Құлахмет ағай, кеше сіз жұмыстан ерте келдіңіз ғой, ұйқыңыз қанған шығар, тұрсаңызшы. Күн түс болды. (Жауап жоқ). Мейлі, ұйықтай беріңіз. Маған деген өкпеңіз әлі тарқамаған ғой. Маған несіне өкпелейсіз, менің кінәм қанша? Бар болғаны, мен сіздің пәтершіңізбін, кез келген ұнамаған сәтте қуып шығуға хақыңыз бар. (Чемоданнан бір документтерді алып қалтасына салады, сонан соң столға кеп отырады). Үйге хат жазайын. Менен хабар күтіп, апам мен іні-қарындастарымның екі көзі төрт болған шығар. Хат жазуға отырып, қолына қалам ала бергенде, есігі ашық түпкі бөлмеден Құлахмет көрінеді. Оның қолында бір буда қағаз бар. Өңі құп-қу, көзі шарасынан шыға жаздап тұр. Оның мынадай түрін көріп, Сапар шошынып орнынан көтеріледі.
ҚҰЛАХМЕТ. Ешкім жоқ! Ешкім жоқ!..
САПАР. Сіз… не деп тұрсыз?
ҚҰЛАХМЕТ. Алдамайтын ешкім жоқ. Сен де… Сен де екіжүзді боп шықтың!
САПАР. Құлахмет ағай, сіз не деп тұрсыз?
ҚҰЛАХМЕТ. Сапар! Мен саған сеніп едім ғой, сені адамдықтың пірі тұтып жүр едім ғой. Жер бетінде маған деген ақ ниетті адам екеу болса, бірі — сен, жалғыз болса, сен өзіңсің деп келмеп пе ем? Мұның не, мұның не? (Қолындағы қағаздарды умаждайды). Сапар сонда ғана не болғанын түсініп, басын ұстап тұрып қалады.
САПАР. Бұл… бұл хаттарды қалай тауып алып жүрсіз?..
ҚҰЛАХМЕТ. Сен… сен мына хаттарыңда Сафураны сүйемін депсің. О, тәңірі! Мына дүние не боп барады! Жаныңдағы құлай сенген жалғыз досың ол да саған бір бөлек, сен өзің бір бөлек едің ғой, Сапар, мұның қалай? Егер менің Сафурамды арсыз біреу тартып алып бара жатса, шырылдап ара түсетін сен емес пе ең! Енді кеп сол суық қолды адам өзің болып шыққаның қалай? Маған дегенде ойың адал, пиғылың қарам ба еді!
САПАР (оның аяғына жығылып). Кешіріңіз, кешіріңіз мені, Құлахмет ағай!
ҚҰЛАХМЕТ. Оны әуелі мен ұнаттым, онан соң Смағұл ұнатты, енді кеп сен ұнатып отырсың. Немене, бүтін бір ұрпақ ғашық болатындай ол періште ме?
САПАР. Қаласаңыз мына хаттардың бәрін сіздің көзіңізше отқа өртейін (Оның қолындағы хаттарға жармасады). Беріңіз, беріңіз маған!
ҚҰЛАХМЕТ (оған көңіл аудармай). Жо-жоқ! (Кенет басқа ойға көшіп). Тоқта-тоқта! Сен… сен оны сүйесің ғой, солай ма?!
САПАР. Жоқ, мен оны сүймеймін, Құлахмет ағай! Мен сіз үшін бәрінен де бас тартуға дайынмын. Қажет деңізші, мына пәтерге деген ордерді де отқа тастаймын!
ҚҰЛАХМЕТ (әлі де өз ойымен). Иә, сен де оны жақсы көресің. Демек, демек, ол мен қорыққандай пері емес екен ғой. Егер оған сен сияқты жігіт ғашық боп жүрген болса, ол әлі адамгершілік қасиетін жоғалтпаған, солай ма, Сапар, солай ма?
САПАР. Әрине, әрине!
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32