Сасқалақтап жүргенде… Сіздің есіміңіз Смағұл бола ма? Жүріңіз, жүріңіз үйге. Кәне, чемоданыңызды маған беріңіз. Иә, солай. Сапар-ау, сен неге қалшиып қалғансың, Сафура апайың келді ғой, қонағы да бар. Келсеңші бері!
САПАР. Сәлеметсіз бе, Сафура апай?
САФУРА. Ә-ә, сәлемет пе? Қалай, жұмысың… жақсы ма?
САПАР. Жаман емес.
СМАҒЛ. Біз бұл жерде көп кідірмеспіз деп ойлаймын?
САФУРА. Әрине, әрине…
ҚҰЛАХМЕТ. О не дегендеріңіз, бұл қай айтқандарыңыз, қымбаттыларым-ау! Көп кідірмеспіз дегендерің қалай? Сәке…
СМАҒҰЛ. Смағұл Толыбаевич деңіз…
ҚҰЛАХМЕТ. Кешірерсіз… Смағұл Толыбаевич… сіз, немене, сонша асығыс па едіңіз? Отырсаңызшы, тым болмаса, мына дастарқаннан дәм татыңыз. Сафура, бөтен үйге келгендей состиып тұрғаның не? Үйге келген қонақты жатырқатпасаңшы. Міне, сен жақсы көретін қызыл алмаларды мен жаз бойы жинаған жоқпын ба? Көбісі шіріп те кетті. Алма құрғақты сүйетін жеміс қой, егер оны сабан салып сақтаса…
САФУРА. Тоқтатшы мылжыңыңды!
ҚҰЛАХМЕТ (селт етіп). А? Не? Ол не мылжың? Ол мылжың емес. Ол — шындық. Сабан салып сақтамаса, алма деген жеміс тез шіріп кетеді… Мен оны сендерге сақтадым. Айтпақшы… Нәзікетті неге ертіп келмегенсің, ол неге қалды? Ол папасын сағынбады ма? (Жауап болмайды). Айтсаңшы, «Папасын сағынбады ма?» деймін?
СМАҒҰЛ. Сафура, жауап берсеңші!
САФУРА. Артық сұрақтың керегі не?
ҚҰЛАХМЕТ. Сапар-ау, Сафура не айтып тұр? Сен… Сен есіттің бе, әлде менің саңырау болғыр құлағым тас боп бітіп қалған ба? Смағұл То… Толыбаевич, мүмкін сізге анығырақ естілген шығар, сіз оған жақын тұрсыз ғой? Артық сұрақ дегені рас па?
СМАҒҰЛ. Жо-о… Иә-иә, рас, солай дегені рас. Сіз… немене, ауыр алып қалдыңыз ба? Нәзікет… Нәзікет оқып жатыр. Кейде ол сізді ауық-ауық еске түсіріп…
САФУРА. Смағұл, жетер енді! Жас баланың былдырын сөз еткелі отырмысың? (Құлахметке). Ал, сен жоқтан өзгені қазбалай берме!
ҚҰЛАХМЕТ. Сафу… Сафура-ау, сонда маған Нәзікетті де сағынба дейсің бе? Ол үшін… ол үшін мына менің кеудемдегі жүрек емес, қара тас болуы керек қой, қара тас! Бұлай деуге сенің дәтің қалай барады, сағыныш дегенді үйрететін сен емессің бе, сен анасың ғой!.. Нәзікетім, Нәзікетім менің! Ол менің өмірімнің алданышы ғой, үмітім ғой!..
САФУРА. Мәссаға-ан! Сен бұлай сұлу сөйлеуді қайдан үйреніп алғансың? Мұның бәрін құлағыңа құйған анау пәтерші досың шығар?!
ҚҰЛАХМЕТ. Сен оны араға кірістірме, Сафура. Саған айтатын сөзді үйрету былай тұрсын, жұмысынан қолы босамайды. Тек демалуға шыққанда ғана сен туралы сөйлесіп жүрмедік пе? Иланшы сөзіме, ол сені шын жақсы көреді.
САФУРА. Сен… Сапар, кешір мені. Әйел адам ашуланғанда артық сөздерді де айта салады. Менің сөзіме ренжіген жоқсың ба?
САПАР. Кешірім өтінетіндей сіз менің алдымда кінәлі бола қойған жоқсыз ғой. Мен тек…
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32