Бірақ жеті томдық шығарғанда өйткен жоқпын. Ешкімге жалынышты болғым келмеді. Әйтпесе, менің сөзіме құлақ асатын адамдар да бар. Айтсам, алар еді.
– «Қарғынды» қайта бастырыпсыз…
– Иә. Қазір сатылып жатыр.
– Өтімділігі қалай?
– Дүкендерде тұр. Өткенде екі күнде 20 кітап сатылғанын естідім. Осы өз редакциямыздан да күн сайын 20-30 кітапты сатып алып кетіп жатыр.
– …Жазушылық бұрын кәсіп болатын. Қазір ше?
– Жазушы дегеннің өзі бір жағынан алғанда түсініксіз мамандық қой. Расында, бұл не? Мамандық па, кәсіп пе, әлде атақ па? Бұрын, мәселен, «мен кәсіби жазушымын» дейтінбіз. Соны өзімізше масаттанып айтатынбыз. Ал қазір қарап тұрсақ, жазушылықпен ғана күн көруге болмайтын сияқты. Мысалы, адам инженер болуы мүмкін. Экономист болуы мүмкін. Кәсіби боксшы болуы да мүмкін. Ал жазушы ретінде кәсіп иесі болу, жазушылықты кәсіп ету мүмкін емес сияқты.
Адамда жан дүниенің толқуы деген болады. Мұндай толқу адамды үнсіз қалдыра алмайды. Бірдеңе дегізеді. Яғни, адам жазбай отыра алмайды. Бірақ, сонда да, мұны кәсіпке айналдыруға болмайды. Кәсіпке айналдырса, жазушы өледі. Демек, мұны кәсіпке айналдырмай, жазбауға болмайтын кезде ғана жазатын қастерлі өнерге айналдыру қажет. Әйтпесе әдебиет те былғанады. Жазушы да талантты жазушы болудан қалады.
КЕЙДЕ… КЕҢЕСТІК КЕЗДІ САҒЫНАСЫҢ
– Жазушылар Одағында 700–ден астам мүше бар. Көбі бұрынғы Кеңес кезінде қалам ұстағандар. Ал қазір солардың көбінің есімін ел білмейді.
– Шыны керек, тәуелсіздік алғаннан кейін, жазушыға қаламақы төленбейтін болған кезде «ә, енді жақсы болды, әдебиетте нағыз жазушылар ғана қалатын болды» деп қуанғанбыз. Енді кім болса сол тегін жаза бермейтін шығар деп сенген едік. Сөйтсек, қателескен екенбіз. Қайта қазір кім көрінген жазушы болып кетті. «Ерінбеген етікші болар» дегендей, замандастарымыздың көбі зейнеткерлікке шығып алғаннан кейін өлең жазып, проза жазып, кітап шығаруды ермекке айналдырып алды. Ол кітаптардың көбі өз әулетінде болмаса оқылмайды. Қолына түскен күнде де санасына сәуле беріп, ой салатын бірдеме болмағаннан кейін оның авторын есіне сақтамайды. Сондықтан да, Одақтағы жазушылардың бәрін ел танымайды. Осы 700 жазушының көп болса жиырмасын ғана халық жазушы деп біледі.
– Сіз өзіңіз, мысалы, сол одақтастарыңыздың қаншасын танисыз?
– Өзім көбін алпысқа, жетпіске, сексенге келіп, мерейтойын өткізіп жатқанда бір-ақ білемін. Немесе қайтыс болып, жерлеуге шақырған кезде ғана есімін естіп жатамын. Ал бұрын мықты қаламгерлерді бір-екі өлеңі шығысымен-ақ танып алатынбыз.
