Әпке

Кәмила, сен де кешір, жаным. Ашумен байқамай… басың жас қой, әлі талай көтересің.

Тимур. Кама, бол тез!

Қамажай. Теміржан. Бір ашуыңды берсеңші. Сендерге жамандық ойлаған жерім бар ма еді? Саған лакталған туфли әкелдім. Көресің бе? Міне!

Тимур. Керегі жоқ. Өзім-ақ аламын.(Туфлиді столға қоя салады).

(Үйге Омар, Нәзила, Гауһар кіреді. Нәзила кірген бетте жүгіріп кеп, Қамажайды құшақтай алады).

Нәзила. Әпке, не болды саған? Көзіңдегі жасың не?

Қамажай. Екеуі… екеуі кетеміз деп жатыр. Қой десеңдерші. Омар, сен неге үндемейсің?

Омар. Мен… осылай боларын білгенмін. Ақыл айтсаң, азғырғандай көріп, жүре тыңдайтын адамға сөз әуре ғып керегі жоқ. Мен бұл дауға араласпаймын. Бір күні өздері түсінеді.

Қамажай. Бәрі өз бетімен. Жүректерің мұз боп кеткен бе, түге?

Нәзила. Жыламаңыз. Барсын кетемін десе.

Гауһар. Өз әпкеңізді осынша жылатып, сізге не болған?

Тимур. Ә-ә, сізге де тіл бітейін деген екен ғой. Менің әйелім сыйыспаған үйден жайлы орын тапқан екенсіз. Маған деген ашуыңыздың сырын түсінем. Менің кінәм сізге балмұздақ әпермегенім, кешкі баққа шақырмағаным ғой. (Гауһар бетін басып жылап, үйден сытылып шығады).

Тимур (оның соңынан айғайлап). Комментатор жігітіңе сәлем айт.

Нәзила. Түйсіксіз! Оның көңіліне неге тиесің? Ол жетім өскен қыз.

Тимур. Бәріміз де жетімбіз.

Нәзила. Бірақ, сен жетесізсің.

Тимур. Доғар енді. Бұл жолы кешірмеймін. (Тап береді).

Қамажай. Теміржан, құлыным! Қарындасыңа қалай қол көтермексің?

Тимур. Келініңізге сіз қалай қол көтердіңіз? (Нәзила бетін басып, орындыққа барып отыра кетеді). Осы үйде татулықтың ұйтқысы болудың орнына…

Қамажай. Иә, мен… іріткі салып жүрмін?

Нәзила. Ана орнына ана боп, түн ұйқысын төрт бөліп, жастық шағын ұмытқан әпкеңе осылай десең, сенен түңілмей кімнен түңілмексің? Кет, жоғалтыңдар көздеріңді. (Олар шығып кетеді.)

Қамажай. Енді қайттім, енді қайттім?.. Бір шаңыраққа ие бола алмағаным ба? «Теміржан мен келінімді неге сыйыстырмадың?» — десе, анама не деймін? Не бетімді айтам?

* * *

(Нәзила мен Гауһар сабақ оқып отыр).

Гауһар. Осыны жаттайсың кеп, жаттайсың, бәрібір ертең естен шығып кетеді. Біз осы шет тілінің маманы бола алмайтын шығармыз.

Нәзила. Жарайды, бүгінге осы да жетер. Бас тынықтырайық. Айтпақшы, комментатор жігіттен хабар болмай кетті ғой. Жолығып тұрасыңдар ма?

Гауһар. Келіп тұрады.

Нәзила. Сүйемін деп айтты ма?

Гауһар. Жоқ.

Нәзила. Неге?

Гауһар. Мен ыңғай бермей жүрмін. Алғашқы кезде бір түрлі ішім жылитын сияқты еді, қазір мүлде селт етпеймін. Өйткені, оның бойында табиғилық жоқ. Барлық қимылы, айтар сөзі тіпті, темекі тұтатқанына дейін алдын ала ойластырып қойған секілді. Оның үстіне, ол өзін тым сылап-сипап, көрікті боп көрінуге тырысады.

Нәзила. Оның несі жаман?

Гауһар. Сұлу еркектен жек көретінім жоқ. Және ылғи да иіс су жағып келеді.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26