АЛЫСТАН КЕЛГЕН АНАНАС (Драма)

Осы рақаттың бәрінен бейхабар болу деген Алланың жазасымен бірдей-ау! Солай ма, Құлахмет ағай?

ҚҰЛАХМЕТ. Иә. Тура айтасың! Менің әжем шәйға қалампыр қосып ішуші еді. Қалампырсыз шәйді көз алдына елестете де алмайтын. Ол кісі мына өмірге қалампыр қосып шәй ішу үшін ғана келген сияқты, азаннан қара кешке дейін қалампыр шәйдің қамымен жүруші еді. Оның шәйден басқа тамақ ішіп отырғаны есімде қалмапты. Жарықтық, қызық жан еді. Сиыр мен ақ қойдың етін аузына алмайтын. Сиыр қазақтың малы емес деп отыратын еді. Өзінің бүкіл болмысымен, талғамымен ол кісі де мына дүниеден өтті де кетті. Енді жер бетіне дәл ондай адам қайтып келмейді.

САПАР. Неге? Келуі де мүмкін!..

ҚҰЛАХМЕТ. Қалай?

САПАР (күліп). Жақында мен бір американ ғалымының ғылыми кітабын оқыдым. Оның топшылауынша, мына біздер, яғни жер бетінде өмір сүріп жатқан бүгінгі адамзат — бесінші адамзат екенбіз. Біз сияқты адамдар жер бетінде төрт рет өмір сүріп кеткен, ал біз, яғни сіз екеуміз — бесінші рет тіршілік етіп отырмыз. Және сол адамдар өмірге қанша рет келсе, сонша рет олардың өмірбаяны мен тіршілік қаракеті мүлтіксіз қайталанып отырады. Бүкіл дәуір, қоғамдық құрылыс, өмір сүріп жатқан орта, әке-шеше, жолдас-жора ақыл мен білім дәрежесі, тіпті, күнделікті тіршіліктегі ең байқаусыз ұзақ көріністер мен сол сәттегі адамның көңіл күйі де нақпа-нақ қайталанады. Айталық, өмірге келесі жолы қайта келгенде мына мен, Назаров Сапар тағы да 1936 жылы туыламын, әкем соғыста қаза боп, шешем менің пәтер алуымды күтіп, іні-қарындастарыммен бірге ауылда тұрып жатады. Мен осы күнгі заводта жұмыс істеп, пәтер алғанша сіздермен бірге тұрам. Сіз маған тағы да, яғни, алтыншы рет Балжан туралы әңгіме айтасыз. Бірақ, дәл биылғыдай мен енді ғана ғашық бола бастағанда, оның әкесінен хат алып, Балжанның күйеуге шыққалы жатқаны жөнінде хабар аламыз. (Күліп). Міне, көрдіңіз бе?

ҚҰЛАХМЕТ (ішек-сілесі қата күліп). Со-солай де, со-солай де!.. Ой, ішегім-ай! Сонда… Балжан… Балжан тағы күйеуге шығып кетеді де… Ал, сен тағы да сергелдең сері боп қаласың!..

САПАР. Иә-иә! Бірақ, біз оның алтыншы рет басымыздан өтіп жатқанын білмей кәдімгідей қиналамыз… Құлахмет бірнеше секунд бойы күліп тұрады да, кенет күлкісін кілт тыйып, сол орнында тұрып қалады. Сонан соң Сапарға жайлап бұрылады.

ҚҰЛАХМЕТ. Жо-жоқ! Мүмкін емес! Сонда… Сонда… менің өмірім айна қатесіз тағы қайталана ма? Менің Сафурам мен Нәзікетім тағы да алысқа кетіп, мен тағы да сағыныш пен қайғыға батам ба? Жоқ! Жоқ! Жалған! Жалған! (Сапарға жақындайды, ол үрейленіп, кейін шегінеді). Жалған деймін бәрі де! Оттапты сенің американдық ғалымың, білдің бе ?! Оның айтқандарының бәрі далбаса!

САПАР. Оны кейбір ғалымдар қостайды. ҚҰЛАХМЕТ. Олар қателеспейді деп кім айтты саған! 

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32