баланың қуанышы). Жеңістің құрметіне берілген медаль. Осы медальды омырауыма қадап тұрып, әскери комиссар. «Сіздің майдандағы жан аямай төккен теріңіз бен қаныңызды ел ешқашан ұмытпайды. Еліміздің бүгінгі қуаты мен ертеңгі болашағының бұдан да көркейе беруіне Сіздің қосқан үлесіңіз зор!» — деді. Сол рас па, Сапар?

САПАР. Әрине, Құлахмет ағай! Әрине! Медалыңыз құтты болсын! (Құлахметті құшақтайды. Ол бұл оқиғаға соншалықты тебірене қоймаса да, Құлахметтің бейкүнә қуанышына амалсыз ортақтасып тұрғаны байқалады). Айттым ғой, айтып ем ғой баяғыда. «Сіздің өміріңіз босқа өткен жоқ», — деп. Ал, бұл қуанышыңызды жақсылап бір тойлайық.

ҚҰЛАХМЕТ. Мен… мен самаурын қояйын!..

САПАР. Қойсаңыз қойыңыз. Самаурынның шайын ішпегелі көп болды. Ал, мен стол жасайын. Сапар стол жасап, Құлахмет самаурын қойып, әркім өздерінше әбігерге түсіп жүр.

ҚҰЛАХМЕТ. Атбасардағы немере ағайымнан хат келген.

САПАР. Осы кезге дейін маған неге айтпай жүрсіз? Енді, сіз де менен сыр жасыруға көштіңіз бе?

ҚҰЛАХМЕТ. Жоқ-ә! (Самаурынды сыртқа шығарып, есік алдында оған су құйып жатып, сәл дауыстап).

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32