АЛЫСТАН КЕЛГЕН АНАНАС (Драма)

Ең дәмді астан сыбаға қойса, сағынған адамың тез келеді деп, әжем марқұм ылғи айтып отыратын. Басқа бөлмеге кетіп бара жатқанда да, оның даусы естіліп тұрады. Сәлден соң абдырап жүріп Құлахметтің әлдеқалай бір қобдиша ма, қол сандық па, сол секілді ауырлау бір затты құлатып алғаны, оны қайта орнына қойып, әуреге түскені естіледі.

САПАР. Құлахмет ағай! Ананасты тым алысқа тықпаңыз.

ҚҰЛАХМЕТ (басқа бөлмеден). Неге?

САПАР. Сафура мен Нәзікет жақында кеп қалуы мүмкін. Әлдеқандай заттың тағы да тасырлап құлағаны, Құлахметтің асығыс аяқ басқаны естіледі.

ҚҰЛАХМЕТ (бөлменің есігіне сүйеніп тұрып). Қалай-қалай? Не дедің жаңа?

САПАР. Сафура мен Нәзікет жақында кеп қалуы мүмкін дедім.

ҚҰЛАХМЕТ. Сен… сен бұл жолы бірдемені біліп айтып тұрған сияқтысың.

САПАР (қолындағы хатты көрсетіп). Сіз жаңа менің сөзімді тыңдамай қойдыңыз ғой. Міне! Хат! Сафурадан!

ҚҰЛАХМЕТ. Сафура-да-ан?! Не, ол… ол келем деп пе? (Сапардың қасына келеді).

САПАР. Егер… егер бір шындықты айтсам… Сіз… сіз мені кінәламаңыз.

ҚҰЛАХМЕТ. Тағы… тағы не болды? Мен естімеген енді не қалып еді?

САПАР. Сафураның… аяғы ауыр екен… Егер сіз кешірсеңіз… Сафура қайтып келмекші… (Пауза).

ҚҰЛАХМЕТ. Солай де! Оның аяғы ауыр де!.. Егер мен кешірсем, ол келмекші де… Осы кезге шейін… нақ осы сәтке дейін ол келсе деп тілеп ем. Ал қазір… енді не десем екен? Енді не десем екен!.. (Пауза). Адам көңілі тоқсан тарау. Бір көңілім «кешпе» дейді, бір көңілім «кеш» дейді, бір көңілім «ләм» демей томаға тұйық жатыр. Қайсысының айтқанын орындағаным жөн? Сен не ақыл қосасың, Сапар?

САПАР (толқып тұрып). Мен айтсам… мен айтсам, кешіңіз, Құлахмет ағай!

ҚҰЛАХМЕТ. Өз басыңа түспесе, кешу де оңай, кесу де оңай.

САПАР. Сіз… сіз ерекше адамсыз ғой, Құлахмет ағай!

ҚҰЛАХМЕТ. Иә, мен ерекшемін! Сонда менің жазығым ерекше болғандығымнан екен ғой. Айт, айт! Тағы не қалды! Неге үндемейсің, айтсаңшы тағы да! Аз ғой, аз ғой мұның бәрі! Тағы не ұмыт қалды. Мен ерекше жаралған адаммын, маған айта беріңдер (Сапар оны сүйемек болады). Жо-жоқ! Сүйемей-ақ қой. Мен құламаймын, мен бәрін де көтерем. Құламаймын! Құласам да қайтып тұрып үйренгенмін. Қастық дейін десең — қастық емес, зұлымдық дейін десең — зұлымдық емес, атыңды атап тағы ешкім жамандық жасаған жоқ, бірақ мылтық атылмаса да, кеудеме кеп оқ тиді. Ол кімнің оғы, ол оқ неге маған тиеді? Демек, ол менің оғым, ол оқ о баста маған арнап жасалған. Маған!.. Маған!.. Маған!..

* * *

Сахна бос. Сәлден соң сырттан Сапар кіреді. Құлахметті іздеп жан-жағына қарайды.

САПАР. Құлахмет ағай, сіз үйдесіз бе? (Жауап болмайды. Ол плащын шешіп, іледі де, әлдеқандай бір заттарын чемоданға салып, жинастыруға кірісе бастайды). Мен пәтерге ордер алдым! Бір жетіден соң көшемін!

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32