АЛЫСТАН КЕЛГЕН АНАНАС (Драма)

Сен мені қарабет демеші, жер бетінде мені түсінетін жалғыз сен ғанасың ғой, ардан безген дей көрмеші. Мен… оның алдында кешірім сұрап, аяғына жығылуға әзірмін. Иә-иә, тап солай! «Қылмысыңды қайтесің?» — дейсің бе? Қылмысымды… әрине, білемін. Бірақ, кешірім сұрамаған күнде де бәрібір қылмыстымын ғой. Алыста болайын, тіпті, о дүниеде-ақ болайын, менің күнәм одан жеңілдемейді ғой. Қылмыс жасауға итермелеген құдай мені қылмыс жасағаным үшін кінәлай қоймас. Әдетіме басып, тағы да жайыла сөйлеп кеттім, кешір мені, Сапар. Құлахметке бәрін де айтарсың. Құдай-ай, менің екі қабат екенімді естігенде ол қандай халде болар екен! Сенен хат келгенше… есімнен ауысып та кететін шығармын, сірә. Ал, сау бол… Тез хат жаз. Бәлкім, барып та қалармын. Баяғы жылауық Сафура ғой». Сафураньщ бейнесі ғайып болады.

САПАР (өзіне-өзі). «Бәлкім, барып та қалармын!» Япыр-ау, сонда… ол… қайтып келмек пе? Шынымен бе? (Хатқа қарап қояды). «Бәлкім, барып та қалармын». (Даусын көтергенін өзі де аңғармай). Иә, барып та қалармын деп анық жазыпты. Сафура келмекші! (Қуанғаннан ары-бері тез-тез жүріп). Сафура келе жатыр, Сафура! Сүйінші Сафура!.. (Ол кенет өз аузын өзі басып, жан-жағына қарайды). Құлахмет ағай! Құлахмет ағай! (Ол әр есікті бір ашады). Құлахмет ағай! Құс боп ұшып кетті ме, жаңа ғана мына креслода отыр еді ғой. (Бөлмелерді тағы қарайды). А-у-у! Құлахмет ағай! Сүйінші! Сафура келгелі жатыр! (Жауап жоқ. Ол түкке түсіне алмай аң-тан боп тұрғанда, сырттан ентелей басып Құлахмет еніп келе жатады. Екі қолы артында). Мәссаған, түріңізге болайын! Өрт сөндіріп келе жатырсыз ба, қайда жүрсіз?

ҚҰЛАХМЕТ. Менің қолымда не бар?

САПАР. Сізге не болған? Қайда бардыңыз? Қайдан келесіз?

ҚҰЛАХМЕТ. Менің қолымда не бар деймін?

САПАР. Оны қайдан білейін?

ҚҰЛАХМЕТ. Солай! Сен оны ешқашан таба алмайсың. Білдің бе, ешқашан! Міне! (Ол қолындағы жемісті көрсетеді).

САПАР. Ол не?

ҚҰЛАХМЕТ. Ананас! Менің Сафурам жақсы керетін ананас! Біздің бастығымыз осыдан он бес күн бұрын Алжирге кетіп еді, кеше келіпті. Мың болғыр, уәдесін ұмытпағаны былай тұрсын, жаңа шоферінен беріп жіберіпті. (Ананасты орап жатып). Мен мұны сақтап қоямын. Менің Сафурам мен Нәзікетім келгенше бұзылмайтындай етіп сақтап қоямын. (Ерекше үнмен). Өйткені, өйткені, мен мұны жай орап жатқаным жоқ қой, мен оны сағынышқа орап жатырмын. Ал, сағыныш біреуге арнаған сыбағаны ешқашан шірітпейді. Бір алманы үш жыл бойы сақтаған ананың сағынышы туралы баяғы әңгімең есіңде ме?

САПАР. Есімде, әрине!

ҚҰЛАХМЕТ. Міне, міне, тап солай! Мұның да мұрты бұзылмай сақталады. Өйткені, мұнда менің екі бірдей адамға деген сағынышым бар!

САПАР. Ал, енді сіз табыңызшы! Менің қолымдағы не?

ҚҰЛАХМЕТ (оның сөзін естімейді). Өйткені, мұнда менің екі бірдей адамға деген сағынышым бар. 

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32