Қатысушылар:
Қамажай Омар – інісі Тим,
Тимур – інісі Ермек – інісі Наз,
Назила – сіңлісі
Гауһар – Назиланың құрбысы Кама,
Кәмила – Тимурдың сүйген қызы
Сұлтан – Тимурдың досы
Сұлухан, Светлана – Сұлтанның қасындағы қыз
Қабен
Көрші әйел
БІРІНШІ АКТ
(Сахна төрінен Қамажай мен Қабеннің тұлғалары көрінеді. Қараңғыдан шығып, олар бері жақындайды). (Қабеннің даусы).
«Мен сені үш күн бойы күттім. Адамды осылай қорлауға бола ма? Балалар оянып кетеді деп, телефон соқтырмайтын өзің. Сондықтан, бір парақ қағаз жазып отырмын. Қымбаттым-ау, күтудің де, шыдамның да шегі болады ғой. Неге келмейсің? Мені ұнатпайтын болсаң, күндіз телефонмен сөйлескенде оныңды ашып айт. Кісіні әуре-сарсаңға салып қойғаның не? Бүгін тағы да күтем. Екеуміз әуелгі келіскен жерде. Өтнемін, жүздесіп кет. Бүгін, сөз жоқ келгейсің. Өтінем, асыға күтем. Соңғы рет». Қамажай: Бір алапат сезім кіріп кеудеме, Жұлқынғанда айта алмадым деп «неге?» «Өмір деген жалғыз сенің үйің бе? Халат тастап, далаға жүр киін де», — Деді маған ыдыс жуып жатқанда. Ән естілді, Көктем кеткен жақтан ба?.. Дала кезген самал болып кеттім мен, Оралдым ба баяғы бір шақтарға, Толқын болып тулап шықтым далаға. («Екеуі қол ұстасады. Бірақ ұстасқан қолдары еріксіз ажырай береді).
* * *
(Қамажайдың үйі. Шашылған, бей-берекет көрініс. Қамажай,Омар, Тимур, Нәзила, кішкентай Ермек. Ортада Тимур отыр. Ол ішкенге ұқсайды. Алдында бөтелке).
Тимур. Кетіңдер. Бәрің де кетіңдер. Маған ешкімнің де қажеті жоқ. Өйткені, мен ешкімге де қажет емеспін. Анам болса бүйтпес едіңдер.
Қамажай. Саған не болған? Не айтып тұрғаныңды білемісің өзің?
Нәзила. Білмейді. Ол бүгін тұңғыш рет азамат болып, арақ ішіп келіп отыр. Азамат болғаныңыз құтты болсын.
Тимур. Батыр қараңды, сайрамай. Әзіліңді көтерер жайым жоқ. Бағана жұмыстан шаршап келгенімде біріңді таппадым. Құдай сендерге тек тіл берген.
Қамажай. Темір-ау, үйде болмасақ, қыдырып жүрген жоқпыз ғой.
Тимур. Қыдырып жүрсіңдер. Паркте. Жігітпен. Осы үйдің қамын ойлайтын жалғыз мен бе? (Әкелері кіреді. Бәрі тұрған орын-орындарында қимылсыз қалады).
Тимур. Ом. Наз… Қыдыр аралап жүрген екен десем, әкеміз екенсіз ғой. (Әкелері үй ортасына кеп, бәріне үнсіз көз тастайды).
Тимур. Жылаған баланың үніне қарайламап едіңіз, енді не іздеп жүрсіз? Құдайға шүкір ер жеттік. Даусымыз да шықты, дауласып та жатырмыз. Көзіңіз өтіп кетер, сұқтанбай тез кетіңіз. Кетіңіз, кетіңіз… Қамажай. Тимур… (Ол жайлап басып шығып кетеді. Оның соңынан әпкесі жүгіреді).
Тимур. Әпке-е. (Ермек оянып кетеді де, сыртқа жүгіреді).
Ермек. Әпке. Әпке.
Қамажай. Ермекжан. Әпке дегенің қалай? Мен сенің мамаңмын.
Ермек. Жоқ, сен әпкем екенсің. Менің мамам өліп қалған. Сен әпкем екенсің, әпкем екенсің.
Қамажай. Жоқ. Мен сенің мамаңмын. Әпке де, мама де, мама де. (Стол басында Қамажай, сіңлісі, сіңлісінің құрбысы тамақ ішіп отыр).
* * *
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26