Әпке

Қамажай. Ермекжан, сен не деп отырсың? Менің саған нені айтуым керек?

Ермек. Марат айтады, папаң сендерді тастап кеткен дейді. Ол ешқандай да ұшқыш емес дейді. Ол өтірік айтады ғой, ә?..

Қамажай. Кейін, кейін түсінесің, құлыным. Кейін, кейін… (Оны құшақтаған күйі басқа бөлмеге алып кетеді. Стол үстіндегі үтік қатты қызып, түтін шыға бастайды. Үйге кеше телефонмен сөйлескен Көрші әйел сөйлей кіреді).

Көрші әйел. Кешіктім-ау деймін. Әлгі балшық боп кеткір байы құрғыр командировкаға барам деп… Барсаң, бар дедім. Мен де бір бейзабраз боп… Әй, Қамажай, ойбай, өрт қой мынау…

Қамажай. Бұл үйде ешқандай да өрт жоқ.

Көрші әйел. Қайдан білейін… Басы бос әйел ерсіз аттай секемшіл келеді. Ей, саған не болған, ұйықтап тұрғаннан саумысың?

Қамажай. Жаңа Ермек даладан жылап келіп…

Көрші әйел. Өзің де қосыла ұйықтап кеткенсің ғой.

Қамажай. Иә, қосыла ұйықтап кетіппін.

Көрші әйел. Шаршайсың. Себебі… Себебі, бұл үйде батарей жоқ, батарей. Батарей – ол еркек. Қанша маубас болғанмен, еркек жарықтық – батарей. Ойбүй, «Сасқан үйрек артымен сүңгір деген». Ал, жинал. Кешігіп қалармыз.

Қамажай. Қайда?

Әйел. Концертке де. Филип Киркоров бізге жыл сайын келе береді дейсің бе? Ой, шіркін-ай, десе дегендей-ақ өзі. Телевизордан көргенде, алла-ай, жүрегім дірілдейді-әй.

Қамажай. Ә-ә, концерт бар екен ғой. Иә, иә…

Әйел. Не болды саған?

Қамажай. Жай бір… басым ауырып… мазам болмай тұрғаны.

Әйел. Концертке ше?

Қамажай. Жоқ, бара алмаймын. Көңіліңе рақмет.

Әйел. Қап, ыңғайсыз болды-ау.

Қамажай. Неге ыңғайсыз?

Әйел. Жасыратын несі бар… Мен… мен кеше бір кісіге… Кісіге емес, бір жігітке уәде беріп ем. Билетті алған да сол бейбақ. Сені концертте таныстырмақ ем. Келмейтініңді естіп қатты қапаланатын болды ғой.

Қамажай. Япыр-ай, тіпті, қапаланар күйге де жеткен бе? (Кекесінді түрде). «Білмеген адам у ішеді» деген осы ғой. Бұлай боларын байқамай қалдым. Күні бұрын кешірім өтінемін.

Әйел. Амал қанша? Мен Алмаға телефон соғайын. Өкпелеп қалып еді (Телефонға жетіп барып, тере бастайды). Алло, өзің бе-ей? Қамажай капут болды. Такси ұста да, тез сарайға жет. Иә, иә, тура қазір. Ой, құрысыншы, күйеу, күйеу деп. Екі сағат балалардың қасында отыра тұрса қатын боп қалмас. Ал, шық тез. Бақытың бар екен, ә? (Қамажайға қарап). Мен кеттім. Жақсылап шай іш. Концерттен шыққан соң кіре кетермін.

Қамажай. Жолың болсын. (Әйел шығып кетеді. Қамажай күйген костюмді орындықтың арқалығына кигізіп, сіңлісінің көйлегін алады).

Қамажай (өзіне-өзі). Концерт… Бақыт… (Көйлектің тігісін сөгіп, іс тігетін машинаға отырып, сырылдатып жүргізе жөнеледі).

* * *

(Тимур кіреді. Асығыс. Қамажай оның алдына жүгіріп шығады).

Қамажай. Темір, Теміржан. Кешірші мені. Әлгінде, Ермек даладан жылап келіп…

Тимур. Мамуля, не боп қалды?

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26