Онша қуана қоятын хабар болмаған соң айтпай-ақ қояйын деп ойлап ем. Олар биыл келе алмаймыз депті.
САПАР. Неге?
ҚҰЛАХМЕТ (ішке кіріп). Балжан… Балжан тұрмысқа шыққалы жатыр дейді…
САПАР. Ха-ха-ха! Ой, Құлахмет ағай-ай! (Тағы күледі). Сонымен, Балжан тұрмысқа шыққалы жатыр деңіз! Қош бол, қайран менің Дульсинеям! Міне, мен енді Дон Кихоттан да өткен салт бас, сабау қамшы бойдақ боп шыға келдім. Дегенмен, бар ғой… дегенмен, енді үш-төрт ай өткенде мен оған шынымен ғашық боп қалатын едім!.. Екеуі де ынта-шынталарымен күледі.
ҚҰЛАХМЕТ. Япыр-ай, күні кеше ғана қаршадай қыз еді. Біздің мына бақта төбе шашы желбіреп көбелек қуып жүргені әлі көз алдымда. «Туған ай — тураған еттей» деген осы екен-ау. Зуылдап өтіп бара жатқан күндер-ай десеңші…
САПАР. Сафураның да кеткеніне алты ай болды…
ҚҰЛАХМЕТ. Иә… Бір қарасаң, адам өмірі тым ұзақ, шыққан күн қайтып батпай, батқан күн қайтып атпай қоятын сияқты. Сол күндерің артта қалса, бәрі бір сәтте, көзді ашып-жұмғанша өте шыққандай болады. Міне, артта қалып еді, сол алты айың алты күндей болмай шықты. Ал, сол күндердің ішіне еніп, әр сәтіне үңіліп қарасаң, алпыс жылдың арпалысы сыйып тұрған секілді. Иә, Сапар! Өмір деген ғажайып нәрсе! Өмірді сүю керек! Қандай жағдайда болмасын өмірден теріс айналмау керек. Жақсылығынан жамандығы, зейнетінен бейнеті, рақатынан азабы, қуанышынан қайғысы, адамынан наданы көп екеніне қарамастан, өмір сүру деген ғажайып қызық! Тамның басына шыққан қарағаш есіңізде ме? Міне, өмірге сондай құштар болу керек. (Сапар оның бойынан тағы бір жаңалық ашқандай Құлахметке таңдана карайды). Өмір сүру деген не? Ол таңертең тұрып, кешке төсекке уақтылы жату ма? Үш мезгіл тамағыңды мезгілінде ішіп, ертең тағы демалысқа бару ма? Жоқ! Ол өмір емес. Өмір деген — әлгі қарағаш секілді тіршілік етуге тырысу, күресу. Адамдардың бойындағы айрықша қасиет — түсіну мен кешіру. Бұл екеуі болмаған жерде адам болудан қалады!..
САПАР. Сіз ерекше адамсыз, Құлахмет ағай. Сіз бәрімізден биіксіз. Иә-иә! Биіксіз!
ҚҰЛАХМЕТ. Самаурын қайнап қалды ғой деймін.
САПАР (сәл абдырап). Иә, иә… Қайнайтын кезі болды. Тіпті, өшіп те кетті. Сіз шәйнекке шәй сала беріңіз, мен самаурынды ала келейін (Шыға береді).
ҚҰЛАХМЕТ (оның соңынан). Егер жер бетінде мені түсініп, мені сыйлайтын екі адам болса, сен соның бірісің, егер жалғыз болса, сол жалғыз тағы сенсің. Дүниеде маған жақсылық тілейтін, мені бәле-жаладан қорғайтын да жалғыз сен!
САПАР (көңілді үнмен). Рақмет сеніміңізге! (Самаурынды кіргізіп, шәйнекке кайнаған су құйып жатып). Шәй іше білмейтін халықты мен толық бақытты халық деп есептей алмаймын. Қараңызшы, гүжілдеген самаурын, сексеуіл шоғының иісі мен қызуы, шәйдің жанға жағымды қош иісі! Самаурын үйдің сәні мен берекесі ғой!
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32