– Жаңа «қаламақы берілмейтін болғанын естігенімізде бір жағынан қуанған едік» деп отырсыз. Сіз секілді жазушы ретінде әбден қалыптасып болған, танылған қаламгерге сонда қаламақы керек емес пе?
style=»font-weight: 400;»>– Қаламақы, әрине, қажет. Қазір байқап қарасаңыз, мықты футболшылар да, хоккейшілер де миллионер болып, өсіп, байып жатыр. Ал біз, жазушылар бір бөлмені екі бөлмеге ауыстырсақ, сол үлкен жетістік болып саналады. Қоғамда мүлдем жазушы болмаса, сол футболшы, хоккейшілермен немесе әншілермен ғана халық кемелденіп, өсіп, өне алар ма еді? Осы жағын да ойлап қою керек сияқты…
– Бернард Шоу кезінде: «Мен жазушыдан әдемі, сәнді киініп жүру талап етілмейтіндіктен ғана жазушы болдым» деген екен ғой. Жазушыға қарапайым болу, орташа өмір сүру әу бастан маңдайына жазылған нәрсе шығар?
– Кім біледі. Бірақ бұрын бір кітап шығарып, бір мәшине мінетін кезіміз де болған. Қаламақы жақсы төленіп, еңбек еленетін заман болған. Ақындар мен жазушылардың басын ардақтап, оларды елдің дамуына, биліктің жаңа шешімдерін, саясатты жетілдіруге, халықты уақыт талабына қарай өсіп, биліктің соңына еруге жұмылдыруға тартатын болған. Сол уақыттың өзінде бізде мықты-мықты туындылар дүниеге келді. Шыңғыс Айтматовтың, Мұхтар Әуезовтың және басқа да қаламгерлердің шығармалары сол заманда жазылды. Биліктің, компартияның талабын орындап отырып та, қаламгерлер астыртын ұлт мүддесін көксеген, халықтың салт-дәстүрін ұлықтаған, ұлттық дүниетанымды дәріптеген туындылар тудыра білді. Ең бастысы, қаламгерлердің қарны тоқ болды. Сол себепті де, қазір кейде кеңестік кезеңді сағынасың.
ЕЛДІҢ ЖАЙЫН АЙТУДЫ АЗАМАТТЫҚ БОРЫШЫМ ДЕП САНАЙМЫН
– Соңғы жылдары театрмен шығармашылық байланыста болып жүрсіз ғой. Болат Атабаев бір журналистің театр қойы-лымдарының тәрбиелік мәні туралы сұрағына жауап беріп отырып: «Неге біз қоғамды театр арқылы тәрбиелеуіміз керек?» деген наразылық білдірген екен. Негізі, Атабаев озық ойлы азамат қой. Десе де, театрдың қоғамға ықпалы туралы сіз не ойлайсыз?
– Ескі эврипид заманында да, Софоклдың заманында да театр тәрбиенің бір ұясы болып саналған. Көне грек еліндегі алғашқы театрдың қалыптасуында да мақсат тек қана оқиғаны баяндап қою болмаған. Театр арқылы Құдайға мадақ айту, Құдайларды насихаттау, үгіттеу, қоғамды тазарту жұмысы жүргізілген.
Тәрбиелік мән дегенде біз, әрине, бір жақты қарамауымыз керек. Ол хрестоматиялық немесе педагогикалық нәрсе емес қой. Болат солай тура мағынасында қабылдайтын болуы мүмкін. Әйтпесе, театрдың бір жағы тәрбиелік құрал екені анық. Ол, әрине, сахнада тұрып алып ақыл айту немесе уағыз айту емес. Сахнадан «жаман болма, жақсы бол» я «ақымақ болма, ақылды бол» деп айқайлау емес. , Белгілі бір уақиғаны баяндап отырып, образдар арқылы адам жанындағы өзгерісті түсіндіру, сөйтіп көрерменге ой салып, пікір тудыру. Жаманнан жиреніп, жақсыдан үйренуге қойылым арқылы үндеу. Театрдың тәрбиесі деген бар болғаны – осы ғана.
– Әңгімеміздің басында сөз болған Сіздің Булгаков туралы пьесаңызда Булгаковтың «Сталин неге мені қабылдамайды?» деген сұрағына Елена Сергеевнаның: «Сен