ол алманы аман сақтаған ешқандай өзге құдірет емес, мейірім. Ананың балаға деген мейірімі! Жұрттың бәрі перзентін жақсы көреді. Ал, жаңағы сен айтқан ананың махаббаты солардың бәрінен артық, бәрінен өзгеше. Сонан соң да сандық түбіндегі алма үш жыл бойы бұзылмай жатқан. Мен де ең қызыл, әдемі алмаларды көгершіндерім келгенше мұрты бұзылмастай етіп сақтап қоямын.
САПАР. Оны сарылып сақтай бермессіз. Бәлкім, олар бүгін-ақ келіп қалар.
ҚҰЛАХМЕТ. А? Бүгін?
САПАР. Несі бар, бүгін келіп қалуы да ғажап емес қой.
ҚҰЛАХМЕТ. Оны сен қайдан білесің? Әлде хат келді ме?
САПАР. Жоқ. Жалпы, мүмкін дегенім ғой.
ҚҰЛАХМЕТ. Жо-жоқ, сен менен бір нәрсені жасырып тұрсың. Немесе, бүгін келіп қалатынын сен қайдан білесің? Айтсаңшы, жасырмасаңшы менен, олар анық бүгін келе ме? Сен бар ғой, Сапар, білесің, бірақ қайтер екен деп, қасақана жасырып тұрсың.
САПАР. Құлахмет ағай, құдай шыным, мен ештеңе де білмеймін.
ҚҰЛАХМЕТ (күдерін үзіп). Солай де… Олар бүгін келмейді де… Айтпақшы, есіңде ме? Менің Сафурам ананасты өлердей жақсы көруші еді ғой, ә? Иә-иә, өлердей жақсы көретін. Жақында есік аузындағы креслода отырып мүлгіп кеткен екенмін, біреу кеп иығымнан түртеді. Мені ауыстырғалы келген кезекші вахтер екен деп көзімді ашып қалсам, қарсы алдымда мекеменің үлкен бастығы тұр. «Кешіріңіз, байқамай қалыппын», — деп орнымнан атып тұрдым. Ол иығымнан қақты да. «Әрине, кешірем. Күн ұзақ, түн қысқа, шаршап жүрсіз ғой», — деп күлгені бар емес пе? Сол кісі жақында қасымнан өтіп бара жатып. «Сіз соғыс ардагерісіз. Еңбегіңіз ұшан-теңіз», — деп тағы қуантты емес пе? Бүгін кеп айтады. «Егер таба алмай жүрген нәрсеңіз болса, ұялмай айтыңыз, көмектесейін», – деді. Сонан соң не дедім десеңші! Мен айттым — ананас керек дедім. Ол мүдіріп қалды. «Ананас? Ол… Алматыда жоқ қой», — деді. «Сол жоқ болған соң іздеп жүрмін. Бала кезімнен аңсаған жемісім еді», — дедім. Содан соң ол бетіме қарап күлімсіреп тұрды да. «Жарайды. Африка елдеріне сапарға шыға қалсам, сізге арнап бір ананас жемісін ала келейін», — деді. Егер ол ананас әкелетін болса, менің Сафурам қандай қуанар еді десеңші. Солай ма, Сапар?
САПАР. Әрине, айтарыңыз бар ма?
ҚҰЛАХМЕТ. Мына алманы қарашы. Қандай қып-қызыл! Батып бара жатқан күн сияқты (Кенет селкілдей күліп). Егер бар ғой, егер менің Сафурам болса, мынадай ғажап алманы көріп баладай қуанар еді. Ол қызыл алманы жанындай жақсы көреді. Ол сағынып жүр ғой, сөз жоқ, қызыл алмасын сағынып жүр. Сонау бір алыста қайдан қызыл алма таба қойсын ол? Айтшы, Сафура ақылды әйел ғой, ә?
САПАР. Айтарыңыз бар ма?
ҚҰЛАХМЕТ. Ол қайтып келеді ғой?
САПАР. О не дегеніңіз, әрине, келеді.
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32