Өтірік, өтірік! Көртышқандай жер астында кітап кеміріп жатады да, ойына келгенді соға салуға ұста олардың бәрі де! Алты рет!.. Алты рет!.. Сонда… сонда мен мына өмірге алты рет бақытсыз болу үшін келемін бе? Солай ма олардың далбасалауынша!? Сонда, олардың өздері тағы осылай деп тұжырым жасамақ па? Сонда бүгінгі патша — патша, бүгінгі қайыршы тағы қайыршы бола ма? Жо-жоқ! Мен оған көнбеймін! (Өзін-өзі ұстай алмай). Естіп тұрсың ба, мен оған көнбеймін деймін! Өмір бойы патша болатындай олар Алла мен адам алдында не тындырыпты, қандай қасиетімен жаратушыға жағыпты, өмір бойы беймазалықта өтетіндей қайыршы не жазыпты? Не? Жоқ! Көнбеймін! Ол ғалымдарыңның айтқаны далбаса! Есуастық! Білдің бе, есуастық!
САПАР (дірілдеп). Құлахмет ағай… ол жай… Балжан ғана… Өмір осылай бітпейді, қандай болғанмен, оның жалғасы бар дегенді айту үшін жасалған болжам…
ҚҰЛАХМЕТ. Бәрібір, бәрібір далбаса! Далбаса! Жалған! Ол барып креслоға отырады.
***
Сапар хат оқып тұр. Перде артында Сафура бұдан бұрынғы көріністегідей хат жазып отыр.
САФУРАНЫҢ ДАУЫСЫ. «Мен бұл жерден кетемін», – деп, қанша талпынсам да кете алмадым. «Басқа жаққа кетемін», — деп талпынып едім, оным да білместік екеніне енді көзім жетті. Рас-ау, чемоданымды арқалап, қызымды жетектеп қайда қаңғырмақпын, қай жерді мекендемекпін? Барған жеріме кіммін деймін, неге келдім деймін? Танымайтын ортаға барып күлкі болғанша, күлкі болып үйреніп қалған жерде жүре бермеймін бе? Осы аз ғана уақыттың ішінде мен қаншалықты өзгердім, қаншалықты қажыдым десеңізші! Дәл осылай созыла берсе, енді бір жылға жетер-жетпес уақыттың ішінде жынданып та кететін шығармын, сірә. Нәзікетім сырқаттанып қалып еді, әйтеуір бері қарады. Өз қара басыммен қайғы боп, байғұс қызды сүйрелеп жүріп ауруға шалдықтырып, өлтіріп алар ма екенмін деп қатты қорықтым. Сапар! Мен… Ой, құдай-ай, әйелге тән ұяңдықтан да жұрдай боп біттім-ау, қайтейін, басқа амалым бар ма? Мен… мен көп ұзамай босанамын. Қазір ештеңе емес-ау, ер жеткен соң не демекпін оған! Оның да сүйегіне таңба боп басылатын болды ғой. Енді өкінгеннен не пайда, тірі болсын, келсін өмірге. Көретін жарық дүниесі бар шығар. Әкесінің иттігін, шешесінің ақымақтығын сезінсін. Өзі талпынып келе жатқан өмірде осындай әділетсіздіктің бар екенін іштен біліп тусын. Ол мұндайды қайталамас. Мен оны сол үшін туамын, сол үшін өсіремін. Мен қазір өлім мен өмір жайлы көп ойлайтын болдым. Дүниеге келген екенсің, оның қызығына кенеліп, өмірден ләззат ала білу керек, бірақ сенің бақытың өзге біреудің бақытсыздығы, соры боп келетін болса, оның несі әділет? Бізге, адамға тән парасат, ар-ұждан, ұят, мейірім, түйсік қайда? Бұларды аттап өтетін болсаң, неменесіне адамбыз деп мақтанамыз. Құлахметтің соңғы жағдайы мені қатты есеңгіретіп кетті. Мен күнәға батуын баттым, енді ақтала алмаймын… Бірақ… айтуға аузым бармайды…
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32