САФУРА. Иә, сен тек?..
САПАР. Мен тек… сізді дәл осындай қалыпта көремін деп ойламап едім. Сіз өзіңізге ұқсамайсыз. Өзгенің ролін ойнап отырған сияқтысыз. Мен сол үшін ренжимін. Ал, бұл ренішімді тарқату сіздің қолыңыздан келмейді, өйткені сіз бәріне бел шешіп кеп отырсыз. Кісі күлерлік нәрсе екен-ау! «Менің ренішімді тарқату!..» Менің ренішімнің сізге қаншалықты қатысы бар еді десеңізші!
ҚҰЛАХМЕТ. Ту-у, Сафура, Сапар, сендерге не болған, түге? Дәл қонақ келіп отырғанда… Басқа уақытта да екеуің айтыса жатасыңдар ғой. Сәке… а-а, Смағұл Толыбаевич, сіз басқаша ойлап қалмаңыз, бұл өзіміздің арамызда бола беретін әңгіме ғой, тәйірі. Кәне, доғарайық мұны, сіздер жолдан шаршап келдіңіздер ғой…
САФУРА. Сапар, аз ғана уақытқа қыдырып келсек қайтеді? Бұл кісілердің құпия әңгімесі бар.
САПАР (иығын қозғап). Несі бар, қыдырып келсек, қыдырып келейік (Кетеді). Бақтың басқа бір шетіндегі көрініс. Сапар мен Сафура сәкі үстіне жайғасады.
САФУРА. Ах, бүгін табиғат қандай тамаша!
САПАР (селқос). Иә, өте тамаша.
САФУРА. Сапар, сен маған сұрақ қойшы. Есітіп отырсың ба, сұрақ қойшы деймін.
САПАР. Сұрақ? Менің сізге қояр сұрағым жоқ.
САФУРА. Онда, мен секілді аспанға қарашы.
САПАР. Ол жақта сұрақ көп пе екен?
САФУРА. Айтшы, сонау көз ұшында жымыңдаған жұлдыздар мәңгілік пе?
САПАР. Мәңгілік делік. Оның бұл араға қандай қатысы болуы мүмкін?
САФУРА. Иә… Ол жұлдыздар мәңгілік! Олар мәңгі жасайды. Бұдан сан миллиард жылдар бұрын тап осылай жымыңдап тұрған, әлі тұр. Бұдан кейін де тұра бермек. Олар сан жетпес ұлы оқиғалардың көрінісі. Оһ! Олар қандай бақытты еді, шіркін! Ал, біз ше? Елу жыл, мейлі, жүз жыл бола-ақ қойсын, тіпті, кісі күлерлік үлес емес пе? Елу жыл! Кейбіреулер мына аспан астындағы тіршіліктің қыры мен сырына қанықпай жатып-ақ қыршын кетеді. Елу жыл! Бұл не? Міне, мына жапырақтар төбемізден төгіліп тұр. Елу жылда осындай жапырақтарды елу-ақ рет көресің, елу-ақ рет қар басасың. Сол да үлес пе? Адамға келгенде жомарт табиғат қандай сараңдық жасаған еді! Ал, жұлдыздар… (Ол тағы күрсінеді). Олар бақытты!..
САПАР. Сіз қайдағыны айтып қайғырмаңыз, Сафура апай. Сонау көктегі жұлдыздарда неміз бар, жердегі тіршілікті әңгіме етейік те.
САФУРА. Сен сонша неге асығып отырсың? Мен саған бұл түнде тек жұлдыздар жайлы ғана айтқалы оңаша шығып отырған жоқпын, жердегі өмір жайлы — өз өмірім жайлы сырымды ақтармақпын. «Бұл қалай болады», — деп сенен ақыл-кеңес те сұрамаймын. Иә-иә, тіпті, сөйлеспей-ақ та қоюыма болар еді. Жер бетіндегі әрбір адам өз қалауынша тіршілік етуі керек қой. Айтшы, мен туралы дәл қазір не ойлап отырсың?
САПАР. Ештеңе де.
САФУРА. Ештеңе де?! Өтірік, жалған! (Ол ахахалап күледі). Менен ойындағысын жасырмақ болады!
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32