ҚҰЛАХМЕТ. Рақмет, рақмет саған, Сапар! Сен мені тұйыққа тіреліп, тас қамалдың ішінде жан тұтқынында жатқан жерімнен босаттың. Сен менің көзімді ашып, сергелдең ойдан сергіттің. Рақмет, рақмет саған! (Ол Сапарды құшақтайды). Ол екеуі құшақтасып жатқанда, есік алдында Сафураның тұлғасы пайда болады. Ол әлі сымбатты, сыры кетсе де, сыны кетпеген, өзін-өзі қадірлей білетін, өзін күте білетін асқақ та қарапайым кейіппен олардың бұл әрекетіне ұзақ қарап тұрады. Жүзінде толқу, абыржу, аздап жасқану да бар. Ол чемоданын жерге қойып, орамалын алып, көзін сүртеді. Сафураны ең әуелі Сапар көреді. Ол Құлахметтен босанып, оған қарап тұрып қалады. Сонан соң Құлахмет те есік жаққа мойын бұрып, өздеріне қарап тұрған әйелін көреді. Ол да оған қарсы бір-екі аттап барып тұрып қалады. Олар осылайша бірнеше секундтай үнсіз тұрады.
ҚҰЛАХМЕТ. Нәзікет… Нәзікет қайда?
САФУРА. Оқуын бітірсін деп тастап кеттім. Сапар шашылып жатқан хаттарды абыржып жинай бастайды. Ол хаттарды танып, Сафура да дір ете түседі.
САПАР. Сәлеметсіз бе, Сафура! Мен… мен сізді… (Жалтарып). Мен пәтер алғалы жатырмын. Құлахмет өз бөлмесіне кіріп, тез қайта шығады да, қолындағы түйіншектің орауын жаза бастайды. Ол түйіншектің ішінен ананасты алып, стол үстіне қояды.
САФУРА. Бұл не?
ҚҰЛАХМЕТ. Сен жақсы көретін ананас. Алыстан келген ананас! Сафура оған ұзақ қарап тұрып, жайлап басып орындыққа келеді. Оған отырады да, екі алақанымен бетін басады. Екі иығының селкілдеуіне қарағанда, оның тағы да үнсіз жылап отырғанын аңғарамыз.
Соңы
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32