Әпке

Қамажай. Соны жұбатам деп жатқанда…

Тимур. Түу, айтсаңшы тезірек, менің бір минут та уақытым жоқ. Костюмді үтіктеп қойдың ба?

Қамажай. Жоқ… иә… жоқ… Бүлдіріп алдым…

Тимур. Бүлдіргені қалай? (Орындық арқалығынан костюмін алып, күйген жерін көреді).

Қамажай. Солай болды. Есімнен шығып…

Тимур. Көшеге киетін жалғыз костюмімді ақыры өртеп тындыңдар ма? Енді қайтемін?

Қамажай. …Алармыз.

Тимур. Алармыз, көрерміз, бір мәнісі табылар… Немен аламыз, немен көреміз, бір мәнісі қалай табылады? Бір туфли ала алмай жүргенде…

Қамажай. Қайтемін, әдейі істеген жоқпын ғой…

Тимур. Ал, бүгін немді кием? Жиынға майкамен бармақпын ба?

Қамажай. Омардың костюмін кие тұр.

Тимур. Сонда, Мәскеуге ол майкамен кетсін бе?

Қамажай. Құдай-ай, енді не істесем екен. Білдірмей жамап берейін.

Тимур. Жамап? Енді жамау костюм киюім қалған екен ғой. Түу, осы үйден бір береке таппай-ақ қойдым-ау.

Қамажай. Неге олай дейсің? Береке таптырмай жүрген кім саған? Аузыңа не келсе, соны айта салатыныңды қайдан шығарғансың?

Тимур. Жалғыз костюмім жанып кетсе, енді не демекпін?

Қамажай. Жанбаса – құрып кетсін. Костюм, костюм деп төбемді оятын түрің бар ғой. Керек болса, баратын жеріңе жалаңаш бар. Мен бір әдейі өртегендей… «Осылар ренжімесін», «Осылар қабақ шытпасын», — деп жар құлағым жастыққа тимей жүргенде, естір сөзім осы ма? Даладан ашуланып келсеңдер – маған зіркілдейсіңдер, қуанып келсеңдер – маған еркелейсіңдер. Ал, мен кімге ұрысам, кімге еркелеймін (Жыламсырап). Мен де… адаммын ғой. Көңіл жырту мата жыртудан да оңай ма сендерге. Ал, кет басыңның ауған жағына. Кет! Тимур. Қит етсе, көзінің жасы дайын тұрады бұлардың. (Костюмін қолына алып, әрі-бері қарайды. Қолын бір сілтеп, қайта орнына қояды. Телефон шырылдайды).

Тимур. Алло, а-а, Кама. Қазір, қазір. Бір шаруаға алданып шыға алмай жатырмын. Ал, ұштым. (Трубканы орнына қояды. Қамажай шығады. Ашуы тарқаған).

Қамажай. Қайда кеттің тағы? Қашан келесің?

Тимур. Мүмкін, келмеспін. Мені күтпей-ақ тамақтарыңды іше беріңдер.

Қамажай. Теміржан, байқа, төбелестен аулақ жүр… (Көрші әйел кіреді. Көңілді).

Көрші әйел. Қалай, бас қалай?

Қамажай. Қойған сияқты. Концерт жақсы өтті ме?

Көрші әйел. Айтпа дейім. Халық деген – жыш. Ана – ақ жалдар бар, қара жал – біздер бар. Қошқар көрген саулықтай, әй, маңырадық кеп. Дауыс… Дауыс деген, алла-ай, кеудең сыздайды-ей (Әндетеді).

Қамажай (Чемоданға заттарын салып жатып). Тағы да келетін шығар.

Көрші әйел. Қайдан келсін. Енді Римге кетеді. Одан Испания асады. Жұрттікі сол. Барам дейді – барады, алам дейді – алады. Біз сорлы ғой қоңырсыған қолаңсаның қасында «мияу-мияу» деп… Әй, мұндай өмірдің өлігінесс… Ойбай, астапыралла!

Қамажай. Амал қанша. Дарын деген баршаға бөліп шашылатын несібе емес.

Көрші әйел. Алла-ай, ылғи маған қарап айтты-ей. Тесіліп тұрып төккенде бүйрегіңнен қыл суырғандай

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26