Әпке

Түрлерің қату ғой, тыныштық па?

Сұлтан. Тыныштық. Өткен жолы ұятты боп қаппыз. Сіздерден кешірім өтінемін.

Қамажай. Иә, айып бізде де бар. Үйге келген қонақты қуып шыққандай болдық. Қарындасың балалық жасаса кешірерсің. Отырыңдар, неге состиып қалғансыңдар? Қазір шай қоямыз.

Нәзила. Сіздің ерте тұрып жұмысқа баруыңыз керек қой. Ұйықтамайсыз ба?

Қамажай. Жұмыссыз-ақ ерте тұруға үйренгенмін ғой.

Тимур. Жұмыс? Ол не жұмыс?

Нәзила. Сіздің мамуляңыз, құрметті тақсыр, ертеңнен бастап жұмысқа шығады. Автобустың кондукторы. Айлығы отыз мың теңге.

Тимур. Мамуля, рас па?

Қамажай. Рас, рас.

Тимур. Ал, біз ше?

Қамажай. Бізі несі? Онда не болушы еді?

Тимур. Біз дегенім… ім… ім-м.

Қамажай. Әй, сендерге не болған? Сөздеріңде береке жоқ қой. Бір нәрсені бүлдіргеннен саусыңдар ма?

Тимур. Мамуля…Біз… мен үйленемін.

Қамажай. Үйленемін?..

Сұлтан. Иә, үйленеді.

Нәзила. Осыған жетіп тындым де… Қош бол, бостандық!

Қамажай. Кімге?

Тимур. Камаға.

Пауза.

Нәзила. «Котенок мой хороший. Котенок мой курящий».

Тимур. Наз! Дәл қазір қалжыңдайтын ретің жоқ. Қойсаңшы!

Қамажай. Мен… мен не дейін. Бақытты болыңдар. Бірақ…

Тимур. Мамуля. Ом. Наз. Гауһар – сен де. Сендер, немене, менің үйленгеніме қуанбайсыңдар ма? Бәрі құшақтап… былай… бетімнен сүйіп, құттықтайтын шығар деп алып-ұшып келсем… Қайғылы хабар естігендей тұнжырадыңдар да қалдыңдар. Мен сендерге бөтенмін бе? (Білегіне маңдайын қойып, қабырғаға сүйенеді). Қамажай (көзіне жас алып). Теміржан, қой, мұңайма! (Келіп оны құшақтап, маңдайынан сүйеді). Сені… сені бөтен деп… Тойды жасаймыз, дүрілдетіп тұрып жасаймыз. Ақша деген табылады… Тимур (басын көтермейді). Менің Госстрахта ақшам бар…

Қамажай. Госстрах?

Нәзила. Вот страховшик! Зәлімін қарашы-ей өзінің.

Қамажай. Теміржан, көтер басыңды. Иә, жөнделіп тұр. Тоқтатыңдар күлкіні. Енді, ағаңның алдына бар. Ең әуелі соның рұқсатын алуың керек.

Тимур. Мен өзім де… солай етейін деп едім. Батылым жетпеді. (Омарға жақындайды). Ом, рұқсат бересің бе? Омар (галстугын түзеп). Ім…мм… Семья – кіші-гірім мемлекет. Оны басқару үшін жалғыз махаббат жеткіліксіз. Семья басшысының бойында ұстамдылық, көргендік, кешірімділік, мейірбандық сияқты көптеген компоненттер жинақталуы тиіс. Оған қосымша, семья басшысы нәзік дипломат болғаны да жөн. Егер осы қасиеттер…

Тимур. Ом, бұл сенің рұқсат бермеймін деген сөзің емес пе?

Омар. Егер осы қасиеттер адам бойында қалыптасқан болса…

Тимур. Қалыптасқан.

Сұлтан. О-о, қалыптасқан, қалыптасқан. Үш айлық болды!

Омар. А?.. мұндай жағдайда, мен өз тарапымнан інімнің үйленуіне рұқсатымды беремін.

Сұлтан. Ура, жолдастар!

Нәзила. Гип-гип, ура!

Қамажай. Сұлтан-ау, сонда, той қашан болмақшы. Асығыс емес пе, әйтеуір?

Сұлтан. Жоқ, асығыс емес. Дайындалуға уақыттарыңыз бар. Бес күннен соң.

Қамажай. Бес күннен соң?! Ойбай-ау, асығыс болғанда қандай болмақшы сонда? Енді қайттім? Дайындалу керек, оны-мұны сатып алу керек… Ертең жұмысқа шығатын едім…

Нәзила. Бір күнге сұранасыз да.

Қамажай. Шықпай жатып па? Қызық болды-ау, өзі.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26