Әпке

Қамажай. Иә, иә. Шығамын.

Қабен. Қашан?

Қамажай. Ертең.

Қабен. Сағат қаншада?

Қамажай. Кешкі сағат жеті мен таңғы сағат төрттің арасында.

Қабен. Сонда… тоғыз сағат бойы бір орында күтіп тұрайын ба?

Қамажай. Егер күткің келсе. Қабен. Жарайды. Келістім. Таңға шейін күтем. Тек келсең болғаны…

* * *

(Үйде Омар, Нәзила, Гауһар. Қамажай кіріп келгенде, Нәзила орнынан ұшып тұрады).

Нәзила. Жолдастар(Қамажай аңырып тұрып қалады). Біздің әпкейдің жеке мәселесін қарауға арналған үй жиналысын ашық деп жариялаймын. Түрлі себептермен жиналысқа екі адамымыз қатыса алмай отыр. Тимур қызбен кездесуге кетті. Ермек, түнгі сағат он бір болғандықтан, жиналысқа қатыса алмайтынын мәлімдеп, ұйықтауға кетті. Жиналыс ашық дегендеріңіз қол көтеріңіздер (Өзі бастап бәрі қол көтереді).

Қамажай. Ойбай-ау, сендерді… бұларың не? Мен … сәл… кешігіп қалғаным…

Нәзила. Жолдас Оспанова, отырыңыз.

Қамажай. Мыналардың дені сау ма-ей. «Оспановасы» несі? Әпке, немесе әлгі мамуля демеуші ме едіңдер?

Нәзила. Сіз бұл жайында өзіңізге сөз берілгенде айтасыз. Сонымен іске кіріселік. Осы шаңырақтың белді мүшесі, әрі басшысы Оспанова Қамажайдың өзге семья мүшелерімен ақылдаспай, өз бетінше жұмысқа орналасқаны бәріміздің ашуымызды қоздырғаны белгілі. Бұл мәселе жөнінде кімнің қандай ойы бар?

Гауһар. Мен Қамажай апайдың ертеңгі жұмыс күнімен құттықтаймын. Бірақ, бізге айтпағанына өкпелімін. Омар. Ғылыми тұрғыдан қарағанда, әрбір адам өз қоғамына қай жағынан болса да, пайдалы болуға тиіс. Өйткені қоғам – адам ойының жемісі. Қол еңбегі мен ой еңбегінің арасында айырмашылық жойылып, еңбекті творчество деп қарауға қалыптасып келе жатқан жаңа психологияның тұсында…

Нәзила. Сіз конференцияда лекция оқып тұрған жоқсыз, сондықтан нақты сөйлеңіз. Омар. Ғылымға негізделмеген дәлел әлсіз болады, сондықтан сіздерге түсініктірек болсын деп…

Нәзила. Иә, әйтеуір, тез айтып болшы.

Омар. Бұл кісінің жұмысқа орналасуы заңды, бірақ біз үшін тым күтпеген жай. Демек, біздің семьяда шығын көп те, кіріс аз деген сөз. Бұл кісі финанс тапшылығын ескеріп, ұлттық табысқа өз үлесін қосуды ойлаған. Өзіміздің әлсіздігімізді, финанс тапшылығын сезіну – бізге рухани соққы. Ал, бұл кісінің әйтеуір бір кезде қоғам өміріне араласуы тиіс екенін ескеріп, кәсіп таңдау жағына өз басым қарсы екенімді білдіремін. Бұл мәселені өз қабырғамызбен кеңірек ойласып, жедел шешім қарастыру керек.

Нәзила. Болдың ба, әйтеуір? Омар. Болдым.

Нәзила. Онда тезірек отырыңыз.

Қамажай. Е-е, міне, гәп қайда? Сендер менің жұмысқа орналасуымды намыс көріп отыр екенсіңдер ғой. Бұларың дұрыс емес. Сонда, мен үйде қол қусырып отыра бермекпін бе?

Нәзила. Жоқ, сіздің кондуктор боламын дегеніңіз ұнамайды.

Гауһар. Иә, иә. Омар. Иә, иә.

Қамажай. Бұларың дұрыс емес. Жұмыстың жаманы жоқ. Ермекжан есейді. Үйде өзі қала тұрады. (Үйге Тимур мен Сұлтан кіреді).

Сұлтан. Саламатсыздар ма? Бәрі. Саламатсыз ба? Қамажай. Түн жарымында қайда жүрсіңдер?

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26