ДУЛАТ ИСАБЕКОВ, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері: ӘЛЕМ ХАЛЫҚТЫ ТЕАТР МЕН КИНО АРҚЫЛЫ ТАНЫҒАНДЫ ҚАЛАЙДЫ

– Өткен жылы сіздің Михаил Булгаков туралы жазған пьесаңыз Петерборда қойылды. Жаңылыспасақ, әзірге шығармасы шетелдерде сұранысқа ие болып, қазақ драматургиясының көкжиегін кеңейткен өзіңіз ғанасыз… 

– Негізі Сұлтанәлі Балғабаевтың шығармалары да шетелдерде жүріп жатыр. Бірақ, жуырда Қазақстан ав­торлар қоғамының төрағасы Марал Ысқақбаев «ең үздік драматург» деген номинация бойынша Өмірбек Боранбаевты атапты. Шын мәнінде бізде Боранбаевтан да мықты дра­матургтар бар ғой. Әлгі Сұлтанәлі Балғабаевтың өзі, мысалы, деңгейі әлдеқайда жоғары қаламгер. Кейін бір ұшырасып қалғанымда Марал Ысқақбаевқа: «Әй, Мәке, Сәкен Жүнісов қайтыс болып кеткен соң құдайларың беріп, ойға келгенді істеп жатырсыңдар-ау. Ол тірі тұрса, айғайлап, шындықты айтып шығатын еді, ол кезде мына басың иығыңда тұрар ма еді, тұрмас па еді…» дедім… Ол кісі күлді де қойды.

Негізі бізде кейде еңбек дұрыс бағаланбайды. Мен мысалы, Петерборға барып, әлгі пьесамның премье­расына қатысып келгенімде осындағы қаламгер әріптестерімнің ешқайсысы «құтты болсын» айтқан жоқ. Тіпті, «қалай өтті?» деп, сұрап, назар аударған да жоқ. Құдды естімеген, білмеген адам сияқты. Осыны байқағанда ойланып қалдым…

– Бәлкім, шынымен естімеген шығар?..

– Қалай естімесін, естиді ғой. Барлық газет-журнал жазып, теле­арналар сүйіншілеп көрсетіп жатты емес пе?

– …Естуімше, Қалихан Ысқақов сізді «Жалғыз» деп атаған екен. Неге?

– Ол рас. Өйткені, маған «жалғыз жүресің» дейтін. Оның үстіне Асқар Сүлейменов туралы «көп ішіндегі жалғыз» дегенді мегзеп, «Эмигрант» деген естелік жаздым ғой. Бірақ ол ешқашан эмиграцияға ұшырамаған. Түркіменстанға ғана барып қайтқан. Ал тұлға ретінде ешкімге ұқсамайтын, өз алдына бір төбе болатын. Көптің ішінде жүрсе де, жалғыз жүретін… Бірақ, сонда да оқшауланбауға тырысатын еді.

Бірде менің Асқар Сүлейменовке: «Көрінген адаммен кездесе бересіз. Мен соны кешіре алмай­мын. Ол биігіңізді төмендетеді, абыройыңызды түсіреді» деп өкпе айтқаным бар. Сонда Асқар Сүлейменов жарықтық: «Эй, слушай, мальчик. Приставь себе…» деп тұрып мынаны түсіндірген еді. Ол өзі со­лай көбіне орысша сөйлейтін. Мені «мальчик» дейтін. Сонда айтады: «сен Алматыда тұрасың. Өзіңмен рухани жақын адамдар әр шалғайда жүреді. Мәселен, сен Марксты іздеп қайдан табасың? Олар көп емес қой. Сондықтан, кім көрінгенмен әңгімелесуге, кейде дастархандас бола беруге тура келеді ғой». Ол осылай дейтін. Және маған ылғи да: «Арыстың суынан акула іздегенді қашан қоясың?» деп ұрсатын.

– Жазушы ретінде сіз оңаша жүріп, саяқ жайылғанды жөн көретіндерденсіз бе?

