НӘЗІКЕТ. Жарайды. Құлахмет шығады. Қолында жалтыратып тазаланған самаурыны бар.
ҚҰЛАХМЕТ. Міне, көрдіңдер ме қалай жалтыратқанымды. Нәзікет, сен маған көмектес. Мен оған су құйған соң бір қолыммен көтере алмаймын ғой. Сен самаурынның бір құлағынан ұстайсың, келе ғой.
НӘЗІКЕТ. Жарайды, папа. Әрине, көмектесемін (Папасының жанына келеді). Жүріңіз.
САФУРА. Құлахмет! (Олар кілт тоқтап, Сафураға бұрылады). Мен бүгін кезекті демалысымды алдым.
НӘЗІКЕТ. Папа, мен үйден су алып шығайын (Кетеді).
ҚҰЛАХМЕТ. Оны жаңа айттың ғой.
САФУРА. Иә, жаңа айттым… Біз бір айға Астраханьдағы туыстарыма барып қайтсақ қайтеді. Нәзікет те каникулында үйге қамалып отыра бермесін. Теңізде кемемен жүзіп, көңіл көтерсін.
ҚҰЛАХМЕТ (абыржып, екеуіне кезек-кезек қарап). Ім-м… Әрине… Әлбетте. Б… барыңдар. Көріңдер. Теңіз ауасы… Теңіз ауасы деген денсаулыққа өте пайдалы. Барыңдар. Туыстарыңа барма, оларды көрме деп қалай айтпақпын. Ал, сен… сен неге дірілдеп тұрсың?
САФУРА. А… мен бе, дірілдеген? Саған солай көрініп тұрған шығар.
ҚҰЛАХМЕТ. Жоқ, сен біздің ерекше көңілді сәтімізді бұзғың келмей, ауырғаныңды әдейі жасырып тұрсың. Кәне, көрейінші, сенің маңдайыңның қызуы да бар шығар-ау (Ол жақындап кеп, Сафураның маңдайын ұстамақ болады).
САФУРА (күйеуінің қолын жай ғана итеріп). Қойшы… Менің ешқандай ауруым жоқ. Жұмыстағы бір келеңсіз жай есіме түскені…
ҚҰЛАХМЕТ. Не, жұмыста сені біреу ренжітті ме?
САФУРА (жай ғана тістеніп, сыбырлай сөйлеп). Құлахмет, құдай үшін, тоқтатшы оңаза сұрақтарыңды. Оның бәрін біле берудің саған түк те қажеті жоқ. Қолында су толы шелегі бар Нәзікет шығады.
НӘЗІКЕТ. Папа, самаурынға су құя берейін бе?
ҚҰЛАХМЕТ. Нәзікет, сен… мамаңмен бірге жолға шығасың ба?
НӘЗІКЕТ. Егер сен ренжімейтін болсаң, папа.
ҚҰЛАХМЕТ. Мен неге ренжимін? Сен көңілді жүрсең, папаңның төрт құбыласы әрқашан да түгел ғой. Барыңдар, қыдырып қайтыңдар. Жолдарың болсын!
* * *
САПАР. Сөйтіп, Сафура мен Нәзікет жолға шықты. Жаз өтіп, күз болды. Бірақ, олар сол кеткеннен мол кетті. Бұл оқиға Құлахмет ағайға аса ауыр тиді. Ол кісі түнемеге ұйқы көрмей, тықыр еткен дыбысқа құлақ түріп, өзінің сүйікті Нәзікеті мен Сафурасын әне-міне кеп қалар деп күтумен болды.
* * *
Күзгі бақ іші.
ҚҰЛАХМЕТ (ол қызыл алмаларды себетке салып, жинап жүр). Сапар, бері келші (Сапар оған жақындайды). Қалай ойлайсың, мына алмалар менің көгершіндерім келгенше бұзылмайды ғой, ә?
САПАР. Әрине, әрине, бұзылмайды.
ҚҰЛАХМЕТ. Алматының апортын ұзақ сақтауға болады емес пе?
САПАР. Болады. Бір жыл сақтауға болады. Менің бір досымның апасы бақтағы ең соңғы алманы үзіп алып, сақтап қойыпты. Баламды аман-есен көретін болсам, осы алма бұзылмайды деп ырым етіпті. Үш жылдан соң баласы әскерден келгенде, сарайдағы сандығынан алманы алып беріпті.
ҚҰЛАХМЕТ (ерекше қуанып). Көрдің бе, көрдің бе мейірім деген адамға не істетпейді. Есіңде болсын,
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32