Билегіш боп бара жатсаңдар ресторанға барыңдар.
Светлана. Онда, сіңлім, ревизия жүріп жатыр.
Нәзила. Онда «Тастаққа» кетіңдер, тауға өрмелеңдер немесе айдалаға барып билеңдер. Ол жақта ревизия да, ремонт та жоқ.
Светлана. Қызғаныштан ішің өртеніп барады ғой, ә? Одан да бір жігіттің етегінен ертерек ұста. Сонда өзгелермен ісің болмайды.
Нәзила. Байқауымша, сіздер мықтап ұстаған болуларыңыз керек.
Светлана. Ол біздің шаруамыз. Айтшы, сіз неге далаға шықпайсыз? Әлде, сіз де әпкеңіз секілді үй бағуды жөн көрдіңіз бе?
Нәзила (тістеніп). Тым болмаса, шолақ ақылыңыз бар ма деуші едім, ол да жоқ екен ғой. Сізге сөз әуре қылмаймын (дауыстап). Шығыңыз үйден.
Светлана. Мына қыз бізді тағы да қуып шықты. Кетейік, жолдастар. (Бәрі шығады).
Тимур. Сұлтан, Светлана! (Кәмила креслоға отырып, солқылдап жылап жібереді).
Қамажай. Құдай-ау, маған бәрің де бірдейсіңдер. Қайсыларыңның сөзіңді сөйлерімді білмей басым қатты ғой.
Нәзила. Әпке, басыңызды қатырмаңыз. Ермектің қасына барыңыз. (Қамажай кетеді. Іштен Омар шығады. Қолында портфелі бар, киініп алған).
Нәзила. Иә, саған жол болсын?
Омар. Жұрт кетіп қалған ба?
Нәзила. Біз сені жұмыс істеп отыр екен десек, ұйықтап тұрғаннан саумысың?
Омар (таңданып). Кәмила неге жылап отыр? Нәзила. Адам тек реніш-қайғыдан ғана жыламайды ғой, қуаныштан да жылайды.
Омар. Иә, ол не қуаныш?
Нәзила. День хорошего настроения!
Омар (иығын қомдап). Сенің сөзің мен шындық көріністің арасында байланыс жоқ сияқты. Жарайды, мен кеттім. Ертеңге дейін мақаламды бітіруім керек. «Ғылым академиясының хабаршысына» осы аптада бітірем деп уәде беріп едім.
Нәзила. Оған қарсылығымыз жоқ. Айтпақшы, Гауһар, сен де бірге қайт. Бүгін бәрібір бірігіп сабақ оқуға көңіл күйіміз соқпас.
Гауһар. Япыр-ай, мен құтты қонақ бола бермедім-ау…
Нәзила. Ом, Гауһарды үйіне дейін апарып салғаның жөн. Диалектикалық материализм тұрғысынан қарағанда…
* * *
(Сахнада жарық сөніп, қайта жанады. Қамажай тамақ дайындап отыр, Кәмила журнал оқып жатыр).
Кама. Мамуля, скажи честно, сенің жігітің бар ма?
Қамажай (күледі). Оны қайтем?
Кама. Как қайтем? Қыдырасыз, көңіл көтересіз. А то. Үйде отыра бергеннен адам жалығады ғой.
Қамажай. Жо-жоқ, мен жалықпаймын. Сендермен қатар жүріп кісі жалығушы ма еді?
Кама. Сонан соң, қаладағы автобустар жақында кондукторсыз жұмыс істейді екен, сонда қайтесіз? Қамажай. Тағы бірдеңе табылар. Есіңде болсын (Күліп), тұрғындарды еңбекке орналастыру бюросының белді қызметкері мені қамқорлығына алуды уәде еткен.
Кама. Жас па? Қамажай. Жо-жоқ, қайдағы жас? Елуден асып қалған.
Кама. Біреу-міреуге алимент төлемей ме екен?
Қамажай. Онысын қайдам? Қайырымды кісі сияқты.
Кама. Білеміз ондайларды. Енді сіздің есіңізде болсын. Елуден асқан еркектің жас әйелге деген қайырымдылығы қармаққа жем салып, ақ шабақты асырамақ болған балықшының пиғылымен тең (күледі).
Қамажай. Айтпақшы, сен бір… аяғым ауыр деуші едің. Қазір ештеңе демей кеттің ғой.
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26