– Адамның бәрі түптеп келгенде бір-бір жалғыз. Жалғыздық, оңашалық болмаса, шығарма тумай­ды. «Ақындардың бәрі жалғыз» деп Мұқағали айтып кетті ғой кезінде. «Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда» деп Абай да айтты. «Сұм өмір абақты ғой саналыға» деп Мағжан жырлады…

style=»font-weight: 400;»>Ойлы адам өзгелер секілді ойнап-күліп, қызықтап, ішіп-жеп жүре беруі мүмкін. Бірақ, оның өз ойы өз ішінде. Қақпағы жабылған, қайнап жатқан қазан сияқты. Сол ішіңдегі ой-қазаныңа зер салсаң-ақ жалғыздығыңды сезінесің. Сырласа­тын адамның жоқтығына налисың. Кейде бәрін айтып, ішіңдегіні төгіп-төгіп тастағың келеді. Сондайда жаныңа таяныш, сүйеніш, жақындық іздейсің. Мұқағалидың Фаризаға мұң шаққаны да сондықтан ғой.

Жалғыздық туралы айтса, менің ойыма мына бір оқиға оралады. Мұқағали Тоқаш Бердияровты қатты жақсы көретін. Біздің «Жұлдыз» журналында істеп жүрген кезіміз. Төлен Әбдік екеуміз жұмыс арасында суатқа құлағандай, коктейль ішпекке редакцияның астыңғы қабатындағы барға бардық. Қарасақ, бардың ішіндегі бір бұрышта Тоқаш Бердия­ров пен Мұқағали шахмат ойнап отыр. «Әй, мыналар шахмат білуші ме еді?» – деп, таң қалдық. Сөйттік те: «жүрші, позициясын көрейік» деп, жандарына бардық. Қарасақ, екеуі өздерінше ой­нап отыр. Бірақ тақта бетінде король жоқ. «Өй, корольдарың қайда?» – дейміз біз таң қалып. Мұқағали: «Мынау баяғыда жеп қойған», – деп, Тоқашты көрсетеді. Тоқашқа қарап: «Ал сенікі қайда?» – дейміз. Сөйтсек, ол да: «Мұқағали жеп қойған», – дейді… Корольсіз шахмат ойналушы ма еді?! «Кімді жеңемін деп отырсыңдар?» – дейміз біз таң қалып. Бірақ, олар ештеңеге қарар емес. Ойынды жалғастырып отыр… Қазір ойлап қарасам, сол оқиғаның өзі көп нәрсені білдіреді екен ғой. Менің түсінігімде олар бірін-бірі іздеген. Сол себепті, шахматтың тілін жақсы түсінбесе де, шахмат тақтасында бірге отырып, жан үйлесімділігін тапқысы келген. Сонда олардың ар жағында айтылмайтын бір сағыныш болған сияқты. Ер адам болған соң «мен сені сағындым» деп айта алмайды ғой. Негізі, есі дұрыс адам корольсіз шахмат та ойнамайды. Бірақ бұлардың ойнағаны есі дұрыс болмағандық емес, олардың жалғыздығынан.

Тағы бір мысал, менің «Өкпек жолаушы» деген повесімнің бас жағындағы экспозицияға алынған бір шалдың бейнесі бар. Ол өзі Баракат деген ауылда тұрушы еді. Өзі жалаңаш кеудесіне шекпенін жамылып алып, бір қолын таяғына сүйеніп келе жата­тын. Сонда бір кісі: «Ата, қайдан келе жатырсыз? Күнде осы уақытта қайда барасыз?» деп сұрағанын көргенмін. Ол кезде алты-жеті жастағы баламын. Бірақ, ана кісінің жауабы есімде қалып қойыпты. «Ей, алыста бір кеуіп қалған құдық бар еді. Соған барып, айқайлап келе жатырмын. Бұл ауылда сөз тыңдайтын адам қалды ма?» дейтін. Кейін есейгенде сол есіме түсті. Сөйтіп, әлгі повесімнің лейтмотивіне айналды.

Сол секілді, біз де құдық іздеп жүргендерміз. Әлгі шалдың басындағы трагедия бізде де бар. Әйтпесе күнделікті тірлікте: «анда бардым, мында бардым. Құдам бүйтті, құдам сүйтті, маған анадай берді, мынадай берді» дегеннен басқа әңгіме бар ма? Көпшіліктің айтатын әңгімесі осындай ғой. Одан өзге терең ой қозғайтын нәрселер айтсаң, тыңдай алмайды. Сөйлесуге

Pages: 1 2 3 4 5 6