Әпке

Қабен. Қамаштай (Құшақтамақ болады).

Қамажай. Қой, бала болмайық. Бізге бала болу жараспайтын секілді.

Қабен. Сен жасыңа жетпей егделікке бой ұрмасаңшы. Кәрілік қайда қашады дейсің?

Қамажай. Мен сені түсінемін. Бірақ, амалым не? Үйдегі төртеуі төрт азамат болмай, өз басымның қамын ойлауға хақым жоқ. Өз жөнін тауып, әке кетті, талқаны таусылып, шеше байғұс арманда ол кетті. Тағдырдың соққысынан есеңгіреген естерін енді жинап, көкіректерінен қайғы ұмыт бола бастағанда. «Не болсаң, о бол», — деп өз жөніме мен кетсем, олардың күні не болмақ? Жо-жоқ, Қабен, кешір мені. Бақытыңа кедергі болғым келмейді. Сенің жолың басқа. Інілерімнің біреуі шығып қалса, ұят болар. Сау бол. Таңертең ерте жұмысқа баруым керек. Өмірімде бірінші рет (Күледі). Балалардың тамағы бар, жуатын киімі бар. О-о, тірлік деген бастан асып жатыр.

Қабен. Жұмысқа өзім-ақ орналастыратын едім ғой.

Қамажай. Егер жұмысқа сен орналастырсаң, мен саған борышты боламын. Тұрмысқа шықпаймын деп айту қиын боп қалады.

Қабен. Мүмкін, әлде де ойланарсың?

Қамажай. Ойланып болғаным осы.

Қабен. Тағы да күте тұрайын.

Қамажай. Жоқ, күтпей-ақ қой. Ал, сау бол. Қош. Қош!

ЕКІНШІ АКТ

(Баяғы үй. Барынша қатты қойылған музыка астында жастар биі қыза түскен, ішінде Тимур, Кәмила, Сұлтан, Светлана бар. Би ережесі сақталып жатқан жоқ. Нәзила мен Гауһар кіреді).

Нәзила. Мәссаған! Бұл не жынойнақ тағы?

Кама. Бұл жынойнақ емес. День хорошего настроения!

Нәзила. Жоқ жерден мереке ойлап таба қоятын данышпан екенсіңдер ғой.

Светлана. Біле білген адамға, деннің саулығында өтіп жатқан әрбір күн – мереке.

Нәзила. Дұрыс, дұрыс. Билеңіз, билеңіз. Сіздің әрбір күніңіз мереке болсын деп, деніңіздің саулығына ылғи қуанып, түн жарымына дейін жігітпен секеңдеп билесін деп, арғы аталарыңыз бен әкелеріңіз майданда қанын төккен. Билей беріңіз.

Қамажай. Нәзила-ау, қойсаңшы. Теміржанды тағы да ренжітіп аламыз ғой.

Нәзила. Ол ренжиді деп енді үйден беземіз бе? Бәріміз бірдей оның әуеніне төңкерілгенде, ол біздің көңілімізбен неге санаспайды? Тимур, тоқтат енді! Жетер секеңдеуің! Ата сақалың аузыңа біткенше ұшып-қона беруден ұялсаң етті. Есің кіретін кез бола ма, жоқ па?

Тимур (Қамажайға). Ма… мамулям… мен мына қызды терезеден лақтырып жіберемін.

Қамажай. Лақтырғаны несі?

Тимур. Кәдімгідей. Мені жолдастарымның алдында абыройдан жұрдай ғып бітті (Нәзилаға қарай жайлап қозғалады).

Қамажай. Теміржан, бір ашуыңды бер. Біз бесінші қабатта тұрамыз ғой.

Нәзила. Әпке, ара түспеңіз. Лақтырып көрсін. Ал, лақтыр. Лақтыр деймін енді. Лақтыра алмайсың ғой, қорқақ, жүрексіз. Мен болсам, лақтыра салар едім.

Кәмила. Тим, сонда біздің өз үйімізде қонақ күтіп, көңіл көтеруге де хақымыз жоқ па?

Нәзила. Бар. Бірақ бұл үйде жалғыз сендер ғана емес, бәріміз тұрамыз. Өзгелермен де санасу керек емес пе? Жақында Ом диссертация қорғайды, әпкем жұмыстан шаршап келді, мына бөлмеде бала ұйықтап жатыр.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26