сөйлемейік. Сыртқы қақпадан Сафураның кіріп келе жатқаны көрінеді. Оны көргенде Құлахмет әлденеден қорыққандай абдырап, сасқалақтап орнынан тұрады. Бірақ, Сафураның бүгін ерекше көңілді екенін көріп, жүзіне қан жүгіреді.
САФУРА. О-о, екеуің бүгін ерекше көңілдісіңдер ғой. Нәзікет, сен неге состиып тұрсың? Мамаңның мойнына неге асылмайсың?
НӘЗІКЕТ. Сен ұрысады екен деп…
САФУРА. Тентегім менің! Мен неге ұрысуға тиіспін! Кәне, кел, келе ғой мамаңа! (Нәзікет жүгіріп барып, оның мойнынан құшақтайды). Менің бір жақсы танысым Конгоға барып келген еді, сол маған арнап ананас әкепті. Ананас — менің бала кезімнен аңсаған жемісім еді ғой. Ақыры, ол да қолыма тиді. Құлахмет, электр самаурынға емес, кернейлі ескі самаурынға шай қойып, Конго ананасымен үнді шайын ішейікші. Мен бүгін кезекті демалысымды алдым. Соны жуайық. Николай заманының самаурыны, Қытай шайнегі, Конго ананасы, үнді шайы. Ішейік, қазақтар! Қандай тамаша контраст! Құлахмет, сен неге мені жаңа көргендей сілейіп тұрып қалғансың? Немене, менің сөздерім саған ұнамай ма? Әлде сен ананасты жек көресің бе?
ҚҰЛАХМЕТ (қуаныштан толқып). Мен бе? Мен… мен оны неге жек көрейін! Сен жақсы көрген нәрсені менің жек көруге қалай дәтім бармақ? Қалай? Мен бойымды билеген ерекше қуаныштан жарылып кетер ме екенмін деп қорқып тұрмын. Мен қазір… Қазір… Ескі самаурынды тауып алып, жақсылап тұрып тазалайын. Осындай бақытты күні, көңіл күйіміздің қақтаған күмістей таза сәтінде жарқыраған самаурынмен шай ішпесе, болмайды ғой. Қазір, қазір!.. (Ол абдырап шығып кетеді).
САФУРА (өзіне-өзі). Ананас… Бала кезден аңсаған жемісім! (Мырс етіп күледі). Бала кезден…
НӘЗІКЕТ. Мама, сен оны бала кезден аңсадың ба?
САФУРА. Иә.
НӘЗІКЕТ. Неге?
САФУРА. Негесі қалай? Адам аңсаған нәрсесінің себебін қайдан білмек. Сол, аңсағың келеді — аңсайсың.
НӘЗІКЕТ. Сен оны бұрын көрген жоқсың ғой.
САФУРА. Сондықтан да аңсайсың. Ал, қызым, жолға жүруге қалайсың?
НӘЗІКЕТ. Қайда?
САФУРА. Менің туыстарыма – Астраханьға. Жазғы каникулды сонда өткізесің. Екеуміз бірінші класты жеке каюта аламыз. Онда менің бір жақсы танысым пароходствоның белді бір басшысы боп істейді.
НӘЗІКЕТ. Мама, сен олармен қалай танысып жүрсің? Конгоның ананасын сол кісі әкеп берген жоқ па?
САФУРА. Сен оны қайдан білдің?
НӘЗІКЕТ. Оған несіне үрейлендің?.. Мен жай айта салдым.
САФУРА. А, солай ма? Мен сендерді бір нәрсе сезген екен деп қалсам… Иә, бәрін де жасап жүрген сол адам… Ал, жолға дайындаламыз ба?
НӘЗІКЕТ. Папам ше?
САФУРА. Папаңа не болады? Не, ол жас бала ма? Біз келгенше, жалғыз өзі тұра береді.
НӘЗІКЕТ (жыламсырап). Папамды жалғыз… тастағым келмейді.
САФУРА (зекіп). Болды. Боркеміктік әкеңнен жұққан ба? Қолыңды тарт көзіңнен! (Нәзікет жыламсырағанын кояды). Үш ай бойы бір қалада тұру қалай жалықтырмайды. Еділ бойымен бір ай бойы ерсілі-қарсылы қыдырып, қайтып келеміз. Тамаша емес пе? Келісесің ғой.
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32