түбіндегі шөп-шаламдарды тазалап жүр. Оның жалғыз қолмен жұмыс істеуге машықтанып алғаны сондай, екінші колын мүлде жоқтамайтын да секілді.
ҚҰЛАХМЕТ. Ә-ә, міне, ақыры келдің-ау сен де. Мен сені түстен бері күтудемін. Менің барлық тіршілігімнің бір ұшы саған тіреліп тұрған сияқты болады да тұрады (Ойланып). Шынында да, солай екен-ау өзі. Егер сен болмасаң, мен не істер едім, кімді күтер едім алаңдап?!
САПАР. Құлахмет ағай, басқа сөзді қоя тұрыңыз. Міне, Сафурадан хат келіпті, почта жәшігінен қазір алдым. Құлахмет сенерін де, сенбесін де білмей, Сапарға қадала қарап тұрып қалады.
ҚҰЛАХМЕТ (сыбырлағандай). Хат… Хат?
САПАР. Иә. Хат. Мінекиіңіз (Оған хатты ұсынады).
ҚҰЛАХМЕТ (есін жиып). Айттым ғой, айттым ғой, ол мені жақсы көреді деп. Ол ешқашан мені жек көрген емес. Кейде былай… нетіп, ашуланғанда зекіп қалады. Сағынған ғой, сағынған ғой олар мені! Кәне, ашшы, оқышы өзің!
САПАР. Құлахмет ағай, жұбайыңыздың хатын мен оқығаным қалай болар екен, әлдеқандай құпиясы болып жүрсе…
ҚҰЛАХМЕТ. Жо-жоқ, оқи бер. Мен саған сенемін, сенген жерде құпия болмайды. Оның үстіне сен Сафураның жазуын жақсы танитын сияқты едің ғой… Менің Нәзікетім қандай болды екен? Ол өсіп кеткен шығар. Ол нағыз әдепті, нағыз мейірбан, әдемі қыз болады. Ал, оқы. Сапар конвертті бір шетінен жіңішке етіп жырта бастайды. Құлахмет конверт ішінен бомба шығатындай дірілдеп, қатты толқып тұр.
САПАР (хатты оқи бастайды). «Құрметті Құлахмет!..»
ҚҰЛАХМЕТ. А? Құрметті Құлахмет дейді? (Күліп). Құрметті Құлахмет! Айтады, айтады ол. Ол бар ғой, әдейі, әдейі менің қытығыма тиіп отыр. Иә, әрмен қарай.
САПАР. «…Аман-есенсің бе? Хал-жағдайың жақсы ма? Ана пәтерші жігіт әлі сенімен бірге тұрып жатыр ма? Біздің жаңалығымыз жоқ. Нәзікет аман. Жақын арада барып қалармын. Нәзікетті әуре қылудың қажеті жоқ шығар. Өйткені… мен ол жақта…»
ҚҰЛАХМЕТ. Сапар, сен неге үндемей қалдың? Қолдарың неге дірілдеп барады? Аман ба екен өздері, әйтеуір?
САПАР. А… иә-иә, аман-есен. Келеміз депті… Ол жақта алмалар піскен шығар дейді.
ҚҰЛАХМЕТ. Әлбетте, әлбетте! Ол ессіз емес деп айттым ғой мен… Олар, сөз жоқ, келеді!
САПАР. Мен хатты әрі қарай оқи алмадым. Сафура Құлахмет ағаймен ажырасатындығын айтыпты… Сөйтіп, біз Сафураның келуін күттік. Қала ұйқыға еніп, көшедегі жүріс басылған шақ болатын. Әдеттегідей Құлахмет екеуміз бақ ішіндегі шатырда отырдық. Осы кезде қақпа сарт жабыльт, Сафура кіріп келді. Оның соңынан ұзын бойлы ер адам көрінді. Баяғы аула іші.
САФУРА. Қорықпа, жүре бер, ит байлаулы.
ҚҰЛАХМЕТ. Сафура, келдің бе, келдің бе, әйтеуір!? (Ол әйелін құшактай кетеді).
САФУРА. Болды, болды, жетеді! (Қасындағы кісіге қарап). Смағұл, сен неге селтиіп қалдың, үйге жүр.
ҚҰЛАХМЕТ.А-а, кешір, кешіре гөр мені, Сафура-ау! Қайдан… қайдан ғана білейін сенің қасыңда қонақ бар екенін.
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32