Биыл Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы, драматург Дулат Исабековтің әлі сиясы кеппеген «Бөрте» пьесасы көрерменге жол тартпақ. Автордың айтуынша, төрт ұлы бірдей хан болған алтын құрсақты әйел туралы жазған туындысы тарихи емес көркем шығарма. Үш-төрт жылдан бері «Бөрте» тақырыбын зерттеген. Ұлы қаған атанған Шыңғыс хан туралы мәлімет көп. Алайда ізінен аңыз ерген ханның әйелі туралы дерек некен-саяқ. Жазушыны мәлім де, беймәлім Бөрте тақырыбы неге қызықтырды? Пьесаның алғашқы оқырманы айтқан алты сынды автор қалай қабылдады? Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «жылаттың-ау» дегені мақтау ма, даттау ма? Осы сұрақтарға жауап іздеп, драматургпен аз-кем әңгімелестік.
– Шыңғыс ханның өмір жолы туралы дерек көп. Осы күнге дейін түрлі фильм, телехикая түсірілді. Ал алғашқы жары, төрт бірдей ұлы хан болған Бөрте – ханша бұрын-соңды сахналанбаған кейіпкер. Тарихи тұлға туралы пьеса жазуыңызға не түрткі болды? – Бұл көптен бері ойымда жүрген дүние болатын. Біз Томириске бір жабысамыз, Ұмай анаға барамыз. Негізінен олардың бәрі қазақ емес. Бөрте – қазақ. Қоңырат руының қызы. Шыңғыс ханның әйелі. Ұлы қағанды ақылмен басқарған адам. Шыңғыс хан дүниежүзін жаулап, қаһарына мінген қолбасшы болса да, Бөртенің ақылына тоқтаған. Жорықты жоспарлау кезінде қағанға қарсы пікір айтатын жалғыз адам болған. «Батысқа тиіспе, шабуыл жасама!» деген сөзді де айтқан. Шыңғыс ханға Бөртенің орынды-орынсыз айтқан сөздері ұнамай, сарайдан қуып жібереді. Өмірінің соңына дейін сарайға келуіне тыйым салады. Бірақ Бөрте амалын тауып сарайға келіп жүреді. Осы секілді дүние көп. Сахналанатын көріністің дені – Бөрте образы. Шыңғыс хан бейнесі бір-ақ жерде ғана көрінеді. Осы күнге дейін тарихта қалған Бөртедей тұлғаны жазбау күнә секілді. Көп кітапты ақтарсам да, Бөрте туралы ешқандай мәлімет таба алмадым. «Моңғолдың құпия шежіресі» мен «Алтын топшыда» ғана ақпарат бар. Көркем шығарма болғандықтан, тарихи деректерден гөрі қарапайым мәлімет оқырманға қызық. Бөртенің де өмір жолы, басынан кешкен негізгі оқиғалары туралы «Моңғолдың құпия шежіресі» көбірек жазыпты. Басты назарға осы екі шығармадағы деректерді алдым. Егер «Моңғолдың құпия шежіресі» қателессе – менің де қателескенім. Бөрте туралы мәліметті шөп арасынан ине іздегендей таптым. 4-5 жыл ойланып, одан кейін 4-5 айда жазып шыққаннан кейін бе, «Бөртеден» кейін ештеңе жазғым келмей қалды. – Түркістан драма театрында тұңғыш рет «Бөртенің» таныстырылымы өтпек. Шығармашылық ұжыммен танысып, дайындық барысын көрдіңіз бе? Шетелден арнайы шақыртумен қойылым режиссерлері бекітілген. Олар «Бөрте» туралы біле ме? Орта Азия тарихынан алыстау еуропалық режиссерлер қалай сахналауды жоспарлап отыр? – Түркістан театры «Бөртені» қоюға дайындалып жатыр. Шығармашылық ұжыммен танысқан жоқпын. Бұл театрдың келісімшарты қызық әрі қиын болды. Екі жылға дейін еліміздегі ешқандай театрға қоюға болмайды. Театр ұжымы «Бөртемен» дүниежүзін аралаймыз деді. Ағылшын тіліне аударылып қойды. Шығармашылық құрамда