Телефон соғып ескертейін десем, әлі ешқайсысын да танымаймын. Ертең ерте тұрып барып айтармын енді.
Сұлтан. Сонымен, ертең автобустар кондукторсыз жұмыс істейді.
* * *
(Түн. Бақ ішіндегі сәкіде Қабен отыр. Сағатына қарайды. Темекі тұтатады. Орнынан тұрып, әрі-бері жүреді. Қамажай Қабенге келеді).
Қабен. Япыр-ай, сен, шынымен, келдің бе?
Қамажай. Көріп тұрсың ғой.
Қабен. Кейде өз көзіңе сенгің келмейтін кезің болады екен. Сені көрмегелі қашан? Осы күндердің бәрінде де менімен бірге болдың, Қамажай. Айтшы, сен мені ойладың ба?
Қамажай. Қолым тимеді.
Қабен (күліп). Міне, тамаша! Ойлағың келіп еді, бірақ қолың тимеді. Егер қыруар жұмыстан сәл ғана қолың қалт етсе, мені ойлайтын едің ғой, солай ма? Қамажай. Тіпті, ол да мүмкін.
Қабен. Маған осы да жетеді. Мен үшін бұл сөз «сүйемін» деп мың рет айтқаннан да қымбат.
Қамажай. О, о-о! Сен тіпті, алқына сөйлеп, алыстап барасың ғой. Егер. «Қолым қалт еткенде сені ойлауым да мүмкін», — деген сөзім «сүйемін» деген сөзден мың есе қымбат боп көрінетін болса, онда бар ғой, мен еш уақытта қолымды қалт еткізбеуге тырысамын.
Қабен. Тамаша! Айта бер, сен қандай сөз айтсаң да, тыңдай беруге дайынмын. Мұнда кеп отыршы. Қамажай, мен бар ғой, мен… қалай айтсам екен… «Жақсы көремін» десем, жұрттың бәрі солай дейді, «сүйемін» десем, оны қазір екінің бірі айтатын болды. Сенің… сенің жұлдызың менімен егіз жаралған сияқты. Сен болмасаң, мен өзімді жалғыз қалған жетім баладай сезінемін. Сенесің бе осыған?
Қамажай. Е-е-е! Болмайды. Сен мені адастырып барасың ғой.
Қабен. Болады. Болады, Қамажай. Айтшы, сен бес минут тып-тыныш отыра аласың ба? Жарайды, үш минут. Қамажай. Әрине.
Қабен. Уәде – құдай аты, оны бұзуға хақың жоқ. (Қабен оны құшақтайды. Осылай ұзақ отырады. Қамажайдың қолы дірілдеп, оның шашынан сипағандай болады. Жарық сөнеді).
* * *
(Қабен мен Қамажай есік алдына келіп тоқтайды).
Қамажай. Міне, енді үйге де келдік. Енді қоштасайық.
Қабен. Бірнеше күн бойы жолыңды тосқанымда маған арнағаның осы бір-ақ сағат болғаны ма? Біраз жүре тұрсақ қайтеді?
Қамажай. Жоқ. Мен болмасам кішкентайымыз ұйықтамайды.
Қабен. Ал… менің… әлгі сөзіме сол күйі жауап бермедің ғой.
Қамажай. Қабен…ол…ол қиын сияқты. Бір сағатқа қиып тастап кете алмай тұрған інілерімді өмір бақи қалай қиямын. Мен… мен олардың әпкесі емеспін, анам көз жұмған сәттен бастап мен оларға ана болғанмын. Саған үйлену керек… Ал, маған інілерім мен сіңлімді тәрбиелеу керек.
Қабен. Қамажай, сен уайымшылсың. Қойшы, осындай сөздеріңді. Екеуіміз үй болған соң кішкентай Ермекті қолымызға аламыз.
Қамажай. Маған қалғандары да кішкентай. Қабен. Онда бәрін де қолға аламыз. Қамажай (күліп). Жо-жоқ. Ол болмайды. Мүлде қисынсыз.
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26